«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТЕМІРЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ 42 ЖЫЛ

Мемлекет басшысы келер жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Жұмысшы мамандықты дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттайтынымызға да баса назар аударды. Ал біздің газетімізде өткен жылдан бері «Еңбек адамы» айдары ашылып, бүгінгі күнге дейін қаншама еңбектің көрігін қыздырған жандар кейіпкерімізге айналды. Қарапайым жұмысшы бола жүріп, жүрегіне үлкен арман түйген, еңбегімен көпке үлгі, көркем мінезімен әріптестер арасынды сыйлы болған кейіпкерлер саны артып келеді. Солардың бірі — еңбек жолын бастаған алғашқы күнінен бастап 42 жылға жуық өмірін теміржол саласында өткізіп келе жатқан Гүлзада ӨМІРЗАҚОВА.

Кейіпкерімізбен кездеспекке арнайы жұмыс орнына бардық. Қандыағаш пайдалану локомотив депосы ғимаратындағы шеткі кабинетке кіргенімізде бұрыштағы орында отырған арнайы форма киген, жылы жүзді жан көзімізге оттай басылды. Ә дегеннен-ақ әңгімеге кірісіп, жұмысын көрсетіп, сұраққа еркін жауап бере бастаған Гүлзада Насырқызының өз ісінің жетік маманы екені көрініп тұр. Әсіресе ол жылдамдық өлшеуіш ленталарымен жұмыс істеудің ережесін бес саусағындай жатқа біледі. Кәнігі маман таспа тексерудің ыждағаттылықты талап ететінін, таспадағы жазбалар кез келген машинистің локомотивті қалай жүргізе білетінін көрсететін паспорты екенін айтты.

Көріп отырғандарыңыздай, мына бұрышта менің жұмысым өтеді. Мен бұл жерде таспа ленталарына жазылған жазбаларды зерттеймін. Ол жазбалар тепловоз жүргізушісінің бағдаршамға қандай жылдамдықпен тоқтағанын, стансаларға қандай уақытта келгенін, тіпті, тежегішті қалай басқанын көрсетеді. Таспа лентасы жылдамдық өлшегіш құралдың барабанына салынады. Нормативтік құжаттарға байланысты сапарға шығатын әрбір машинистке белгіленген тәртіп пен жылдамдық лентасын салуы міндеттелген. Ол салынбай, локомотив орнынан қозғалмайды. Жылдамдық таспасына пойызды жүргізу тәртібінің негізгі параметрлері тіркеліп жазылады, ол өте маңызды құжат, — деп жұмысымен таныстырды тәжірибелі маман.

Ол таспаны тексеру – сауаттылық пен қырағылықты қажет етеді. Арнайы нұсқаулықтарға — сәйкес шаблон арқылы талданатын таспа лентасы ұқыптылықпен ашылып, сақталады.

Мен алғаш жұмысымды бастаған уақытта лента тек қағаз түрінде жеткізілетін еді. Оны арнайы өте жарық жерге апарып, талдау жасайтын едік. Кейін 2013 жылы «КЛУБ-У» деп аталатын арнайы жүйе қосылды. Ол жерде арнайы кассета тіркеуі арқылы компьютермен анықтадық. Кейінгі жылдары «БОР Т системасы» қолданысқа еніп, заман ағымына қарай модуль тіркеуі арқылы талдау жасайтын болдық. Бірақ қазір 3 жүйе бойынша да қызмет жасаймыз. Себебі ескі тепловоздарға кейінгі шыққан екі жүйе келмейтіндіктен, алғашқы лента қағазымен де жұмысымызды атқарып келеміз, — дейді ол.

Сұхбаттасу барысында кейіпкерімізден өзі туралы да сұрап үлгердік. Өмірінің басым бөлігін арнаған мамандыққа қалай келгені де қызықтырды. Сөйтсек, бала Гүлзаданы теміржол әлемімен таныстырған да, қызықтырған да, алып келген де туған әпкесі болып шықты. Мектепте оқып жүрген кезде теміржол саласында еңбек еткен әпкесінің жұмысын көріп, қызығушылығы артқан. Сол қызығушылығы мамандық таңдауда да басты рөл атқарып, бойжеткен Гүлзада сол кездегі Ақтөбе қаласындағы теміржол техникумына оқуға түседі. Өндірістік тәжірибені де жолдама арқылы Қандыағаш пайдалану локомотив депосынан өткен. Осы жерден өзінің болашағын көрген ол оқу аяқталысымен сол мекемеге жұмысқа орналасады. Міне, содан бері 42 жылға жуық уақыт өтіпті… Осы жылдар ішінде бір мекемеде алдымен 1983 жылы техник болып жұмысын бастап, кейін 1987 жылы таспа талдау технигі қызметіне ауыстырылып, ал 2006 жылы қызметі көтеріліп, аға таспа-талдаушы болып тағайындалады. Жүрегі кең, адамгершілігі мол еңбекқор жанды әріптестері де кезінде қалай ерекше ықыласпен қарсы алса, бүгінде екінші отбасына айналған сол ұжымдастары әлі де ерекше бағалайтынын байқадық. Сұхбаттың барысын да солай қарай бұрып, әріптестерінің қандай екенін сұрағанымыз сол еді, мақтап ала жөнелді. Алдымен ауыз біршіліктерінің мықтылығына баса назар аударды. Қандай жағдай болмасын бір-бірінің кем-кетігін жасырып, қиын кезде қолдау көрсетіп, мереке-жиындарда бір үйдің баласындай жұмыла кететінін, егер тепловозда ақау бола қалса, бірбірімен санаспай, барлығы бірдей жұмысқа кірісіп кететінін айтты.

Өмір жолынан да, жұмыс барысынан да сыр бөліскен қандыағаштық Гүлзада Өмірзақова осы еңбек жолында көптеген қиындықтар кездескенін де жасырмады. Олардың жұмысының маңыздылығы сол, апатты жағдайда машинистерге көмегі көп тиеді. Адам немесе мал қағып кету секілді оқиғаларда жасаған таспа-талдаулары маңызды рөл атқарады.

Машинисті қаралап та, ақтап та алатын сол жылдамдық таспасы болып табылады. Сондықтан біз таспа лентасының ашылуына да үлкен мән береміз. Оған бөтен ештеңе тигізбей ашып, тек қара қарындаш пен шаблонды ғана пайдалана отырып талдаймыз. Машинист қандай қателік жіберді, нені дұрыс жасамады бәрін талдап, сонан соң оған анықтама жазып, тиісті орындарға береміз, — дейді кейіпкеріміз.

Келесі жылдың мамыр айында зейнетке шығатын Гүлзада Насырқызының отбасы да теміржол саласынан алыстамаған. Жолдасы теміржолдан зейнетке шықса, ұлы машинист көмекшісі қызметінде. Қызы да осы саланы бітіргенімен, тұрмыс құрып, қызметке әлі араласа қоймаған.

Бүгінде зейнетке шығуыма 7 ай уақыт қалды. Біздің жұмысқа негізі жастар көп келеді. Бірақ көбісі шыдамай шығып кетеді. Әйтсе де, шыдамдылық танытып, жақсы маман болып кететіндері де жоқ емес. Қазір қасымдағы жас маманды өзімнің қызметіме дайындау үстіндемін. Еңбегім нәтижелі болады деп үміттенемін, — деп сөзін тәмамдады өз ісінің білікті маманы Гүлзада Өмірзақова.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Биыл Ораза қашан басталады?

admin_mugalzhar

Мамырдағы мерекелер: облыста 209 шара өтеді

admin_mugalzhar

АРДАГЕРЛЕРГЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.