«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАҚСАТ – ӘЛЕУМЕТТІК КЕСЕЛДЕРМЕН КҮРЕСУ

Жуырда Қандыағаш қалалық №3 мектепгимназиясында әлеуметтік түрлі мәселелерді қамтыған тәрбиелік мәні бар жиын өтті. Аталған жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік кеселдер жөнінде айтқан сөзі арқау болды. Облыс орталығынан арнайы келген Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Роман Рахиев, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің төрағасы Рауза Серғалина, «Мәміле» тілдесу клубының жетекшісі Айнагүл Магзумова, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы аналар кеңесінің мүшесі, Астана аудандық аналар кеңесінің төрағасы Гүлжайнар Алашбаева Қандыағаш қаласындағы мектептердің директорларымен, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен, ата-аналар комитетінің төрағаларымен және олардың мүшелерімен, қамқоршылық кеңес құрамының мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында ауданға келген қонақтар бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының аналар кеңесі мен ҚХА хатшылығы «Салауатты сана» атты жобаның жасақталғаны және жоба аясында бес әлеуметтік кеселмен күресу жолдары айтылды. Олар — нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасы және әлеуметтік зорлықзомбылық, вандализм, ысырапшылдық. Осы аталған күрмеуі күрделі мәселелер бүгінгі жас ұрпақты теріс жолға түсіріп, ұлттық құндылықтардан алыстап бара жатқандығы да сөз болды. Ендеше, жиын барысында айтылған тәрбиеге қатысты маңызды мәселелер мен талқыланған жайттарды оқырмандар назарына толыққанды ұсынғанды жөн көрдік.

Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Роман РАХИЕВ: АҚЫЛЫ АСҚАН ҚАРИЯ – ЖАСТАРҒА ҮЛГІ

Мұғалжар ауданы — облыстағы үлкен аудан. Маңғаз Мұғалжар тауының бөктері — тұнып тұрған тарих, ал қойнауы пайдалы қазбаларға бай. Сондай-ақ облыстың экономикалық дамуына зор үлесін қосып отыр. Осындай киелі жерге келуіміздің себебі – жастарға дұрыс жол сілтіп, бағыт-бағдар беру. Мемлекет басшысы Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда «Ардагерлер кеңесі бар, неге ақсақалдар кеңесін құрмасқа?» деген өз ұсынысын білдірген еді. Ұсыныс қолдау тауып, барлық облыстарда, оның ішінде Ақтөбе облысында да ақсақалдар кеңесі құрылды. Ақсақалдар кеңесінің құрылғаны өте дұрыс шешім деп білемін. Себебі қазақ қашанда қарттарын қазынамыз, ақыл сұрар абызымыз деп биікке көтерген. Құрылғанына бір жыл болған бұл кеңестің жұмысы — жүйелі. Мектептер мен колледждер, жоғары оқу орындарына барып, жастармен кездесіп, келелі әңгіме айтып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп жүрген жайы бар. Қазақ стан халқы Ассамблеясы 1995 жылы наурыз айында құ-рылған еді. Сол уақыттан бері Ассамблея еліміздің тыныштығы мен бітімгерлігі жолында жұмыс жасап келеді. 2019 жылы Ассамблеяға арналып, үлкен үй салынып, 17 ұлттық мәдени орталықта 90-нан астам ұлт өкілі жұмыс жасауда. Еліміздің дамуы үшін, қазақстандықтардың алаңсыз жұмыс жасауы үшін бірінші бірлік пен татулық керек. Ассамблея — осы ұстанымды қалыптастырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында аса маңызға ие. Мойындауымыз керек, бүгінде бейбіт өмір сүруіміздің алғашқы баспалдағында Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі тұр. Ол бірінші орынға ұлттар мен ұлыстардың татулығын қойды. Бүгінде тыныштықта ғұмыр кешуіміз сол кісінің салып кеткен жолы деп білемін.

Аталарымыз «қайғысыз ішкен қара суға ештеңе жетпейді» деп айтып кеткен. Бүгінде әлем елдерінде ұлтаралық қақтығыстардың орын алып жатқанын көріп жүрміз. Артқа сәл шегініс жасасақ, біздің елімізде де осындай оқиғаның құлақтары қылтиып шығып тұратыны жасырын емес. Осы жайттар біздің елімізде орын алмас үшін бізге керегі – татулық. Мен аталған кеңес жұмысымен қатар облыстағы Қазақ тілі қоғамының төрағасы қызметін атқарамын. Туған тіліміздің де мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Біз Ассамблея жанындағы орталықтарда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретеміз. Олардың қазақ тіліне деген қызығушылығын оятамыз. Осындай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы Ақтөбе өңірінің халқы қазақыланды десе де болады. Оған қазақ тілі қоғамының үлкен үлесі бар. Біз осындай кездесулердің бірінде өзге этнос өкілдеріне: «Сіздерге Ассамблея арқылы бізде бар жағдай жасалған. Өз әдет-ғұрыптарыңыз сақталған. Ал енді сіздер осы елдің мемлекеттік тілі – қазақ тілін білесіздер ме?» деген сұрақ қойдық. Содан кейін осы мәселені республика көлемінде, Ассамблеяда көтеріп, арнайы конференция өткізіп, «Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мемлекеттік тілдің рөлі» деген ұсынысымыз хаттамаға енді.

Бүгінгінің тағы маңызды мәселелерінің бірі – еліміздің болашағы. Ал болашақ дегеніміз — біздің жастар. Сол себепті балаларымызды жақсы тәрбиелеп, сапалы білім беріп, еліміздің ертеңін жасайтын тұлға етіп тәрбиелеуіміз керек. Олар білікті, білімді, өнерпаз, ғалым болулары керек. Біз осы жолда талмай еңбек етуге міндеттіміз. Қазыналы қарттарымыз жастарға аталық ақыл айтып, бабалық батасын беріп отырса, қандай жарасымды болар еді. Әр адам тәрбиені өзінен бастауы қажет. Ақыл айтатын ата, ертегі айтатын әже, бесік жырын білетін ана, дұрыс бағыт беретін әке болса, бала жаман жер баспайтыны анық. Сондықтан отбасындағы тәрбие баланың болашағына үлкен әсерін тигізеді. Ол өскенде өз елінің патриоты болып, отанына адал қызмет ететін азамат болып шығары анық.

Жастардың барлығына топырақ шашудан аулақпын, бірақ олардың арасында еңбек еткісі келмейтін, ақшасы көп «жылтыр» жұмысқа қызығатын жастар бар. Осы жерде айтарым, біз балаларды кішкене кезінен бастап, еңбекқорлыққа, адалдыққа тәрбиелеуіміз керек. Қазақта «балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Осы сөздің төркініне дұрыстап үңілетін болсақ, бала тәрбиесінде кателіктер жібермес едік. Бүгінгінің балаларына «айналайын» сөзі тым өтіп кетті десем, қателеспеймін. Ер балаларымыз әскерге барудан қашады. Ал аналары оларды өбектеп, айтқанын жасайды. Оның арты ұлдарымыз жігерсіз, жауапсыз болатынына алып келері сөзсіз. Жоғарыда айтқан «айналайын» өтіп кеткен балалардың қатарынан NЕЕТ санатындағы жастар қалыптасуда.  Мемлекет оларды қайта оқытып, жұмысқа тұр-ғызу үшін түрлі бағдарламалар қабылдауды. Бұл әрине қуанарлық жайт. Дегенмен жастардың еңбек етуге деген ұмтылысы жоғары болуы керек деп ойлаймын. Шетелді алып қараңыздаршы, шетелдің зейнетке шыққан қарттары әлемді аралап, саяхаттайды. Ал біздің елімізде қарттар зейнетке шыққаннан кейін үйде отырып қалады. Біле білген адамға нағыз өмір сүретін уақыты зейнетке шыққаннан кейін басталады. Сол себепті қарттардың уақытын тиімді пайдалануы үшін түрлі орталықтар ашылуы керек деп есептеймін. Сөз соңында айтарым, қарияларға жағдай жасай отырып, жастармен жиі кездестіріп, олардың келелі кеңестер мен дария ақылын жастардың бойына сіңіру – өте маңызды. Болашағымызды көркем етуші жастарымыздың тәрбиесі сіз бен біздің қолымызда. Саналы ұрпағымыз көп болсын!

Рауза СЕРҒАЛИНА, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы аналар кеңісінің төрағасы: «САЛАУАТТЫ САНА» — ТӘРБИЕ БАСПАЛДАҒЫ

Қандыағаш қаласына көптен бері атбасын бұрып тұрмын. Бүгінгі Қандыағашты көріп көзім тойды деп айтсам, артық емес. Қалада үлкен өзгеріс бар екен, қуанып қалдым. Бүгінде өздеріңіз көріп отырғандай, ақсақалдар мен аналар кеңесі болып жұмыс тобымен сіздердің ауданға келіп қалған жайымыз бар. Мақсатымыз – бала тәрбиесіне үлесімізді қосу, «Салауатты сана» жобасы аясында әлеуметтік бес кесел туралы сіздермен сұхбат құру.

Абай атамыз «киімі көктік, тамағы тоқтық аздырар адам баласын» деп айтып кеткен. Осы сөздің төркінін біздің болашақ ұрпақтарымыздың кейбіреуінің іс-әрекетінен байқап қалатынымыз рас. Иә, бүгінде жалпы халықтың жағдайы жақсы. Шамасы келгенше балаларын ешкімнен кем қылмай өсіруге тырысып, айтқанын жасайды. Содан болар, жастардың арасында түрлі келеңсіз жағдайлар орын алуда. Жаңалықтарды қарай қалсаң небір сұмдық оқиғаларды естиміз. Артымыздан ерген балаларымыздың не болса соған ұрынып, ойнақтап жүріп от басып жатқанын көріп, жанымыз ауырады. Осы жағдайлардан кейін «біздің артымызда қалатын ұрпақ қандай болмақ?» деген сұраулы ой туындайды.

Аналар кеңесінің құрылғанына биыл 10 жыл уақыт болды. Осы жылдар аралығында аналарымыз жас ұрпақтың бойына тәлім-тәрбие құю үшін жұмыстануда. Бүгінде облыс бойынша 175 аналар клубы жұмыс жасайды. Олардың құрамында мыңнан аса мүше бар. Бұл клуб сіздердің аудандарыңызда да құрылған. Оған Жұмагүл Асабаева есімді апамыз жетекшілік етеді. Ол ауданда қандай шара болмасын белсене қатысып, аналық ақылын айтып, мәдени-көпшілік шаралардың басында жүреді. Сапарымыздың негізгі мақсатына келетін болсақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік кеселдер, нашақорлық, құмар ойындарға тәуелділік, отбасы және әлеуметтік зорлықзомбылық, вандализм, ысырапшылдық жөнінде келелі мәселе көтерді. Иә, шындығында зиянды әдеттерге тәуелділік бүгінде қоғамның дерті болып тұр. Адамның еркін билеп, ессіз әрекетке апаратын мұндай өмір салты талайдың тағдырын талқандап жатқан жайы бар. Мәселен, елімізде құмар ойындары құрығына түскендер саны 400 мыңға жетіпті. Ал құқық қорғау органдарының мәліметінше, шамамен 200 мыңға жуық кәмелеттік жасқа толмаған бала басқа адамның атынан букмекерлік кеңселерге бәс тігіп, ойнайды екен. Еліміздегі ажырасулардың 40 пайызына осы лудомания тікелей себеп. Тұрмыстық зорлықзомбылыққа баратындардың дені де құмар ойынға шалдыққандар. Өкінішке қарай, бұл дерт қазір әскерде де кең етек алған. Сол секілді елімізде қылмыс жасайтындардың 20 пайызы лудомандар екен. Ал, нашаға тәуелділер саны 18 мыңнан асады. Сол секілді бардың берекесін кетіретін ысырапшылдық та өршіп тұр. Отанның бастауы шаңырақты шайқалтатын тұр-мыстық зорлық-зомбылық та азаймай отыр. Адамның адами құндылығынан айыратын вандализмнен де қоғам зардап шегуде. Бұл әдеттер сапалы ұлт ретінде қалыптасып, бәсекеге қабілетті мемлекет болуымызды тежейтін қауіпті факторлар. Сондықтан осы теріс құбылыстарға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назар аударып, олармен күрестің пәрменді сипат алуын міндеттеп келеді. «Қауіпсіз өмір сүру үшін осындай қатерлі құбылыстардан біржола арылуымыз керек. Бұл әсіресе, ұрпақтың болашағы үшін айрықша маңызды. Біз балалар мен жастарды барынша қорғап, дұрыс тәрбиелеуміз керек. Қоғамдық кеселдерді түбірінен жоямыз десек, ортақ іске бүкіл ел болып жұмылған жөн. Ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік жағдайына қарамай, оған барлығы атсалысуы керек» деген болатын. Осы жерге ардагерлер, аналар кеңесінің мүшелері, білім беру ұйымдарының қызметкерлері келіп отыр. Барлығымыз болашақ балаларымыздың тәрбиесіне жауаптымыз. Мен жетекшілік ететін облыстық аналар кеңесі көптеген игі істердің ұйтқысы болып жүр. Әсіресе, ұйымның ая-сында құрылған кеңестер арқылы ұрпақ тәрбиесі, қоғамдағы өзара бірлік, ұлттық бірегейлікті нығайту тұрғысында жүзеге асып жатқан шаралар жетерлік. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасы негізінде Аналар кеңесінің «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында әзірленді. Бұл жоба да өзінің оң нәтижесін беруде.

Біз аналар өзіміздің тар құрсағымызды жарып шыққан балаларымыздың бақытты болашағы үшін жауаптымыз. Қазақта «Бойыңа біткен балаңды құрсағыңда жатқанда тәрбиеле» деген ұлағатты сөз бар. Тәрбиелі анадан тәрбиелі баланың дүниеге келетіні белгілі. Сол себепті қыздарымызға дұрыс бағыт-бағдар беріп, инабаттылыққа, адамгершілікке, ата-анасын сыйлауға тәрбиелеуіміз керек. Қазақ қашанда әйелдер қауымын жоғары қойып, құрметтеген. Осы мәртебеміздің биігінде қалу үшін өз-өзімізді тәрбиелеп, балаларымызға үлгі болуымыз қажет. Болашақ бізден басталатынын ұмытпайық!

Айнагүл МАГЗУМОВА, Ақтөбе облыстық «Мәміле» тілдесу клубының жетекшісі: АНА ТІЛІМІЗДІ ҮЙРЕНУШІЛЕР КӨП

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 130-дан астам ұлттар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Осы этнос өкілдерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін асыру үшін және олардың қазақ тілін меңгеруіне мүмкіндік жасау мақсатында бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан елдің барлық облысында «Мәміле» тілдесу клубы ашылып жатыр. Бұл клуб біздің өңірде де жұмысын бастады. Бүгінде біздің клубтан 17 этномәдени бірлестіктердің өкілдері дәріс алуда. Клубта қазақ халқының әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдарын, жалпы өмір сүру дағдысын ойын арқылы, сабақ арқылы, күнделікті сөйлесу әдісімен таныстырып, үйретеміз. Сабақ әр жексенбі сайын бір сағат өтеді. Клубтағы 40 оқушының қызығушылығы күннен күнге артып келеді десем, артық айтқаным емес. Олардың ішінде өз ана тілін түрлі себептермен білмейтін, бірақ үйренуді ниет еткен қазақтар да бар. Домбыра тартатын, қазақ тілінде ән шырқайтын, республикалық, облыстық байқауларға қатысып жүрген өзге ұлт өкілдері де көп. Бір қуанарлық жағдай, байқағанымыздай, этнос өкілдерінің арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді. Осы аймақта да естуімше, қазақ тілінде сөйлейтін этностар көп екен. Сол себепті осы жерде айта кетейін, егер біздің байқауларға қатысып, орын алып жүрген өзге ұлт өкілдері болса, бізге хабарласса екен дейміз. Себебі алдағы уақытта жоғары деңгейде, руспубликалық жағдайда соларды насихаттап, елге жария қылуды жоспарлап отырмыз. Бұл да – мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіруге қосар бір үлес болар еді деп ойлаймыз.

Тілепбай ӘБДИЕВ, ардагер: ҒАЛАМТОР «ҒАЖАБЫ» ШЕКТЕЛУІ ТИІС

Бүгінде балаларымыздың тәрбиесіне ұялы телефондар теріс әсерін тигізуде. Ол жерде түрлі жағымсыз жайттар көп. Айталық, ұятсыз бейнелер, адам өлтіру, тонаушылық секілді жағымсыз дүниелер ашықтан-ашық жариялануда. Қолжетімді ашық терезеден жастарымыз түрлі теріс қылықтарды үйреніп, еліктеп, өз болашақтарына балта шабуда. Алаяқтық та осы кішкентай құрылығының ішінде қайнап жатыр. Қаншама адамдар алданып, сан соғып қалуда. Интернеттегі осы дүниелерді шектеу керек деп ойлаймын. Сіздер бізге қарағанда үкіметке біртабан жақынсыздар. Сол себепті сіздерге осы мәселені көтеріп, ғаламтордағы келеңсіз жайттарды бұғаттауға атсалыссаңыздар деп өтініш білдіргім келеді. Сіздер бүгін бала тәрбиесі туралы өте орынды мәселелерді қозғадыңыздар. Осы айтылғандарды тыңдап, өзіне сабақ алар адам болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Жұмагүл АСАБАЕВА, аудандық аналар кеңесінің төрағасы: ТӘРБИЕ — ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ

Құрметті қонақтар! Ауданымызға қош келдіңіздер! Сіздердің келіп, кездесу өткізіп, келелі әңгіме айтуларыңыз бізге үлкен қуаныш сыйлады. Ауданымызда ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, билер алқасы, әкелер клубы құрылып, бүгінде жүйелі жұмыс жасауда. Олар қоғамда орын алып жатқан түрлі мәселелерге араласып, оның оңды шешімін табуына өз үлестерін қосуда. Аудан аумағында қандай шара болмасын, барлығы біркісідей атсалысып, балалардың тәрбиесіне араласып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беруде. Иә, баланың басты ұстазы ата-анасы екені белгілі. Ата-ананың үйіндегі қарым қатынасы, киім киюі, мінез-құлқы бәрі-бәрі балаға үлгі. Өйткені «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі». Бала әкеден ақыл, шешеден мейір алады. «Әке — тірек, ана — жүрек, бала – тілек» деп бекер айтылмаса керек-ті. Отбасының басты негізгі қызметі – бала тәрбиелеу. Ата-ана сәби дүниеге келген күннен бастап, оның өміріне қамқорлық жасап, болашағын жоспарлайды және саналы азамат болып өсуі үшін қажет жағдай жасайды. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол – шешесіне қарап бой түзейді. Біз осындай тақырыпта мектептерде кездесулер өткізіп, қыз балалардың тәрбиесіне барынша үлесімізді қосып жүрміз.

Енді Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жасақталып жатқан «Салауатты сана» жобасы аясында жұмыс жасаймыз. Бұл жобаның маңыздылығы зор. Жоғарыда атап кеткен бес кесел — нашақорлық, ысырапшылдық, зорлық-зомбылық, ойынқұмарлық, қарақшылықтың алдын алу үшін біз тәрбиені бесіктен бастауымыз қажет. Тәрбиенің қиындықтары көп, сол қиындықтан қашпаған ата-ана ғана саналы тәрбие бере алады. Ол үшін баланың не істеп жүргенін, кіммен ойнайды, қай жерде жүреді, тапсырманы қалай орындағаны сияқты жұмыстарын қадағалап, түсіндіріп, жан-жақты тәрбие беріп, оны әрі қарай дамыта білу керекпіз. Отбасындағы өзара қарым-қатынастың дұрыс болуы, бала тәрбиесінде әке мен шеше рөлінің өте маңызды екені белгілі. Сол себепті аналар мен әкелер клубының жұмысын әрмен қарай жүйелеп, жұмыс жасайтын боламыз.

Гүлжайнар АЛАШБАЕВА, Ақтөбе облысы ҚХА жанындағы аналар кеңісінің мүшесі, ТҰРАЛАҒАН ТӘРБИЕГЕ СЕБЕП КӨП

Құрметті қауым, құт қонған Мұғалжардың қойнауында өмір сүріп жатқан керемет жер Қандыағашқа қош келдік. «Соңғы түйенің жүгі ауыр» дейді, манадан бері жақсы сөздер айтылып жатыр. Менің де өз қосарым бар еді. Біз қазір жаһандану дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Батысқа да, шығысқа да еліктейміз. Мәселен, батысқа еліктеп, ер балаларымыз шаштарын түрлі-түсті қылып бояп, құлақтарына сырға тақса, шығысқа еліктеп, көзді көлеңкелеп, қара жамылып жүрміз. Бұл – тәрбие мен дін мәселесіндегі қолдан жіберіп алған қиындықтар деп айтуға болады. Жаһандану дегеніміз жақсы, әрине. Әлеммен бірге жүріп, бір толқында өмір сүріп, сол елдің тілін үйреніп, сол елде білім алып келіп, Қазақстанның экономикасын дамытуға үлес қосса, әрине, ол жақсы. Бұл – шетелде оқып келген қазақстандықтардың елдің өркендеуіне қосқан үлкен үлесі болар еді. Әйтсе де, сол жаһандануды жағымсыз нәрселерге үйір болумен шатастырмау қажет. Қазіргі қоғамда үлкен бір мәселе бар. Ол – жастар арасындағы тәрбие мәселесі. Бүгінгі жастар арасында болып жатқан түрлі келеңсіздіктерді көріп, «қай жерде қателестік?» деген ой қай-қайсысымызды да мазалары анық. Осы мәселелерді шешу жолында мен бірнеше ұсыныс айтқым келеді.

Ең алдымен, аталар мен әжелер институтының рөлін күшейту қажет. Мен өзім мектепте, әрі аналар кеңесінде жұмыс жасағаннан кейін үнемі байқайтын бір нәрсем, қыздар мектепке шашын жайып келеді, ал ұлдар жейделерінің копюшонын бастарына киіп, шешпестен жүреді. Бұл сырт көзге өте дөрекі көрінеді. Әрине, біз ескерту жасап жатамыз, ата-аналарын мектепке шақырамыз. Ал енді осы балалардың анасы да мектепке шаштарын жайып келетіні бар. Сондықтан бұл жерде ата мен әже тәрбиесі керек тәрізді. Бір әріптесім айтады үнемі: «мен темекі неге тартпаймын? Кезінде атап «темекі тартсаң, төбеңнен түтін шығады» дейтін. Содан кейін ешқашан темекіге жолаған емеспін», — дейді. Бұл да өзіндік тәрбие, ата тәрбиесі, атаның сөзі. Осылай аталар институты мен әжелер институы қоғам алдындағы жүкті көтерісіп, өздерінің істерімен үлгі көрсетулері қажет. Ата-әжелердің сөзі мен ісі өнеге болатындай рухани отырыстар көптеп өткізілсе деген ұсынысым бар. Екіншіден, шашқа байланысты айтқым келгені, біздің аналар мен әжелер шашын тек екі жағдайда, жолдасы мен баласы қайтқанда жайған екен. Сондықтан, құрметті әйелдер қауымы, шашымызды жаймай-ақ әдемілеуге болады. Шашымызды түйіп, өріп, әдемі қылып жинап жүрсек, қыздарымыз да бізден көргенін жасайды. Ал үшінші қозғағым келіп отырған мәселе — синтетикалық наркотиктер. Мен мектепте жұмыс жасағандықтан, көп жағдайда әжетханаға кіргенде, қолайсыз иістерді сеземін. Қазір оқушылар үшін «жевательный табак» деген шығыпты. Ол мына орбит тәрізді қорапшада сатылады, әртүрлі иістері бар. Бала оны ауызға салып, шайнап, содан ләззат алып, рахаттанып жүреді. Сабақ оқуға ынтасыз болады. Кейбір оқушылардың оқуға құлықсыздық танытып, миы айналып, ұйқысы келіп, басын партаға соғып отырғанын осы жерде отырған педагогтер, өздеріңіз де байқайтын шығарсыздар. Сол үшін осы «жевательный табактарды» саттырмау мақсатында жергілікті әкімдікпен бірлесе отырып, педагогтер, ата-аналар кеңесі, дүкендегі сатушылар – барлығы бірге бірлесіп жұмыс жасауы қажет. Ал енді жастар тәрбиесіне кері әсерін беріп жатқан үшінші мәселе — гаджеттер. Бүгінде смартфон кез келген баланың қолында жүр, тіпті 1-класс оқитын балаға да телефон сатып аласың. Бала қауіпсіздігі үшін, сабақтан қашан шыққанын, үйге қай уақытта жеткенін білу мақсатында. қажет дейміз. Дегенмен де ұялы телефонды ұстаудың өз уақыты болуы керек. Сол уақытты шектеу — біз үшін жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын. Кеңес заманында өмір сүрген үлкендеріміз біледі, бұрын негатив жаңалықтар көп айтыла бермейтін. Теледидарда немесе отырыстарда ондай әңгімелер қозғалып жатса, балаларды шығарып жіберетін. Тіпті кинолардағы ұятсыз сценалар кезінде балалар бетін жауып отыратын. Бұл да тәрбие еді. Баланың санасын артық нәрсемен толтырмай, зиянды әрекеттен қашық ұстау үшін таптырмас тәрбие болатын. Ал қазір смартфон арқылы қоғамда қандай нәрсе бар, жақсы да, жаман да, соның бәрін қолындағы телефоннан қарап, сіңіріп алады. Біз, атааналар, мұғалімдер балаларға «былай жасама, былай істе» деп нұсқаулық береміз. Ал смартфон ешқандай нұсқаулық бермейді. «Қалайсың ба — ойна, қалайсың ба – ұйықта, қаламайсың ба — оқыма» дейді. Сондықтан бала ата-ананы емес, қолындағы телефонның дегенімен жүреді. Жалпы класс жетекшілерге балалардың телефонын жинап алуға нұсқаулық беріледі. Мектепте сабақ кезінде ұстауға тыйым салынған. Дегенмен оқушылар қоңырау кезінде түрлі сылтау айтып, телефондарын сұрап алады. Сондықтан ата-аналар, балалардың үйде де, мектепте де телефонды ұстамай, ұстаса, уақытын шектеуге үлес қоссаңыздар деймін. Бала смартфонды көп ұстамаса, алдындағы кітапқа көбірек үңілер ме еді… Бұның бәрі айналып келгенде тәрбие мәселесі. Айтылып та келеді, айтыла да береді. Қарап отырмын, осы жерде аталар мен әжелер де отыр. Әдетте ата-аналар жиналысына ия аналар, ия аталар мен әжелер келетіні белгілі. Сондықтан осында отырған үлкендерге алғыс айтқым келеді. Біз сіздерден көп көрген жоқпыз. Ал егер бүгін сіздердің алдарыңызға келіп ділмәрсіп, шешенсіп әңгіме айтып отырсақ, кешірім өтінеміз. Біз қазір коучтар мен психологтардың айтқанын тыңдайтын болдық. Мен керісінше, ата-әжелердің айтқанын тыңдайық, балаларымызды шешендік сөздермен тәрбиелейік дегім келеді.

Сөзімнің соңын Төле би атамыздың сөзімен аяқтасам деймін. Төле бидің бала-шағасы көп болған екен. Ол үнемі басқосуларға кешігіп келетін болған ғой. Бір сондай отырыста біреу әдеттегідей кешігіп жеткен биге: «Төле би, сіз кешігіп келдіңіз, соның айыбы болсын, үш сұраққа жауап бере аласыз ба?» — дейді. Бидің келісімін алғаннан кейін: «Бала деген не, байлық деген не, бақыт деген не?» — деп сұрапты. «Бала деген артта қалған із, байлық деген қолда еритін мұз, бақыт деген басыңа қонған құс, ал өмірдің ең жақсысы, сыйласқан сіз бен біз», — деп жауап беріпті сонда Төле би. Ендеше, біздің де сыйластығымыз ұзағынан болсын!

Жетпісқали ІЗБАСАРОВ, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы: ЫСЫРАПШЫЛДЫҚПЕН  КҮРЕСТІ САДАҚАДАН БАСТАУ КЕРЕК

Бала — біздің айнамыз. Сол себепті тәрбиені өзімізден бастауымыз керек. Ата болып немереңе ақыл айту үшін де өзің ақылды болуың қажет. Біздің болашағымыз жастардың қолында. Бүгінгінің жастары өте білімді. Сол білімді өздерінің болашағына ыңғайлап, ақырын жүріп, анық басатын болса, еліміздің болашағы жарқын болары анық. Мағжан айтпақшы, «мен жастарға сенемін!». Дегенмен біздің қоғамда жоғарыда айтылған кеселдердің бәрі кездеседі. Соның бірі – ысырапшылдық. Қазіргінің қазағы ағыл-тегіл той жасаудан алдына жан салмайды. Соңғы сиырын сатса да, шашылудан тайынбайды. Тойды қоя тұрып, садақаға келейік. Садақада да ысырапшылдыққа жол береміз. Садақаның дастарханы тойдың дастарханынан кем болмайды. Ысырапшылдықпен күресті осы жерден бастау керек деп есептеймін. Көршіліес Шалқар ауданынан үлгі алуымыз керек. Ол жақта жаназа шыққан күні өлік шыққан үйде шай берілмейді екен. Біз де осы үрдісті енгізуіміз қажет.

Түйін

БАЛА ТӘРБИЕСІ МЕН ЖАСТАР ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН БІР ЖАРЫМ САҒАТҚА СОЗЫЛДЫ. ҚҰЙЫП АЛАР ҚҰЛАҚ ПЕН ТҮЙІП АЛАР САНАҒА ҚАЖЕТТІ КӨП НӘРСЕ АЙТЫЛДЫ. ОСЫ АРАЛЫҚТА ШЫДАМСЫЗДЫҚ ТАНЫТЫП, ТҰРЫП КЕТКЕНДЕР ЛЕГІ КӨП БОЛДЫ. БІРАҚ, ЕҢ СОРАҚЫСЫ, АРТЫМДА ОТЫРҒАН ҚЫЗДЫҢ «МЫНАЛАР МЫЖЫП КЕТТІ, ЕНДІ ШЫДАМАЙМЫН!» ДЕГЕН КҮҢКІЛІ ШОШЫТТЫ. БАЛА ТӘРБИЕСІНЕ ЖАУАПТЫ БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ ОСЫЛАЙ ДЕЙТІН БОЛСА, БІЗ БОЛАШАҚ ҰРПАҚТАН НЕ КҮТЕМІЗ?..

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе — Нүкіс әуерейсі қашан іске қосылатыны белгілі болды

admin_mugalzhar

Рост продолжится с пиком в мае — прогноз Цоя по коронавирусу

admin_mugalzhar

Енді 17 желтоқсан Қазақстанда жұмыс күні болады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.