Біздің, яғни журналистердің Қасым Аманжолов айтқандай, «өзге емес, өзім айтам өз жайымды» дейтін уақыттары жақындап келеді. Әдетте өзгелер туралы көсіле жазатын, еңбегін елейтін, жетістіген мақтайтын журналистер қауымы өз мерекелерінде өздері туралы қалам тербей қоймайды. Ал жаза қалсақ, біздің газетте бұл жұмыс маған жүктеледі. Әр жыл сайын «мұғалжарлықтар» туралы жазып шығуды өзім қолға алмасам, әріптестерім «өз өзімізді жазып жатқанымыз ұят-ты» деген ұяңдықты алдыға салады. Ал бүгін мен әр апта сайын қолыңызға тиетін «Мұғалжардың» жоспарлаудан жарыққа шығуға дейінгі жолында тер төгетін жандарды таныстырып шықпақпын. Сіз үшін ақпарат іздеп, кейіпкер тауып, күн тәртібіндегі тақырыптарды ашатын, бар мен жоқты айтатын, елінің патриоты, жерінің жанашыры журналистер қауымын біле жүріңіз, оқырман!
Жауапты хатшы Әсел
«Мұғалжар» газетіндегі әрі жауапты хатшы, әрі аға тілші қызметін атқаратын Әсел Абданбаеваны білмейтін оқырманымыз кем де кем болар, сірә. Орыс тілінде жазылған, астына «А.Аден» деп қол қойылған мақаланың барлығы – осы жанның қаламынан шыққан туындылар. Әселді өз басым 2008 жылдан бері білемін. Басқа облыста телевидение саласында еңбек еткен Асел араға жылдар салып, туған жеріне оралғаннан кейін аудандық газет жанынан шыққан қалалық «Қандыағаш» газетінің редакторы қызметін атқарды. Газетті шығарып қана қоймай, таратумен өзі айналысқан Әселдің бұл қабілетін бағалаған сол кездегі аудандық газет редакторы Қуаныш Кенжеғалиев «Мұғалжарға» жарнама менеджері қызметіне шақырды. Содан бергі жылдар бойы Әсел біздің газетте жарнама менеджерлігінен жауапты хатшылық қызметке дейін еңбек етіп келеді. Әдетте жауапты хатшының қандай қызмет атқаратынын журналистика әлемінен тыс адамдар біле бермейді.
Жауапты хатшылық – аты айтып тұрғандай өте жауапты жұмыс. Журналистер газетке мақаласын берсе, әрі қарай ол мақаланы газетке орналастыру үшін макет сызу, дер кезінде беттердің редакторға жеткізілуі, мақала беретін мекемелермен байланыс, оқырмандармен жұмыс, жалпы тілшімен де, дизайнермен де, фототілшімен де, тіпті есепшімен де тығыз байланыста болатын жан – осы жауапты хатшы. Әсел сонымен қатар газеттегі орыс тілінде мақала жазатын журналист. Оның өткір мақалалары мен жедел түрде беретін ақпараттарын із-деп жүріп оқитын өз оқырманы бар. Әсіресе, өндіріс орындарынан берілетін репортаждар мен құқық саласын қамтитын мақалалар легі негізінен Әселдің еншісінде. Біздің ұжымдағы ең сабырлы жанды білгіңіз келсе, ол да Әселдің нақ өзі. Журналистер – шығармашылық адамдары. Үнемі ізденісте жүріп, пікір алмасып, кейде іште қызыл кеңірдек болып жатамыз. Сол кезде арамызда үндемей ғана отырып, ойын да жеткізуге асықпайтын Әселдің пікірін ақыры ести алмай кететін күндеріміз де болады. Жұмыста көп аса қабағы қатулы болып, жұмысбасты отыратын Әселді тіпті, шәй ішу процесі де жібіте алмайды. Бір кесесін теп-тез ішіп алып, орнынан барғаннан кейін жұмыстың чатына «жұмыыыс, газетный день» деп жазып жіберетін «жаман» әдеті бар. «Тұр-тұрдан хабар келсе, ұйқыдан маза кетеді» демекші, бұдан кейін қалай отырарсың?! Десе де Әселдің осы қылықтары редакциядағы балансты ұстап тұруға көмектесетіндей көрінеді кейде…
Сарапшы Нұрғаным
Ал Әселге мінез-құлқы қарама-қарсы жан ол – журналист Нұрғаным Кесікқұл. Мақаланы да асықпай жазатын, жұмысқа да асықпай келетін, тіпті, «бестің шәйін» де асықпай ішетін Нұрғанымды оқырман сараптама материалдары арқылы жақсы біледі.
«Мұғалжар» — Нұрғанымның 2008 жылы Қ.Жұбанов университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін Қандыағашқа келін болып түсіп, алғашқы еңбек жолын бастаған ортасы. Оның жұмысқа сөйлесуге ең алғаш келген сәті менің көз алдымда. Ол күні редакцияда Ізгілік апай Тағанова екеуміз отырғанбыз. Сыпайы түрде есік қағып, сызыла кірген Нұрғанымның бойындағы үлкенді сыйлап, кішіге қамқорлық таныта алатын мінезін кейін барлық ұжым болып жақсы көріп кеттік. Сол кездері Нұрғанымды «жедел жәрдем» деп атайтынбыз. Себебі қай тақырып жазылмай жатса да, қандай ақпарат берілмей қалса да, тіпті, газет шығатын күні қай бет толмай жатса да көмекке Нұрғаным келетін. Бала күтімімен үйде отырып, араға 8 жыл салып, төрт жыл бұрын жұмысқа қайта қосылған ол бүгін де осы үдеден шығып келеді.
Аудан аумағындағы кез келген проблемалық сұрақтарға да жауап іздейтін осы Нұрғаным. Оны әсіресе, ауданның мұғалімдері мен дәрігерлері жақсы біледі десем, артық айтқаным емес. Себебі әлеуметтік сала туралы мақалалар легін жазатын да біздің Нура.
Журналистке қажет ең басты қасиеттердің бірі — сұрағына қалай да жауап алу — әріптесіміздің бойында бар қасиет. «Қадалған жерінен қан алады» деп әзілдейміз өзара. Кейіпкермен сұхбаттан көрі күн тәртібінен түспей тұрған мәселелерді көтеріп, ашып, түйінді түйткілді тарқатқанды ұнататын әріптесіміздің идеясы да тасып жатады. Жаңашылдыққа жаны құмартып, «былай жасайық», «осылай істесек, қалай болады» деп жүргені үнемі…
Әмбебап Зайырбек
Ал Зайырбек Есенжоловтың бізге келгеніне көп бола қойған жоқ. Бірақ осы 3 жыл ішінде Зайырбек әмбебеп журналистке айналды. Өзі фото тілші, өзі СММ маманы, өзі мобилограф Зайырбектің ұйықтауға мұршасы жоқ дей беріңіз. Соның дәлелі әріптестері үнемі жұмыс барысында ауық-ауық қалғып кететін Зайырбектің дәл осы сәтін фото мен видеоға түсіруге әуес. Бүгінде айналадағы өмірге камераның ар жағынан қарап үйренген Зайырбектің ерекше сәттерді таспалап алатын шеберлігі бар.
Фото тілші Зайырбектің әсіресе, газет шығатын күні ештеңеге қарауға да, ешкіммен сөйлесуге де уақыты жоқ. Бір жағынан газет материалының коллажын жасап, екінші жағынан видеоны монтаждап, үшін-шіден мақалалар фотоларын түгендеп, әйтеуір, «мұрнынан шаншылып жүргені». Анда-санда шабыты ашылып кетсе, бұрқыратып мақала жазатыны тағы бар. Ешкімнің бетіне қарсы келмейтін, сөз таластырмайтын, жымиып қана жүретін сан қырлы, бір сырлы жігітіміз джиу-джитсумен спортымен де айналысады. Жүрегіне қайырымдылық жиған бұл жігіттің мұқтаж жандарға көмекке асығып жүретін әдеті де бар. Оның бұл істерін «Ізгі қала» әлеуметтік парақшасы арқылы жүргізетін қайырымдылық жұмыстарынан көре аласыз.
Елгезек Әйгерім
Редакциядағы ең жас журналист – Әйгерім Дарханқызы. Бірнеше жылдан бері «Іске сәт» айдарын жүргізіп, кәсібін енді бастаған жандарды көпке таныстырып келе жатқан жас журналист әсіресе, Адам тақырыбында қалам тербегенді ұнатады. Кішіпейіл Әйгерімнің алдындағы кейіпкерінің іші-бауырына кіріп, айтқызбасын айтқызатын әдеті бар. Өзі де үнемі кейіпкер іздеп жүреді. Жұмыстан тыс уақытта күн-түн демей, «керемет кейіпкер таптым» деп сүйіншілейтіні соған дәлел. Айтары бар адамдар мен дарынды балалар да, іс бастаған кәсіпкер мен оқу іздеген студент те – жас тілшінің кейіпкерлері.
Редакциядағы көшеге шығып, түрлі тақырыптар аясында сауалнама жүргізетін де Әйгерім. Кейде кезіккен жандар жақсы сұхбат беріп, қуанып оралса, кейбір күндері жауаптан қашқан жандардан көңілі қалып, салы суға кетіп келеді ішке. Десе де, келесі күні диктофоны мен фотоаппаратын құшақтап, қайта кетіп бара жатқаны…
Есепші Ақерке
Ақеркенің арамызға қосылғанына бір жыл да бола қоймапты. Десе де осы уақыт аралығында жақынымызға айналып кеткен есепшіміздің есебі түгел. Іштегі есеп-қисаптан бөлек, түрлі ұжымдық басқосуларда жүгіріп жүріп барлығын ұйымдастыратын да, оқырман арасында өткізілетін байқауларға қажетті сыйлықты таңдайтын да, бар мен жоқты түгендейтін де, айлық сұрағанда қабағын түйетін де, бірақ айлықты жіберген күні бірінші болып сүйінші сұрайтын да біздің осы Ақерке.
Көпшіл жанға тән қасиет болар, әріптестерін үнемі жанына жинап алатын ерекшелігі де бар. Акеркенің тыным тауып, іште отыруы да сирек. Біресе әкімдікке, енді бірде салық бөліміне, тіпті болмаса, іштің қажетін түгендеу үшін дүкенге бара жатқаны… Ақкөңіл жанның қашан да көмекке дайын тұратын мінезін танып үлгерген өзіміздің бірінші Ақеркеге жүгінетін әдетіміз бар.
Бүгін…
«Мұғалжардың» мен үшін орны бөлек. Еңбек өтілім басталған алғашқы жер болмаса да, журналист ретіндегі қалыптасуым осы басылым қабырғасында өтті. «Аудандық газетте жұмыс істеген журналист әмбебап болады» дегеннің дәлелі сол, осы жерде жүріп тілшілікпен бірге дизайнерлік пен корректорлықты да қатар үйреніп, фото да түсіріп, макет те сызып, іштегіжурналистикаға қатысы бар жұмыстың барлығын игеріп кеттік десек те болады. Өзім ұстазым санайтын Қуаныш ағай Кенжеғалиев мамандығым журналист болса да, еңбек жолымды мұғалімдіктен бастаған маған сенім білдіріп, жұмысқа алғанда осы «Мұғалжармен» бірге өсетінімді білмеген де болармын, сірә. Бүгінде оқырман талабы жоғары. Қоғам тынысына құлақ түріп, көкейкестімәселелерді түртіп айтып, жасалған жұмысты сүйін-шілеп, еңбек адамы мен бүгінгінің батырларын үлгі етіп, бар мен жоқты саралап, еңбек етіп келеміз. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистердің жұмысы көбеймесе, азаймады бүгінде. «Мұғалжарлық» журналистер газеттің 3000- ға жуық тұрақты оқырмандарымен бірге бүгінде әлеуметтікжелідегі инстаграмм парақшасындағы 25 мыңнан астам, фейсбуктегі бес мың, тик-токтағы 2500-ге жуық аудиториясы үшін жедел ақпарат таратып келеді. Газеттің өз сайты мен ютуб каналы да бар. Мерекеге орай кешегі және бүгінгі «мұғалжарлықтарды» кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Қаламдарымыз ұшталып, оқырмандарымыз көбейе берсін!