Облыс орталығында өткен Ақтөбе қаласының 155 жылдығына арналған «Әнші балапан-2024» облыстық балалар шығармашылығы байқауына аудан атынан қатысқан оқушылар жүлделі оралды.
Аталған байқауға облыстың барлық аудандарынан жетпіске жуық өнерлі оқушы қатысты. Халық шығармашылығы жанрларын өңірде дамыту, дарынды балаларды анықтау мақсатында өткен байқауда «эстрадалық вокал», «академиялық вокал», «дәстүрлі» жанрлар бойынша 7-9, 10-12 жас аралығындағы өнерпаз балалар бақтарын сынады. Байқауға қатысқан балалардың өнерін бағалап, қазылық еткендердің қатарында ҚР Мәдениет қайраткері МаратӘйтімов, облысқа белгілі әнші Нұртас Омаров және т.б. бар.
«Әнші балапан» байқауына аудандық кезеңге қатысып, әр түрлі жанр бойынша Бас жүлдені жеңіп алған алты оқушы қатысты. Олар — Айдария Сәлімжан, Аяулым Мұратқалиева, Айзере Шораева, Эльмира Қалбекова, Дилярам Мұхамбетниязова, Жанель Смағұловалар. Байқау нәтижесі бойынша «эстрадалық вокал» жанрына 7-9 жас бойынша қатысып, өнер көрсеткен Эльмира Қалбекова Бас жүлдені жеңіп алып, 150 мың теңгелік сертификатты, ал ІІ орынды иеленгенАйдария Сәлімжан 80 мың теңгелік сертификатты қанжығалады. Жеңімпаз Эльмира Қалбековаға Қандыағаш қалалық мектептен тыс№1Аула клубыныңмұғаліміЖаңылсын Сарымсақова, Айдария Сәлімжанға Қандыағаш қалалық №4 орта мектебінің мұғалімі Жадыра Сисенбаева жетекшілік етеді.
Сонымен бірге «дәстүрлі» жанр бойынша 7-9 жас аралығында өнер көрсеткен Айзере Шораева «Ең жас дәстүрлі әнші» номинациясымен және 50 мың теңгелік сертификатты, 9-12 жас аралығында «вокал» жанрында ән айтқан Дилярам Мұхамбетниязова Дипломант атанып, 30 мың теңгелік қаржылай сертификатты жеңіп алды. Ал байқауға белсене қатысқан Жанель Смағұлова мен Аяулым Мұратқалиеваға 10 мың теңгелік сертификат бұйырды. Бұл оқушыларға Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі Құралай Исабекава жетекшілік етеді.
Н.КЕСІКҚҰЛ