«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТТЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Қайтарымсыз грант жобасы жұмыссыз жүрген, бірақ тың идеясы бар, кәсіп ашуды армандайтын адам үшін таптырмас мүмкіндік. Бұл жоба 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында көптеген жандар тың бизнес-идеяларын ұсына отырып, қайтарымсыз гранттарға ие болды. Грантқа ие болғандардың ішінде кәсіптерін кеңейтіп, өзөздерін жұмыспен қамтып отырғандар жетерлік. Алайда қайтарымсыз қаржыға құнығып, мақсатсыз жұмсайтындар да жоқ емес. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде қайтарымсыз грант туралы және қайтарымсыз қаржыға қол жеткізіп, кәсібін дөңгелетіп отырғандар мен кәсіп жасаудан жалтарып, жауапкершілікке тартылғандар туралы айтпақпыз. Сонымен…

ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЛҒАНДАР

2022 Ж — 46 АДАМ

2023 Ж — 44 АДАМ

2024 Ж — 42 АДАМ

ҮШ ЖЫЛДА 132 АДАМ ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТҚА ИЕ БОЛҒАН

Грант беру — «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар беру Қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 тамыздағы №513 қаулысы негізінде жүзеге асырылады. Алғашында, әлеуметтік осал топтағы жандарға берілетін қайтарымсыз гранттың жалпы көлемі 505 000 теңге көлемінде болды. Жыл сайын айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты бұл қаржының көлемі артып, бүгінде 1 476 000 теңгеге дейін жетті.

Грантқа өтінім беру үшін 7 санат, яғни, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар, көп балалы, оның ішінде балалардың ең үлкені 23 жасқа дейін жоғары оқу орны мен арнаулы орта кәсіптік колледж студенті ретінде жәрдемақы алушы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді.

Аудандық мансап орталығы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, соңғы үш жылда аудан бойынша 132 адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Атап айтатын болсақ, 2022 жылы 46 адам, 2023 жылы 44 адам грант иегері атанса, 2024 жылы 42 адам қайтарымсыз грант же-ңіп алып, кәсіп ашты. Кейбірі қо-сымша жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосуда.

Грант қаражаттары жаңадан бастаған кәсіпкерлерге бизнес әлеуетін іске асыруға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Грант алушыларға бірқатар шарттар да қойылады. Ең бастысы, қатысушыларда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты болуы керек- . Әр қатысушы оны тек бір рет қана ала алады. Enbek.kz порталына электронды пошта немесе ұялы телефон нөмірі арқылы тіркелуге болады. Пайдаланушыны сәйкестендіріп, тіркеуді аяқтау үшін ЖСН көрсету керек. Одан кейінгі қызметтерді алу үшін ЭЦҚ қажет, ол болмаса, оны eGov порталынан қашықтан алуға болады. Үміткерлер грант алу шарттарына сәйкестігін тек — сертіп , бизнес — жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға жүктеу қажет. Өтініш формасын толтырып, ЭЦҚ кілтімен қол қоюы — маңызды, — деді мансап орталығының сектор меңгерушісі Венера Урумбаева.

Грантқа қатысудағы басты құжат — бизнес-жоспар. Бұл — бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады.

Жылына екі мәрте грант иегерлерін анықтау үшін комиссия отырысы өтеді. Комиссия мүшелігіне түрлі сала өкілдері тартылады. Олар үміткердің бизнес-жоспарын қарап, жобасының өміршеңдігіне мән беріп, аудан экономикасының дамуына қосатын үлесін саралап, жеңімпаздарды анықтайды. Сонымен бірге бизнес-идеяның бәсекеге қабілеттілігі, өткізу нарықтарының пысықталуы, кәсіпкерлік дағдылардың деңгейі, жаңа жұмыс орындарының құрылуына да мән артылады. Грант қаржысына қажетті еңбек құралдарды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, көшеттерді, бұталарды, тұқымдарды сатып алады. Ал кәсіп ету барысында күнделікті қолданатын шикізат шығындарын бұл қаражатқа ала алмайды. Қаржы мақсатты түрде жұмсалуы қажет. Ал комиссия шешімі өтініш берушінің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі, — деді сектор меңгерушісі.

ТӨРТ АДАМНЫҢ ІСІ СОТҚА ЖОЛДАНЫП, ҚАРЖЫ КЕРІ ҚАЙТАРЫЛҒАН

Қайтарымсыз грант тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге берілмейді. Бірақ аталған гранттарды жеңіп алып, өзге бағытқа мақсатсыз жұмсайтындар да бар.

Осындай заң бұзушылықтардың алдын алу үшін мансап орталығының мамандары кәсіп ашуға қайтарымсыз грант алып, кәсіп жасап отырғандарды тексеріп, есебін алады. Орталық мамандарының айтуынша, бағдарламаға қатысушы мемлекеттік грантты алған күннен бастап үш ай ішінде оның нысаналы пайдаланылуын Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық органдарында өз қызметін тіркеу немесе бірыңғай жиынтық төлемді төлеу арқылы растайды. Шарт жасасқан күннен бастап он екі ай ішінде қаражаттың мақсатты пайдаланылуына мониторинг жүргізеді және жобаны сүйемелдеу бойынша сервистік қызмет көрсетуге жәрдемдеседі.

Грант беру туралы шартқа қол қойылған сәттен бастап грант иегері мен мансап орталығы арасында шарттық міндеттемелер басталады. Шартқа сәйкес бір жыл ішінде грант қаражатын  мақсатты пайдаланғаны жөнінде тоқсан сайынғы есептерді ұсынып отыру керек. Сонда бір жылда барлығы 4 есеп тапсыру қажет. Есептерді онлайн форматта, пайдаланушының жеке кабинетінде «Есепті тапсыру» батырмасы арқылы тапсыруға болады. Есеп туралы ақпарат интеграция арқылы мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен келіп түседі. Грант иесіне тек жүзеге асыратын бизнестің кейбір көрсеткіштерін көрсетіп, растайтын құжаттарды тіркеп, үш сауалға жауап беруі маңызды. Егер есеп ұсынылмаса, қосымша растайтын құжаттар берілмесе, немесе есепте жалған мәліметтердің бары анықталса, мансап орталығы есептелген грант қаражатын қайтаруды талап етуге құқылы, — деді Венера Александрқызы.

Осы орайда сол, қайтарымсыз гранттың қайтарымы да бар екенін ұмытпаған жөн. Өткен жылы яғни, 2023 жылы қайтарымсыз грантқа ие болғандардың арасында берілген қаражатты мақсатсыз жұмсаған бірнеше адамның ісі сотқа жолданған.

Біз қайтарымсыз грант бергеннен кейін оны тексеріп, бақылау жүргіземіз. Грант иегерінің бизнес-жоспарында көрсетілген тиісті құрал-жабдықтары түгел болуы маңызды. Өткен жылы берілген қайтарымсыз ақшаны өзге бағыттарға жұмсап, жауапкершіліктен жалтарған тұрғындар болды. Біз істі сотқа жолдамас бұрын грант иегеріне есеп тапсыру керектігі жөнінде белгілі күні белгіленген хабарлама жібереміз. Егер ол жауапсыздық танытатын болса, сотқа жолданады. Өткен жылы грантқа ие болғандардың арасында 4 адамның ісі сотқа жолданып, ақшасы кері қайтарылды. Ал бірқатарына олқылықты жөндеуге қосымша уақыттар берілді. Мұндай жайттар соңғы уақытта көбейіп барады. Осындай жайттар орын алмас үшін осы шараларды қолданудамыз, — деді ол.

Оның сөзінше, жүргізілген мониторинг кезінде грант иегерлерінің арасында қажетті есептерін дұрыс тапсырады. Алайда мониторинг барысында кәсіптерінің мүлде болмаған, несиесін жапқан жайттары да кездескен.

МОНИТОРИНГ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Бүгінде мансап орталығының мамандары 2024 жылдың мамыр айында өткен комиссия отырысында жеңімпаз атанған грант иегерлерін тексеріп, мониторинг жұмыстарын жүргізуде. Бұл жұмыстарға газет тілшілері де бірге барып, куә болды.

Мониторинг мүшелері грант иегері атанып, бүгінде кәсібін жүргізіп отырған Альбина Аманғалиеваның наубайханасына бас сұғып, нан және тәтті бөлкелер пісіру сәтімен танысты. Тексеріс барысында оның тек қана нан бөлкелерін пісіріп қана қоймай, жартылай фабрикат өнімдерін дайындайтыны белгілі болды. Ол күн сайын нан пісіріп, оны сатып, кәсібін дөңгелетуде. Наубайханашы оның тәтті бөлкелері мен ыстық нандарына сұраныстың жоғары екенін айтты.

Ие болған қайтарымсыз грантымның қаржысына наубайханаға қажетті құрал-жабдықтарымды сатып алдым. Бүгінде кәсібім жақсы жүріп тұр. Алдағы уақытта үлкейтуді жоспарлап отырмын. Бұндай гранттардың бөлінуі біз секілді осал топтағы адамдар үшін мүмкіндіктерге жол ашып отыр, — деді Альбина Аманғалиева.

-Мал шаруашылығын дамытуды мақсат еткендердің бірі – көпбалалы ана Алмагүл Көптілеуова. Ол осы көктемде үш сауынды сиыр алып, жаз бойы сауып, сүтін сатқан. Сонымен бірге сүт өнім — дері , айран, құрт , сары май , ірімшік сатып, кәсібін дөңгелетуде.

Бүгінде біз секілді көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер берілуде. Соның бірі — қайтарымсыз грант. Берілген қаржыға ата кәсібіміз мал шаруашылығын дамытып отырмын. Сатып алған сиырларымды сауып, сүтінен түрлі өнімдер дайындап, қала тұрғындарына сатамын. Демалыс күндері жәрмеңкеге да апарамын. Табиғи сүт өнімдеріне бүгінде сұраныс артып тұр. Сол себептен де кәсібімнің жүретініне сенемін, — деді Алмагүл Мұхтарқызы.

Балаларға ментальді арифметиканы үйретемін деп грантқа ие болған Салтанат Аманжолова ерекше бала тәрбиелеп отырған ана. Ол оқу орталығын ашып, 3-9 жас аралығындағы балаларға сабақ беруді енді бастаған. Мониторингтік топ «Достық» мөлтек ауданы №20 көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан оқу орталығына бас сұғып, бизнес-жоспарында көрсетілген сатылып алынатын қажетті құрал-жабдықтарды түгендеп, тексеріс жұмыстарын жүргізді. Тексеріс барысында алынуы қажет кейбір заттардың түгел еместігі белгілі болды.

Оқу орталығын енді бастап жатырмын. Қажетті заттарды алып бастадым. Алдағы уақытта барлық заттар түгелдей алынатын болады. Ментальді арифметикаға балалардың қызығушылығы жоғары. Мен оқытып жатқан балалардың кейбірі жарыстарға барып, жүлделі оралып жүр, — деді Салтанат Аманжолова.

Мониторингтік топ мүшелері оқу орталығының жетекшісіне алдағы уақытта барлық олқылықтарды жөндеп, нақты есеп беру қажеттігін, тағы да тексеріс жұмыстарының жүргізілетінін айтып, ескерту жасады.

Тексеріс кезінде «Финский» мөлтек ауданындағы Мұнайшылар көшесінде тұратын тағы бір грант иегерінің үйіне де бас сұқтық. Ол қайтарымсыз грантты «құлпынай өсіремін» деп алған екен. Алайда оның үйіне кіру мүмкін боламады. Жауапкершіліктен жалтарды ма, басқа себебі болды ма, әйтеуір жауап беруге құлықсыздық танытты. Сектор меңгерушісі Венера Урумбаева тексеріс кезінде бұндай жағдайлардың көп болатынын айтты.

Мемлекеттен берілген мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қайтарымсыз қаржыны өз игілігіне жаратып, аудан экономикасының дамуына үлес қосу – әрбір грант иегерінің міндеті. Осы орайда қазақтың «Судың да сұрауы бар» деген тәмсілі ойға еріксіз оралады. Ендеше, қайтарымсыз гранттың да сұрауы барын естен шығармаған абзал…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ҰЛТ ҰСТАЗЫ – ЫБЫРАЙ

admin_mugalzhar

АУДАНҒА 200 ДОЗАЛЫҚ «СПУТНИК V» ЕКПЕСІ ӘКЕЛІНДІ

admin_mugalzhar

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: 12 қыркүйекте қандай спорт түрлерінен сайыстар өтеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.