«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІ ӨЗІНІҢ «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН» АНЫҚТАДЫ

МІНЕ, 2024 ЖЫЛ ДА АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН. ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ТАРИХЫ БАР «МҰҒАЛЖАР» ГАЗЕТІ ЖЫЛДАР ЖЫЛНАМАСЫНДАҒЫ 94-ШІ ТОМЫН АЯҚТАП, ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА ЖІБЕРМЕК. ГАЗЕТ ЖУРНАЛИСТЕРІ ЖЫЛДАҒЫ ДӘСТҮРДЕН ЖАҢЫЛМАЙ, «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» ҚОРЫТЫНДЫ ҺӘМ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІН ДАЙЫНДАДЫ. ГАЗЕТ ҰЖЫМЫ ЖЫЛ БОЙЫ БАСЫЛЫМ БЕТІНДЕ ЖАРИЯЛАНҒАН КЕЙІПКЕРЛЕРДІҢ, КӨТЕРІЛГЕН МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР МЕН ТАҚЫРЫПТАРДЫҢ, ТАРАТЫЛҒАН ЖАҢАЛЫҚТАРДЫҢ, БЕЛСЕНДІ ОҚЫРМАНДАРДЫҢ, МАҚАЛАЛАР ДАЙЫНДАУ БАРЫСЫНДА АТСАЛЫСҚАН ӘР САЛА МАМАНДАРЫНЫҢ АРАСЫНДА «ЖЫЛ ҮЗДІКТЕРІН» АНЫҚТАДЫ. СОНЫМЕН…

«ҮЗДІК ТАҚЫРЫП» — «Балаларда алаң бар, жан бар ма оған алаңдар?»

Осы тақырыппен жарыққа шыққан бұл мақалаға қала аумағындағы ойын алаңдарының сол кездегі жағдайы арқау болған еді. Мақала жарияланғаннан кейін біз көтерген мәселеге мән артылып, ойын алаңдары күрделі жөндеуден өтті.

«ҮЗДІК КЕЙІПКЕР» — НұрболатТәжіғұлов

.бейбіт күннің батыры. Ол ақпанның ақтүтек боранында 36 шақырым жерді жаяу жүргендердің қатарында көлікке жол көрсетіп, науқас адамды ауруханаға жеткізуге көмегін тигізді. Бейбіт күндегі бұл батырлығы еленіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін алды.

«ЖАҢА АЙДАР» — «Мұғалжар» экспедициясы

Газетімізде биылғы жылы ашылған бұл айдар аясында газет журналистері Ақкемер ауылдық округі аумағында орналасқан Көтібар батыр кесенесіне барып, тылсым тарихымен танысты. Бұл кесене аудандағы киелі жерлер географиясының арнайы жобасы бойынша мемлекет қорғауына енген бес жердің қатарына кіреді. Биіктігі 12 метрдей болатын кесененің төбесінде түтікше секілді үш саңылау бар. Кесене ішіндегі қоңыр салқын ауаны осы түтікшелер реттеп тұрғандай. Батырдың кесенесі 2000 жы-лы қайта салынған. Батырдың дулығасы іспеттес кесененің жобасын Әділғали Баяндин сызған. Кесене қабырғалары Маңғыстаудан әкелінген ұлутастан қаланған. Тарихи деректерге сүйенсек, Көтібар батыр алып күштің иесі, жаудан беті қайтпаған әруақты батыр болған. Жауына «Бақтыбайлап» ұрандап, ту көтеріп, өз байрағының астына өзімен жерлес батырларды біріктіре білген.

Оның батырлық даңқы, еліндегі көсемдік деңгейі бүкіл Кіші жүзге, қала берді, жалпы қазаққа кеңінен жайылып, «Алмас қылыш», «Дала рыцары» деген атаққа ие болған. Оның есімі көпшілікке мектеп бағдарламасындағы «Айман Шолпан» жырынан да жақсы таныс.

Көтібар батыр егемендікті аңсаған, сол үшін өз халқын отаршылдықтан құтқаруға барын салған жан. Елек пен Жайық өзендерінің бойын жайлаған Кіші жүз халықтарын қорғап, олардың жайылымдық жерлерін тартып алуға ұмтылғандарға тойтарыс беріп, патша өкіметіне бірнеше мәрте ресми түрде хат жолдаған. Ұсынысын қабыл алмаған өкіметке қарсы шығып, қарулы көтеріліс жасауға мәжбүр болған. Осы әрекеті патша үкіметіне жақпағандықтан, жалдамалы жендеттерге өлтірткен деген деректер бар.

«ДАРЫНДЫ ОҚУШЫ» — Аяулым Жұмабай

Бүгінде Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде оқитын Аяулым Жұмабай «Мұғалжар» газетінің «Дарынды оқушысы» атанды. Ол қол күресінен Молдова мемлекетінде өткен жасөс-пірім қыздар арасында Әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, қол күресінен облыс тарихында алғаш Әлем чемпион атанды. Аяулымның бағындырған жеңістері туралы газетімізде бірнеше мәрте сүйінші жаңалық және оқушы әрі чемпионның бір күні бейнелеген көлемді мақала жарық көрді.

«ЕЛЕУЛІ ЕҢБЕК АДАМЫ» — Саламат Әмірханов

Көптің алғысын арқалаған Саламат Әмірханов «Елеулі еңбек адамы» атанды. Өз жұмысының шебері «Коммуналшы» мекемесінде аралаушы-слесарь болып жұмыс жасайды. Оның жұмыстағы басты мақсаты — халықты жылумен қамтамасыз ету. Қандыағаш қаласы бойынша жылу жүйесін үнемі бақылап, бұзылса, немесе су кетсе, жөндеп, қазандықтарды қарайды. Оның осы салаға келгеніне көп уақыт өте қоймаса да, жұмысында біраз жетістіктерге қол жеткізіп үлгерген. 2023 жылы «Mugaljar awards-2023» премиясынан «Үздік жас жұмысшы» номинациясын жеңіп алды.

«ҮЗДІК АВТОР» — Венера Қалдина

Мұғалжар жерінде тылсым тарихқа толы жерлер жетерлік. Сол тарихқа мән артып, сырын ақтаратын авторлар да баршылық. Газетіміздің биылғы №39 санында жарық көрген «Қойнауы тарихқа толы – «Қонжар» балалар үйі» мақаласының авторы Венера Қалдина «Үздік автор» атанды. Ол Талдысай ауылдық округіне қарасты «Қонжар» жерінің тарихи атауының сырына мән артып, тасқа түскен тарихты саралап, Ресей мұрағаттарынан деректер іздеп, редакцияға мазмұнды мақала жіберді. Мақалада «Қонжар» балалар үйінің оқу ғимараты екі кластық етіп салынған бір қабатты, кірпішті ғимарат екені, дәліздерді қоса алғанда 9 бөлмеден тұрғаны, барлық класс бөлмелері 169 шаршы метрді құрағаны айтылған. Мектепте сол уақытта 239 бала оқыған. 454 шаршы метр 5 жатақхана болған, яғни, әр балаға орта есеппен 2 шаршы метрден тиесілі болған. Жатақхана мен мектептен бөлек, 1 ас бөлмесі, 5 наубайхана, кітапхана, сарай, клуб, астық сақтайтын қойма және монша болған. Балалар үйінің алғашқы директоры Қарағұл Сұлтанов деген кісі болған. Мақалада сол жылдары кімдердің қандай қызмет атқарғаны туралы тың деректер де жазылған.

«ТҰРАҚТЫ ОҚЫРМАН» — Айсұлтан Мұхамбетқазин

Газетіміздің «Тұрақты оқырманы» — Айсұлтан Мұхамбетқазин. Ол Қандығаш қаласында тұрады. Басылымнан қол үзбеген зейнеткер сүйікті ісі газет оқу екенін, соның ішінде аудандағы жаңалықтардан хабардар болу үшін аудандық «Мұғалжар» газетінің бір санын жібермейтінін айтады. Әсіресе, газет бетіндегі тарихи материалдарды сүйсіне оқиды.

«КИЕЛІ ӨНЕР ИЕСІ» — Балымбет Күзембаев

Ұлттық өнерді дәріптер, киелі домбыраны жас ұрпаққа үйрету жолында елеулі еңбек етіп жүрген Балымбет Күзембаев «Киелі өнер иесі» деген аталымға әбден лайықты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, өнер иесінің айтуынша, өзге балалардың бойындағы дарынын ашып, артыңа із қалдыра білу де маңызды. «Білгеніңмен бөлісіп, үйретіп отырудың өзі бір ғанибет» деген пікірде ол. Еңбек жолында «Мұрагер» деп аталатын ансамбль құрып, талай шәкіртті домбыраға баулыды. Өнер жолына қанаттандырған ұлағатты ұстаздан дәріс алған оқушылары бүгінде халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда жүлденің алдын бермей, жеңімпаз атануда. Киелі өнер иесі Балымбет Күзембаев шәкірттерді домбыраға баулып қана қоймай, композиторлықпен айналысып, бірнеше күйді жарыққа шығарды.

«ЖАЛЫНДЫ АҚЫН» — Нұрбол Ибраев

Ауданымызға белгілі, мақтанышқа айналған мұғалжарлық ақын Нұрбол Ибраевты көпшілік жақсы біледі. 2003-2004 жылдары «Ақын болғым келеді», «Болашақтың бастауы» атты өлең кітапшалары мен 2010 жылы «Қанаты жоқ періште» атты жыр жинағын жарыққа шығарған ол қазіргі таңда қазақстандық эстрада жұлдыздарымен жұмыс жасайды. Көпшілік білетін, бірге қосылып шырқайтын әндердің авторы ретінде танылған жерлесіміз облыстық, республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері әрі жеңімпазы.

«Бір сен үшін» фильмінің, «Мұзбалақ» мультфильмінің, «Тәуекел» телехикаяларының саундтрек авторы. Нұрболдың сөзіне жазылған Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы «Махаббат деген…» әні 2018 жылғы «Жыл таңдауы» байқауының жеңімпазы атанды. Ақынның сүбелі сырға толы жігерлі жырлары газет беттерінде үнемі жарияланып тұрады.

«СПОРТ ЖҮЙРІГІ» — Мейрамбек Қартбай

Франция елінің астанасы Парижде өткен олимпиадаға қатысқан мұғалжарлық палуан Мейрамбек Қартбай газет оқырмандары үшін «Спорт жүйрігі» атанды. Палуан Париждегі бәсекеде 57 кг салмақта белдесті. Ембі қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен қанат қаққан Мейрамбек олимпиадаға дейін түрлі додаларға қатысып, үз-діктер қатарынан көрінді. Қажырлы еңбегінің арқасында Азия, Әлем чемпионаттарына қатысып, жеңімпаз атанды.

«АБЗАЛ ДӘРІГЕР» — Светлана Инисова

Мұғалжар аудандық ауруханасында ұзақ жылдан бері дәрігерлік қызмет атқаратын Светлана Инисованы Қандыағаш жұртшылығы жақсы таниды. Ол аудандағы еңбек жолын 1992 жылы аудандық ауруханада терапевт болып бастаған Светлана Сатқанқызы бүгінде ауруханада салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің меңгерушісі қызметін атқарады. Ол зейнеткерлік демалысқа шықса да дәрігерлік қызметін жалғастырып, қоғамдық жұмыстар мен спорттық шараларға белсене қатысып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда елеулі еңбек етуде. Светлана Сатқанқызы дәрігерлік қызметі жолында түрлі марапаттарға ие болды. Атап айтатын болсақ, 2000 жылы «Үздік терапевт», 2010 жылы «Жыл адамы» атанды.

«МӘРТЕБЕЛІ МҰҒАЛІМ» — Роза Иманғанбетова

Ұстаздар күніне арналған мерекелік нөмірде жарық көрген Роза Иманғанбетова туралы мақала редакция алқасының көңілінен шығып, «Мәртебелі мұғалім» аталымына ие болды. Саналы ғұмырын ұс-таздыққа арнаған ардагерұстаз ұзақ жыл Жұрын ауылындағы орта мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Бала арманына адал болған Роза апай қаншама оқушының санасына білім дәнін септі. Ұрпақ үшін жасаған еңбектерідеелеусіз қалмай, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хатына, Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасына ие болды.

«ЖЫЛЫ ЖҮРЕК» — Жансерік пен Жанатбек Сұлтанбектер

Көктем уақытында орын алған тасқын кезінде мұғалжарлықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ауызбіршіліктерін айқын көрсетті. Осындай қиын сәтте қызыл судың құрығында қалып, зардап шеккендерге жүрегі мейірімге толы балақайлар да көмек қолын ұсынды. Олар — Қандыағаш қалалық №2 орта мектебінде оқитын ағайынды Жансерік пен Жанатбек Сұлтанбектер.

Олар өздерінің жинақ қобдишаларына жинап жүрген қаржыларын қандыағаштық «Мейірім» еріктілер тобына әкеліп берді. Балақайлардың өз қажеттіліктеріне жинаған қаржысы тасқын судың кесірінен үйсіз қалған ойылдықтарға жіберілді.

Дайындаған Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Полиция жыл басынан бері 1 596 қылмыскерді ұстады

admin_mugalzhar

30 тысяч безработных планируется обучиться в рамках проекта «Бастау бизнес»

admin_mugalzhar

АРДАГЕРЛЕР АРДАҚТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.