ЖУЫРДА АУДАН АУМАҒЫНДА ЭЛЕКТР БАҒАНАЛАРЫ ҚҰЛАП, СЫМДАР ҮЗІЛІП, БІРҚАТАР АУЫЛДАРДА ТҰРҒЫНДАР ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ. БҮГІНДЕ БҰЛ ОЛҚЫЛЫҚТАРДЫҢ ОРНЫ ТОЛТЫРЫЛЫП, БАҒАНАЛАР ҚОЙЫЛЫП, ЭЛЕКТР ЖАРЫҒЫ ҚАЙТА ҚОСЫЛДЫ. ДЕГЕНМЕН АУА РАЙЫНЫҢ ҚАЛЫПТА ЖАҒДАЙЫНДА ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛУЫНА НЕ СЕБЕП? ЖАЛПЫ АУДАННЫҢ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯМЕН ҚАМТЫЛУЫ ҚАНДАЙ ДЕҢГЕЙДЕ, НЕНДЕЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА? ҚЫСТЫҢ КӨЗІ ҚЫРАУДА ТҰРҒЫНДАР ТАҒЫ ДА ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙ МА? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ ЖАРЫҚ МӘСЕЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ СҰРАҚТАРДЫ ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ «ЭНЕРГОСИСТЕМА» ЖШС-НІҢ БАСШЫЛЫҒЫНА ЖОЛДАП, МӘН-ЖАЙДЫ БІЛДІК. СОНЫМЕН…
76 ЭЛЕКТР БАҒАНА ҚҰЛАП, БІРҚАТАР АУЫЛ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ
Аудан аумағындағы бірқатар елді-мекен тұрғындары жаңа жылды жарықсыз қарсы алғаны баршаға мәлім. Сым желілеріне мұз қатып, аудан аумағындағы 76 электр бағанасы құлады. Атап айтатын болсақ, Ақсу ауылында 16, Сабындыкөлде 60 бағана құлап, екі ауылдағы 200-ге жуық тұрғын аптаға жуық жарықсыз отырды. Жарыққа жауапты «Энергосистема» ЖШС-нің мамандары бұл орын алған төтенше жағдайды күннің күрт жылып, даланы қою тұман басып, сым бойына шық секілді мұздардың қатқанымен түсіндірді.
—Қараша, желтоқсан айларында жауын-шашын, дауыл мен желдің әсерінен, сонымен қатар қыс мезгілінде электр желілеріндегі мұздақтардың пайда болуы секілді климаттық жағдайлар желілердің тұтастығы мен жұмыс өнімділігіне кері әсерін тигізеді. Бұл желілер өзара қысқа тұйықталуға, шектеулерге және тіректердің зақымдалуына әкеледі. Соның салдарынан Мұғалжар ауданы аумағында электр қуатының уақытша шектелуі орын алды. Оған себеп — кристалды жауын-шашын электр желісіне нөлден төмен температурада түскенде, сымдарда мұз құбылысының пайда болуы. Сымға мұз түскенде, ол айтарлықтай салмақ пен жүк түсіреді. Ал сым бойына қатқан мұздың қалыңдығы 20 см-ге дейін барды. Бұл салмақты көтере алмаған сым желілері бағаналарды құлатты. Электр қуатын қалпына келтіру жұмысы ұзаққа созылды. Өйткені желіні мұздан тазарту үшін механикалық әдіс қолданылды. Мамандар тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жасады. Электр желілерін мұздан тазарту, құлаған бағаналарды қалпына келтіру жұмыстарына 72 бригада, 418 маман, 153 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен бірге Темір, Қобда, Мәртөк электр желісі учаскелерінің және Актөбе қаласынан жоғары вольтті желі қызметінен қосымша 48 маман мен 14 бірлік техника тартылды. Электр желілерінде орын алған төтенше жағдай кезінде зақым келген тіректердің барлығы қалпына келтірілді. Жарықтың берілуін қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталып, электр энергиясы штаттық режимде берілді, — деді «Энергосистема» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары Марат Аманғалиев.
Ол бүгінгі таңда мекеме тарапынан ешқандай шектеулер мен өшірулердің жоқ екенін мәлімдеді. Егер де өзге мәселелер туындаған жағдайда тәулік уақыты мен демалыс күндеріне қарамастан, келіп түскен хабарламаларға жедел назар аударып, мекеменің Жедел штабы өз қызметін жалғастыруға әзір екенін жеткізді.
ӘУЕ ЖЕЛІСІНІҢ ҰЗЫНДЫҒЫ — 1 168,35 ШАҚЫРЫМ, БАҒАНА САНЫ — 24 466
«Энергосистема» ЖШС-нің басшылығы қазіргі таңда Мұғалжар ауданы бойынша тұтынушылардың электр энергиясымен қамтылуы қалыпты жағдайда екенін айтты. Бас директордың бірінші орынбасары Марат Аманғалиевтің айтуынша, ауданда жалпы саны 17 559 жарық тұтынушы абонент бар. Оның 1 099-ы занды тұлға, 16 460-сы жеке тұлға. Жоғарыда көрсетілген абоненттер бір жылда 101 198 107 кВт/ сағ электр энергия көлемін тұтынады.
— Мұғалжар ауданы аумағында екі электр желісі учаскесі орналасқан. Олар — Мұғалжар және Ембі электр желісі учаскелері. Осы екі мекемеде жалпы саны 117 қызметкер жұмыс жасайды. Ауыл-аймақтарда апаттық жағдайлар немесе жоспарлы сөндірулер болған мезгілде мекеменің бөлім қызметкерлері мен аудандық электр желісі учаскелерінің мамандары қызмет көрсетеді. Қандыағаш пен Ембі қаласынан бөлек, Жұрын, Қаракөл, Ащысай, Құмсай, Ақкемер, Талдысай, Бұлақты, Қайыңды ауылдарының әрқайсысында екі электромонтерден және Сағашилі, Жағабұлақ, Бірлік ауылдарында бір электромонтер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді. Ал тариф бағасына келетін болсақ, тап қазіргі уақытта тұрғындарды электр энергиямен қамтамасыз ету тарифының бағаларында өзгеріс жоқ, — деді бас директордың орынбасары.
Оның сөзінше, аудан аумағындағы әуе желісінің жалпы ұзындығы 1 168,35 шақырымды құрайды. Ал орнатылған бағаналар саны — 24 466 дана. Бұл әуе желілері төрт түрлі қуат өткізгіштігі бойынша электр энергиясын таратады. Атап айтар болсақ, қуаты 35 кВ, ұзындығы 328,13 шақырым әуе желісіне 3688 бағана, қуаты 10 кВ, ұзындығы 515,45 шақырым әуе желісіне 10401 бағана, қуаты 6 кВ, ұзындығы 10,41 шақырым әуе желісіне 297 бағана, қуаты 0,4 кВ, ұзындығы 314,361 шақырым әуе желісіне 10080 бағана орнатылған.
ҚАҢТАРДА ТАРИФ БАҒАМЫ ӨЗГЕРІССІЗ ҚАЛДЫ
«Энергосистема» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары Марат Аманғалиев 2025 жылдың 1 қаңтарына сәйкес тұрғындарды энергиямен қамтамасыз ету тарифінің бағалары өзгеріссіз екенін айтты. Бірақ тариф бағасының өсуі немесе өспеуі туралы нақты ақпарат бермеді. Дегенмен баспасөз беттерінде 1 ақпаннан бастап жарық бағасының қымбаттайтыны туралы жаңалық желдей есіп, бірыңғай сатып алушы үшін электр энергиясының орташа құны кВт/сағ үшін шамамен 2 теңгеге өсуі мүмкін екені жазылуда. Ресми деректерге сүйенсек, бүгінде ел бойынша электр энергиясы тапшы. Осы тапшылықты болдырмау үшін де атом электр станциясын салуды қолға алуда. Ол енді уақыт еншісінде…
Ал біз әр үйге келетін электр жарығының түбіртектеріне қарап, мұғалжарлықтардың электр жарығы үшін қанша төлеп отырғанын сараладық. Аудан тұрғындары электр жарығын бүгінгі таңда 3 деңгейлі тариф бойынша төлейді екен. Бірінші тарифтің деңгейі 90 кВт-қа дейін 16 теңге 6 тиынды, екінші деңгей 91-ден 140 кВт-қа дейін 22 теңге 33 тиынды, үшінші деңгей 140 кВт-тан жоғары 27 теңге 92 тиынды құрайды. Бұл дегеніміз, 1 адамға берілетін лимит көлемі — 90 кВт. Егер де аталған лимиттен асып кеткен жағдайда, екінші және үшінші деңгеймен төленеді.
ӨТКЕН ЖЫЛЫ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ ЖАҢАРТЫЛДЫ
Жарыққа жауапты мекеме 2024 жылы бекітілген инвестициялық бағдарлама шеңберінде аудан аумағында бірқатар шаралардың атқарылып, электр желілерін жаңартып, күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін жеткізді. Инвестициялық бағдарлама аясында аудан орталығы Қандыағаш қаласында қуаты 10 кВ әуе желісінде 22 бірлік бағана және 3,8 шақырым сымдары ауыстырылған. Сонымен бірге қуаты 0,4 кВ әуе желісінде 62 бірлік бағана және 3,3 шақырым сымдары жаңартылған.
—Қандыағаш қаласында 3 қосалқы стансада жөндеужұмыстары жасалды. Сондай-ақ қуаты 10 кВ әуе желісінің 18 бағасы мен 1,2 шақырым сымдары жөнделді. Аудан орталығынан бөлек елді мекендерде де бағаналар мен желілерді ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Құмсай ауылдық округі Жамбыл елді мекеніне қосалқы стансасы қойылып, қуаты 10 кВ әуе желісінің 10 бірлік бағанасы, 3,6 шақырым сымдары ауыстырылды. Көбелей ауылында қуаты 10 кВ әуе желісіне 5 бірлік бағана қойылып, 0,9 шақырым сым тартылды. Ал Қаракөл ауылында қуаты 0,4 кВ болатын әуе желісіне 46 бірлік бағана қойылып, 2,8 шақырым сымдары ауыстырылып, 2,8 шақырым сым желісі жөнделді. Талдысай ауылында да қуаты 0,4 кВ болатын әуе желісіне 45 бағана қойылып, 2,10 шақырымсымдары ауыстырылып, 2,10 шақырым сымдары жөнделді. Сағашилі ауылында 0,4 кВ әуе желісінің 50 бағанасы, 3,92 шақырым сым жаңартылды, — деді «Энергосистема» ЖШС-і бас директорының бірінші орынбасары Марат Аманғалиев.
ӘЛІ ДЕ АТҚАРЫЛАР ШАРА КӨП
Мекеме мамандары алдағы уақытта атқарылатын істерге де тоқталып, 2025 жылы бекітілген инвестициялықбағдарламааясында жасалатын жұмыстарды атап көрсетті. Марат Аманғалиевтің айтуынша, осы Қандыағаш қаласы мен Ақкемер ауылының қосалқы стансаларына және Сағашилі ауылындағы 3 қосалқы стансаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
—2025 жылға бекітілген күрделі жөндеу жұмыстары шеңберінде Құмшоқат ауылында қуаты 10 кВ әуе желісінің 17 бірлік бағанасы, 0,8 шақырым сымдары ауыстырылады. Ал Құмсай ауылында қуаты 0,4 кВ болатын әуе желісіне 53 бірлік бағана қойылып, 3,6 шақырым сымдары ауыстырылып, жөнделеді. Сонымен бірге Қандыағаш каласында қуаты 10 кВ болатын әуе желісінің 45 бірлік бағанасы, 4 шақырым сымдары, Жұрын-Қаракөл ауылдарында қуаты 110 кВ болатын әуе желісінің 88 бірлік бағанасы, 32,36 шақырым сымдары, ҚаракөлАщысай ауылдарында қуаты 35 кВболатынәуежелісінің121бірлік бағанасы, 29,19 шақырым сымдары, Саға ауылында қуаты 0,4 кВ болатын әуе желісінің 153 бірлік бағанасы, 4,97 шақырым сымдары ауыстырылып, жаңартылады деп жұмыс жоспарымызға қосып отырмыз, — деді Марат Аманғалиев.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ