Өткен аптада Қандыағаш қаласындағы «Жас Star» дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінде аудан жастарының арасында дәстүрлі спартакиада басталып, аудан орталығындағы түрлі спорт нысандарында жалғасты. Спорттық шараның мақсаты — бұқаралық спортты насихаттау, ұлттық және кеңінен дамыған спорт түрлерін дамытып, спорт резервін дайындау және спортшылардың шеберлігін жетілдіру. Екі күнге созылған VII Жастар спартакиадасының ашылау салтанатына аудан әкімі Дархан Ермағанбетов қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, дәстүрлі жастар спартакиадасы бұқаралық спортты насихаттауға үлес қосып, жастар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға зор серпін беретінін жеткізді.
400-ГЕ ЖУЫҚ ЖАСТАР ҚАТЫСТЫ
Спартакиада бағдарламасына сай қатысушылар волейбол шағын футбол, қазақ күресі, гір спорты, қол күресі, үстел теннисі, жеңіл атлетика бойынша бақтарын сынады. Сайысқа ауданның барлық қала және ауылдық округтерінен 400-ге жуық қатысушылар келді. Спартакиада бағдарламасына сәйкес спорттың 7 түрінен мықтылар анықталды. Спорттық ойындар қала аумағында бірнеше спорт нысандарында өтті. Мәселен волейболдан ерлер сайысы №1 ЖББОМде, қыздар сайысы жабық стадионда, үстел теннисі, қол күрес, гір спорты, қазақ күресі Қандыағаш қаласының «ЖасStar» дене шынықтыру сауықтыру кешенінде, шағын футбол Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болса, ал жеңіл атлетика бойынша Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебіне қарасты стадион даласында өтті. Спартакиаданы тамашалаған жанкүйерлер қатары көп. Делебені қоздырған сайыстар қызықты өтті. Ауа райының құбылмалы болуы жас спортшыларға еш кедергі келтірген жоқ.
Футбол ойыны да әрі қызық, өте тартымды өтті. Жарысқа қатысушылар жоғары дайындықпен келіп, белсенділікпен қатысты. Ал қазақ күресі мен гір спортынан тамаша жекпе-жектер болды. Жылдамдық пен ептілікті қажет ететін ракетка шеберлері әр ойынға деген физикалық және психологиялық тұрғыдағы дайындықтарын жоғары дәрежеде көрсете білді. — Қол күресі шеберлері болса, білек күшi спортының озық үлгісін көрсетті.
— Бұл байрақты бәсеке спортсүйер мұғалжарлықтар санының артуына айтарлықтай себеп болуда. Ауданымыздан шыққан азаматтар арасында да еліміздің атағын қорғап жүрген саңлақтар аз емес. Әлемдік аренада жүрген Мұғалжар ауданының мақтаныштары жетерлік. Ал бұл жолғы спартакиада қатысушыларының қатарында да келешекте аудан мен облыстың атағын шығаратын мықты спортшылар бар екеніне сенім артамыз және жерлестер ынтасының ерекше екенін айтқым келеді. Ауданда барлық спорт түрлерін дамытып жатырмыз. Қай спорт түрін айтсақ та, нәтиже жаман емес. Аудан намысын қор-ғап жүрген осы жастарымыз. Сол себепті әр ауылда спортты дамытуға бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Спорттық нысандар да жаңартылып жатыр, – деді аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина.
ҚАНДЫАҒАШТЫҚТАР ЖЕҢІМПАЗ АТАНДЫ
Жарыс соңында, тартысқа толы сайыс қорытындыланды. Кіл мықтылар арасынан үздік спортшылар анықталып, аудан абыройын байрақты бәсекелерде қорғайтын болады. Жыл сайын аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен жүзеге асатын ауқымды сайыс қорытындысында жалпыкомандалық есепте үшінші орынды Құмсай ауылдық округі алса, Ембі қаласы екінші сатыдан көрінді. Ал бірінші орынды Қандыағаш қаласы иеленді.
Жүлделі орындар алған қатысушы командалар мадақтау қағазымен және медальдармен марапатталса, ал жалпы командалық санақта 1, 2, 3 орын алған командаларға Кубоктар және дипломдар берілді.
А.МАНАСБАЕВА З.ЕСЕНЖОЛОВ