«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТҰМАУ: ДЕРТ ДЕНДЕГЕНДЕР КӨБЕЙДІ

СОҢҒЫ УАҚЫТТА АУА РАЙЫНЫҢ ҚОЛАЙСЫЗДЫҒЫНА БАЙЛАНЫСТЫ ТҰМАУМЕН СЫРҚАТТАНЫП ҚАЛУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫ КӨБЕЙГЕН. БҰЛ АУДАНДЫҚ АУРУХАНА ДӘРІГЕРЛЕРІНІҢ БЕРГЕН МӘЛІМЕТІ. ОСЫ ОРАЙДА БІЗ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАҒА БАРЫП, ПРОФИЛЬДІ ДӘРІГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСІП, ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ, САҚТАНУ ЖӘНЕ ЕМДЕЛУ ЖОЛДАРЫ ТУРАЛЫ БІЛІП ҚАЙТТЫҚ. СОНЫМЕН…

ТҰМАУ ВИРУСЫ – ҚАУІПТІ

Күннің салқындауымен қатар келетін тұмау ауры ең көп тараған жұқпалы аурулардың бірі. Мұғалжар аудандық аруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі инфекционист Загифа Аватаеваның айтуынша, тамыз айынан бастап ауруханаға тұмау ауруымен оның ішінде пневмониямен сырқаттанып түсетін науқастардың қатары көбейген. Бүгінде аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде 18 адам ем қабылдауда.

Тұмау адамнан адамға ауа тамшылары арқылы беріледі. Айталық, қасыңызда отырған адамның түшкіруі, не болмаса жөтелуі жеткілікті. Вирус жыл сайын өзгеріп отырады. Қазіргі таңда тұмауға шалдыққан науқастарда кейбірінен дәм, иіс сезбеу секілді белгілердің барын байқап жүрмін. Бұр коронавирустың симптомдарына келетін сияқты. Бірақ ПТР тест алған сәтте коронавирус емес екені анықталып жатады. Тұмаудың басталуы әрдайым ауыр жүреді, температура 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Интоксикация белгілері айқын көрінеді. Айталық, тәбеттің төмендеуі немесе болмауы, әлсіздік, қозғалғысы келмеуі, бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардағы ауырсыну болады. Әсіресе, балаларда жүрек айну және құсу, диарея секілді белгілер көптеп кездеседі, — деді инфекционист Загифа Маратқызы.

Тұмаудың ересектерге қарағанда балалар арасында қауіпті болатынын аудандық аурухананың балалар бөлімінің меңгерушісі Ақзира Махмутхан да растады.

Балалар арасында тұмаумен, ЖРВИ-мен ауыру жыл сайын ересектерге қарағанда 4-5 есе жоғары. Себебі балалар мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде оқитын болғандықтан бір-біріне жұқтырады. Ал көпшілік шоғырланған жерде инфекциялардың өте тез таралатыны белгілі. Ата-аналар балалардағы тұмаудың алдыналуға өте байыпты қарау керек. Суық мезгілде ата-аналар балалармен таза ауада көбірек уа-қыт өткізіп, пәтерді үнемі желдетіп, едендерді жуып, баланың жеке басының тазалығын сақтау қажет. ЖРВИ мен тұмау тек жөтелетін және түшкіретін науқастардан ғана жұқпайды. Инфекцияның таралатын тағы бір көзі — қол. Сол себепті қолды үнемі сабынмен жуып отыру да маңызды, — деді балалар бөлімінің меңгерушісі Ақзира Махмутханқызы.

ҮЙ ЖАҒДАЙЫНДА ЕМДЕУ — АУРУДЫ АСҚЫНДЫРАДЫ

Дәрігерлер балаларды емдеу кезінде дұрыс режимді қамтамасыз ету маңызды екенін тілге тиек етті. Науқас жақсы желдетілетін бөлмеде және жылы төсекте болуы қажет. Әсіресе, балаларда тұмаудың алғашқы белгілері пайда болған кезде атааналар дереу дәрігерді үйге шақыртып, немесе емханаға дәрігердің қабылдауына алып келуі керек. Тұмауға қарсы өзін-өзі емдеуге жол берілмейді, дәрігер диагноз қойып, науқастың жағдайы мен жасына сәйкес қажетті емдеуді тағайындайды.

Мойындау керек, қазіргі ата-аналардың көпшілігі тұмаудың қауіптілігіне аса мән бермей, үйден емдейді. Ол өте қауіпті. Балаға аптекадан салқын тиюге қарсы түрлі дәрі-дәрмектерді сатып алып, өз бетінше беруге болмайды. Баланыалдымен дәрігерқарау керек. Баланың жағдайын бақылап, тыныс жолын тыңдап, түрлі сараптамалар жасау аса маңызды. Ауруханаға түскен әр баланың ауру сипаттамасынан бөлек, салмағы мен бойын өлшейміз. Бұл балаға ем тағайындау кезінде үлкен маңызға ие. Салмағы мен бойына қарап, балаға берілетін дәрі-дәрмектің мөлшерін шығармыз. Сонымен бірге баланың түрлі антибиотиктерге деген сезімталдығын да тексереміз, — деді Ақзира Махмутхан.

Осы кезде сөзге араласқан инфекционист Загифа Маратқызы бүгінгідей интернет желісінің дамыған уақытында Google-ді ақтарып, өзіне диагноз қойып, өз бетінше ем-дом қабылдайтындардың көп екенін мәлімдеді. Соның салдарынан асқынулар көп болып, арты өлім-жітімге дейін алып келеді екен.

Интернеттен қарап, өз-өзіне ем тағайындау өті қауіпті. Ол жерде тек жалпылама мәліметтер беріледі. Ал әр науқастың жағдайы мен ауруының сипаттамасы әр түрлі болады. Емді тек дәрігердің нұсқауымен алу керек. Интернеттен қа-рап алып, ем жасай беретін болса, 10 жылға жуық неге оқытады? Googleден оқып алып бәрі неге дәрігер болып кетпейді?! Сол себепті дәрігердің нұсқауынсыз өздігінен шара қабылдау өте қауіпті. Біз аса мән бермейтін парацетамол дәрісін де көп қабылдауға болмайды. Оның да қарсы көрсетілімдері бар. Аптекадан да кез келген дәрі сатып алып, іше берудің өзі үлкен қателік. Мен алдыма келген науқастардың бәріне осы мәселені айтудан шаршамаймын, — деді Загифа Маратқызы.

АУРУДЫҢ АЛДЫН АЛУ – МАҢЫЗДЫ

Бүгінде балалар бөлімінде жалпы саны 11 бала ем қабылдауда. Олардың көпшілігі салқын тигізгендер. Бүгінде науқастар дәрігерлердің нұсқаулығы бойынша тағайындалған ем-домдарды қабылдауда. Бөлім ішін аралап, балаларға қандай медициналық көмектің көрсетілетінін қарадық. Бұл жерде жоғары тыныс жолдарындағы түрлі инфекцияларды кетіруге арналған ингаляциялық құрылғылар да бар екен. Сондай-ақ балаларға арналған ойын бөлмелері да жасақталыпты.

-Біздің бөлімде қызмет ететін дәрігерлер мен медбикелер балалардың жағдайын барынша жасауға тырысады. Медбикелер дәрігердің тағайындаған емі бойынша уақытылы ем-шараларды жүргізіп отырады. Барынша балалардағы тұмауды асқындырмай, жазып алуымыз керек. Тұмау асқынған жағдайда пневмония, энцефалит, бұлшықет аурулары, отит, ринит, синусит, бронхит секілді қауіпті ауруларға ұласып кетеді. Ал асқынған ауруды емдеу жолдары да күрделенеді. Сондықтан алдын-алу шаралары баланы оқшаулауға емес, аурудың ықтималдығын азайтуға және баланың иммундық жүйесін нығайтуға бағытталуы керек, — деді балалар дәрігері.

Дәрігер тұмаумен науқастанған баланың тамағына да аса мән беру қажеттігін ескертті. Науқасқа берілетін тағам жеңіл және ақуызға бай болуы керек. Сұйықтықты көп ішу де маңызды екен.

Тұрғындар барынша өздерін тұмау мен ЖРВИдан сақтаулары керек. Ол үшін адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармай, барса да бетперде тағып, жылы киініп, салқындап қалмаудың қамын жасағаны абзал. Сонымен бірге тұмаудан сақтанудың тиімді жолы екпе екенін айтқым келеді, — деді Загифа Маратқызы.

3 208 АДАМ ТҰМАУҒА ҚАРСЫ ЕКПЕ АЛҒАН

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұстанымына сәйкес, тұмауға қарсы ең тиімді құрал – вакцинация. Дәрігерлер тұрғындарға тұмау маусымы басталмай тұрып, тұмауға қарсы екпе алу қажеттігін айтты. Тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау аудан аумағында 15 қыркүйектен басталған.

Тұмауға қарсы вакцинаны сатып алуға және халықтың ең осал топтарын вакцинациялауға жергілікті бюджеттен 109 400 доза вакцина бөлінді. Екпе салу жұмыстары қараша айына дейін жалғасады. Бүгінде аудан бойынша 3 208 тұмауға қарсы адам егілді. Профилактикалық егуді жүргізер алдында екпе алушының, денсаулығының қалыптылығы тексеріледі. Тұмауға қарсы вакцинаны ауданның барлық емханаларында тегін және ақылы түрде алуға болады, — деді санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан Бүркітов.

Елімізде бір аптада 171 532 адам жедел респираторлық вирус жұқтырған. Ал жыл басынан бері 544 мың науқас анықталған. Дегенмен бұл былтырғыға қарағанда 27 пайызға аз. Бас-аяғы жылына 4-5 млн қазақстандық осы вирусты жұқтырса, 2 мың адам тұмау тиіп ауырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, болжамға сәйкес алдағы эпидемиялық маусымда тұмаудың 3 штамы өзекті болады. Олар 2024- 2025 эпидемиялық маусымға арналған вакцинаға енгізілген. Ағымдағы жылы бюджет қаражатынан Ресейде өндірілген грипо + вакцинаның 2 207 000 дозасы сатып алынған. Бұл халқымыздың 11%-ы қамтуға мүмкіндік береді.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АТАЛЫ ЕЛ — АНАДАН

admin_mugalzhar

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «ЕҢБЕК — ЕЛДІҢ МҰРАТЫ» арнайы жобасы

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар қыркүйек айында қанша күн демалады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.