БҮГІНГІ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕРІМІЗ АҚЖІБЕК АСАНОВАНЫҢ ЕСІМІ БАРША МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРҒА , ОНЫҢ ІШІНДЕ ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫНА ЖАҚСЫ ТАНЫС. СЕБЕБІ ОЛ 45 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ АЛДЫНА КЕЛГЕН ӘР АНАНЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҮЛКЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚАРАП, АДАМ ЖАНЫНЫҢ АРАШАСЫ БОЛЫП, ҚАНШАМА СӘБИДІҢ АМАН-ЕСЕН ӨМІРГЕ КЕЛУІНЕ ЫҚПАЛ ЕТІП, ӘР ОТБАСЫҒА ҚУАНЫШ ПЕН ШАТТЫҚ СЫЙЛАП КЕЛЕДІ.
ЖЕТІ ШЕЛПЕК ПІСІРУ – ЖАЛҒАСҚАН ҮРДІС
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған Ақжібек Сейітмағамбетқызы бүгінде зейнеткерлікке шықса да, сүйікті ісінен қол үзбей, дәрігерлік қызметін жалғастырыпкеледі. Біз, яғни газет журналистері, кейіпкерімізбен сұхбат құру үшін аудандық аурухананың перзентхана бөліміне бассұқтық. Жайдарылық танытып, күтіп алған Ақжібек апай бізді тап тұйнақтай перзентхана дәлізімен алып жүріп, жұмыс бөлмесіне қарай бағыттап келеді. Осы сәтте арғы бөлмеде пісіріліп жатқан бауырсақтың иісі мұрнымызды жарып барады. Қазақпыз ғой, асқазаннан еріксіз хабар келдіме, әйтеуір бір-бірімізге қарап, «бауырсақтың иісінай» депқалдық. Соны аңғарған Ақжібек апай: «Бүгін жұма ғой. Біздің қыздар осы күні міндетті түрде жеті шелпекпісіреді. Бұл дәстүр 1991 жылы перзентхана ашылған уақыттан бері жалғасып келеді. Мен де сол уақыттан бері осы жерде еңбек етіп келемін. Өздеріңіз білетіндей, бұл жерде екі адамның өмірі үшін үлкен күрес жүреді. Босануға келген әрбір ана мен дүниеге келетін сәбидің аман-есен болуы, жасап жатқан жұмысымызды абыроймен атқару – бірінші Алланың қолында. Сондықтан да осы жердегі дәрігерлер әр жұма сайын жеті шелпек пісіріп, құран оқытады», — деді ол.
Ал біз сәл ойланып қалдық… Иә, шын мәнінде бұл жердегі өмір мен өлім арасындағы ана мен баланың тағдыры, санаулы әр минуты — Алланың қолында. Одан кейін барып қана дәрігерлердің жасаған ем домында. Перзентхана дәрігерлерінің жеті шелпек пісіріп, садақа беру дәстүрі — «Садақаны сау да бер» деген халық даналығын еске салғандай…
БАЛАЛЫҚ АРМАН АЛДАМАДЫ
Дәрігермен құрған сұхбатымыз әрмен қарай балалық шағына ауысты. Ол Ақкемер ауылдық округіне қарасты бұрынғы Восток, қазіргі Көктөбе ауылында туып-өскен. Тұлымы желбіреген кішкентай Ақжібектің болашақта дәрігер болуына ауылда фелдьшер болып жұмыс жасаған Қырмызы апайдың ісәрекеті себеп болғанға ұқсайды.
—Біз ауылдағы медпункттің жанында тұрдық. Сол жерде жұмыс жасайтын дәрігер апайға қатты қызығатынмын. Үстінде ақ халаты, адамдарды қабылдап, оларға ем-дом жасағанына қарап, болашақта дәрігер болуды армандадым. Сабақтан қолым қалт етсе, жүгіріп келіп, қарап отыратынмын. Мектепте сабақты үздік оқыдым. Сегізінші сыныпты бітіргеннен кейін 1976 жылы Ақтөбе дәрігерлік училищесіне түсіп, 1980 жылы акушерка мамандығы бойынша үздік белгімен бітірдім. 1980- 1982 жылдары аралығында Ақтөбе қаласындағы №2 перзентхана бөлімінің акушеркасы болып жұмыс жасадым. 1982-1988 жылдары Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына емдеу ісі мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, 1988 жылы Алға қаласының ауруханасында акушер-гинеколог мамандығы бойынша интернатурадан өттім. Мен көптеген мықты мамандардан дәріс алдым. Соның ішінде ең басты тәлімгерлерім деп сол жылдары облыстың бас акушер-гинекологы болған профессор Раиса Алексеева мен профессор Қапа Құдайбергеновты атар едім. Осындай мамандардан білім алып, тәжірибе жинақтап, 1989 жылы өзімнің туған жеріме оралдым. Аудандық аурухананың гинекология бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді жалғастырдым. Ол кезде ауданның аты Октябрь болатын. Міне, сол уақыттан бері осы ауруханада үздіксіз қызмет атқарып келемін. Ол кезде бұл аурухана енді ғана салынып жатқан еді, — деді Ақжібек Асанова.
Ал 1991 жылы жаңа аурухана пайдалануға беріліп, сол жылы перзентхана бөліміашылған. Жаңадан ашылған бөлімнің меңгерушілік қызметін Баян Жұмашева атқарған. Ақжібек Асанова осы жылдары ауданның бас акушер-гинекологі қызметінде болған. 24 жыл осы қызметті абыроймен атқара жүріп, перзентхана, гинекология бөлімдерін де өз қадағалауында ұстай білді. Артылған сенімге селкеу түсірмеу үшін аянбай еңбек еткен дәрігер Асанова әр ана мен әр баланың денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмысын шебер ұйымдастыруды өзіне үлкен мақсат ете білді.
—Үлкен сенім артылғаннан кейін мен үшін бөлімде темірдей тәртіптің болуы маңызды еді. Тазалықтыда алдыңғы орынға қойдым. Қызметкерлеріме қатаң талап қоя отырып, бар білгенімді жанымды салып үйреттім. Бүгінде соның нәтижесінде перзентхана бөлімінде «Сен тұр, мен атайын» дейтіндей мықты мамандар қалыптасты. Атап айтатын болсам, дәрігергинеколог Дина Сағынова, акушерлер Гуля Аблесова, Салтанат Жаманбаева, Ақкүміс Сүйеуова, Валя Бейімбетова, Кенжесұлу Оразбаева, Мергүл Алдашева, Айгүл Жүгінісова, Айнұр Сүлейменова, жаңа туған нәрестелер бөлімінің медбикесі Бибігүл Ермекбаева мен Жазира Айжарықовалар мен мақтана алатын мықты мамандар. Сондай-ақ перзентхананың тазалығы мен тәртібіне жауапты шаруашылық медбикесі Гүлнар Алиеваның да еңбегі зор. Бұл аты аталғандардың барлығы менің қатал мінезіме шыдап, үйреткенімді өздеріне терең сіңіре білген жандар. Мен перзентханада қызмет атқаратын барлық қызметкерлерді өзімнің туғанымдай жақсы көремін. Әр ана өз баласын қалай жақсы көріп, қорғаса, мен де сол секілді осы жандар үшін барымды беруге дайынмын. «Менің қызметкерлерім – менің сенімді еңбеккерлерім» деп үнемі өздеріне айтып отырамын, — деп ағынан жарылды Ақжібек Сейтмағамбетқызы.
Содан болар, әкеге тән қаталдықтанытып, анағасай мейірімділік көрсететінбұрынғы басшыларын зейнетке шықсадаәлі күнге дейін қызметкерлері өздеріне жақын тартып, «апашка» деп атайды. Алдын кесіп өтпей, сөзін жерге тастамай, бастарын иіп құрмет көрсетеді. Бұндай құрметке ие болу – көпадамға бұйыра бермейтін үлкен бақыт.
ЕҢБЕК ЕЛЕУСІЗ ҚАЛМАДЫ
Ақжібек Асанова 45 жылға жуық кәсіби шеберлігімен талай ауыр операцияларға қатысып, ана мен баланың өмірін сақтап, біліктілігімен еңбек міндетін аброймен атқарып келеді. Осы жылдар аралығындаоныңалдынаон мыңдаған әйел келіп, ана атанды. Әрине, дәрігер үшін бұл ғажайып сәттер үлкен қуаныш сыйлайды. Дегенмен келушілердің арасында аналық бақытты сезіне алмай жүргендер де жетерлік. Осындай қиын сәттерде бедеулік дерті дендегендердің де қайғысын қайыспай көтерген біздің кейіпкеріміз оларға үміт сыйлап, сәбилі болуларына көп көмегін тигізді.
-Қуантатын, кейде мұңайтатын сәттер де аз емес. Ұзақ уақыт баласыз жүрген отбасылардың кішкентайлы болған кездегі қуанышына куә болу — ерекше сезім. Жүрегіңді елжіретеді. Екі адамның өміріне бірдей жауапкершілік таныту оңай емес. Өмірде текке жүрмегеніңді түсінесің. Акушерлік жұмыс менің есеюіме, өмірлік көзқарастарымның қалыптасуына көп әсерін тигізді. Осы салада жүріп, еңбекқорлыққа, табандылыққа шыңдалдым. Мен үнемі жас дәрігерлерге «әр науқасқа өздеріңнің жақын адамдарыңдай қарап, күтім жасаңдар» деймін. «Медициналық аппараттардың жазғанына емес, дәрігерлік ойлау қабілеттеріңе сеніңдер» деп кеңес беремін. Біздің бұлжымас бір мақсатымыз бар. Ол — өмір мен өлім алдында дәрменсіз қос бірдей жанның өміріне араша түсу, — деді ол.
Білікті дәрігердің ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Өз ісіне ұқыптылығымен адалдығының арқасында әріптестерінің ортасында абыройлы болған жоғары санатты дәрігер Ақжібек Асанова «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі» атанды.
1995 жылы Қызылорда қаласында өткен акушер-гинекологтардың V, 2000 жылы Алматы қаласында өткен VI, 2006 жылы Павлодар қаласында өткен VII съездерінің және 1999, 2008, 2009 жылдары Алматы қаласында өткен акушер-гинекологтардың конференциясына делегат болды. Сондай-ақ Франция мемлекеті мен Балтық маңы елдерінде болып, халықаралық конференцияларға қатысып, еуропалық дәрігерлермен тәжірибе алмасты. Тәжірибелі дәрігер көпжылдық жұмысында бірқатар марапатқа да қол жеткізді. 2000 жылы ауданның «Жыл адамы» атағын алса, 2004 жылы Денсаулық сақтау министрі Е.Досаевтың, 2008 жылы облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 2009 жылы «Үздік ауыл дәрігері» атанып, «Шапағат» конкурсының да жеңімпазы болды.
ҚЫЗЫҚ СӘТТЕН…
«Осыдан 21 жыл бұрын перзентхана бөліміне егіз балаға аяғы ауыр келіншек түсті. Мен ол кезде гинекология бөлімінде жүрген едім. Түсініксіз жағдайдың орын алғанын хабарлап, мені перзентханаға шұғыл шақыртты. Әлгі келіншектің егізін босандырып алдық. Енді «болдық па?» деген сәтте құрсақта тағы да үшінші баланың барын білдік. Дереу шешім қабылдап, оның да аман-есен дүниеге келуіне барымызды салдық. Әлгі келіншектің құжаттарында балалардың егіз екені жазылған. Ултра дыбысты зерттеу қағазында да егіздер көрсетілген. Жүктілік барысында ананың өзі де үш бала көтеріп жүргенін сезбеген. Осылай Алланың қалауымен дүниеге үшем келді. Осы оқиға менің есімде мәңгілік жылы түрде сақталып қалды. Айтпақшы, сол қыздардың біріне менің есімімді берді. Бүгінде ол қыздар бой жетіп, үлкен қыз болды».
АНАНЫҢ АЛҒЫСЫ
Салтанат ТӨЛЕШОВА, көпбалалы ана: ЖІБЕК АПА АЛТЫ БАЛАМНЫҢ КІНДІК ШЕШЕСІ
— Бүгінде сегізінші баламды қолыма алып, қуанып отырған жайым бар. Аяқ-асты толғағым ұстап, жедел түрде перзентханаға түстім. Кезекшілікте тұрған Жібек апаны көріп, қуанып кеттім. Себебі соңғы бес баламды осы дәрігерде босанған едім. Алдыңғы екеуін өзге қалада босандым. Міне, сүйікті дәрігерім алтыншы баламның аман-есен өмірге келуіне себепкер болып отыр. Жібек апай өте мейірімді, ананың да, баланың да денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын білікті маман. Отбасымның атынан үлкен алғысымды білдіремін. Осы кісі секілді мықты дәрігерлер көп болса деген тілек айтамын.
Әріптес пікірі
Дина САҒЫНОВА, перзентхана бөлімінің меңгерушісі, Ақжібек Асанованың шәкірті:
БҮГІНДЕ БІЛІКТІ ДӘРІГЕР БОЛСАМ, ОЛ — ҰСТАЗЫМНЫҢ АРҚАСЫ
-Менің ұстазым Ақжібек Сейтмағамбетқызы өте қатаң адам. 2010 жылы ауруханаға жұмысқа келген кезім. Емханада қабылдау жүргіземін. Бір күні кезекті жиналыс біткеннен кейін, «Әй, сен қыз, ертең маған кел. Сосын хирургиялық киімдеріңді де ала келерсің» деді. Сол сәттен бастап мені кесір тілігіне байланысты операцияларға алып кіріп, отаны қалай жасау керектігін үйретіп жүрді. 3-4 ай өткен соң кезекті операцияда қолыма скальпельді берді де «кес» деді. Мен қорқып: «Жоқ, әлі дайын емеспін», — деймін. Әрине, адам кесу оңай емес қой. Бір уақытта тағы да қатқыл үнмен: «Қашанғы жүре бересің?! Осылай жүре берсең, ешқашан дайын болмайсың!» — деп жекіді. Тәлімгерімнен қорыққаным соншалық, өз қорқынышымды жеңіп, операцияны бастап кеттім. Сөйтіп түрлі гинекологиялық ауруларға ота жасайтын жағдайға жеттім. Бүгінде білікті дәрігер болып, перзентхана бөлімін басқарып отырсам, оның артында Ақжібек Сейітмағамбетқызының үлкен еңбегі жатыр. Тәлімгер әпкемнен алған тағы бір үлгім — жұмысқа деген жауапкершілік. Бұл кісі ешқашан кешікпейді. Жиналыс болсын, ота болсын, уақытында келеді. Ешқашан күтіп отырған кезіміз болған емес. Мен осы қасиетіне қарап отырып, бұл кісіне қазақ емес, неміс тәрбиелеген шығар деп ойлайтынмын. Бізден де соны талап етті, соны үйретті. Өзінің баласы секілді еркелетеді, дұрыс емес жерімізде дұрыстап тұрып ұрысып алады. Біз оған ешқашан ренжіген емеспіз. Себебі бұл кісінің білімі мен біліктілігі, тәжірибесі мен тәлімі қашан да биік тұрады. Осындай жанның шәкірті болу маған үлкен мақтаныш.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ