«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕКТІҢ ЕЛЕНГЕНІ ДҰРЫС

Бала кезден спортты, соның ішінде волейболды жанына серік еткен досым Айдын Бисенғалиев туралы айтарымда, жазарым да көп. Ол туған жері Ырғыз ауданында спорт саласын, оның ішінде волейболды дамытуға зор үлесін қосқан жан. Оның тәрбиелеп, дайындаған шәкірттері облыстық, республикалық жарыстардың бірнеше дүркін чемпиондары атанып, Ырғыздың атын шығарды.

Қазіргі таңда Айдын Әділбекұлы кәсіби жұмысын Мұғалжар балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жалғастырып, еңбек етіп келеді. Бастапқы уақытта оның ауданнан кеткеніне қынжылған едік. Бірақ өзінің таңдауы маңғаз Мұғалжар, қасиетті Қандыағаш болғасын, таңдауын сыйладық. Ол тынымсыз еңбегінің арқасында сол елдің сүйікті баласына айналды. Бүгінде ол тәрбиелеген шәкірттер облыс пен республиканы артта қалдырып, Азия елдерін бағындырып жүр. Сондай-ақ қыздар арасында Қазақстан чемпиондарын шығарды. Қазіргі уақытта волейболдан облыстық команданың сапында Айдын тәрбиелеген қандыағаштық ұл-қыздар өнер көрсетіп жүр. Тізе берсең өте көп, мақтауға да мақтануға да тұрарлық іс. Ауылдың баласы басқа елдің абыройы мен беделін көтеріп жатырса, қызығып та, қызғанып та отырсың.

Бүгінде Айдынның Қандыағаш қаласында қызмет етіп жүргеніне алты жылдай уақыт болды. Жалдамалы пәтерде тұрады. Маманның басында жеке баспанасы болмаса, жұмысқа деген ұмтылысының төмен болатыны айқын. Осы орайда мұғалжарлық оқушыларды республикалық, азиялық ойындарына қосып, үздік етіп шығарып, ауданның абыройын асқақтатып, даңқын көтеріп жүрген кәсіби жаттықтырушыларға қажетті жағдай жасамау — ауданның атқамінер азаматтары мен спорт комитетіне үлкен сын деп ойлаймын.

Айдын секілді кәсіби маманның Мұғалжар ауданының спортын, оның ішінде волейбол спортын дамытуға қосқан үлесі мен еңбегін қаншалықты білу, мойындау дұрыс десек, оның тұрмыстық мәртебесін де көтеру — соншалықты абыройлы іс деп есептеймін.

Білікті маманды қолдау — ағалардың еншісінде! Әлеуметтік жағдайы жасалса, жеңісті күндерге құлшынысы мен ынта-жігері арта бермек. Қазақта «бір жылдығыңды ойласаң — егін ек, жүз жылдығыңды ойласаң — ағаш ек, ал мың жылдығыңды ойласаң — адам тәрбиелеп, білім бер» деген даналық бар. Осындай мықты жаттықтырушының тынымсыз еңбегі мен үздіксіз ізденуі еленері анық.

Бағланбек ҚАРАСАТОВ

Ұқсас ақпараттар

Whatsapp жаңа мүмкіндікке ие болды

admin_mugalzhar

16 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЖАС ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ АЛА АЛАДЫ

admin_mugalzhar

Фермерлер несиеге өтінімді онлайн береді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.