«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АЛАЯҚТЫҚ АЗАЙМАЙ ОТЫР

АЛАЯҚТАРДЫҢ ХАЛЫҚТЫ АЛДАУ ТӘСІЛІ КҮН САЙЫН ТҮРЛЕНІП БАРАДЫ. ҚҰДДЫ БІР «ХАМЕЛЕОН» СЕКІЛДІ. БҰРЫН ТЕЛЕФОН СОҒЫП, ЕСЕП ШОТТЫҢ БҰЗЫЛУЫ МЕН НЕСИЕ РӘСІМІНІҢ ЗАҢСЫЗ ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАНЫ ТУРАЛЫ ХАБАРЛАСА, ЕНДІ WHATSAPP ЖЕЛІСІНДЕГІ СІЗДІҢ ДАУЫСЫҢЫЗБЕН ЖАЗЫЛҒАН АУДИОХАБАРЛАМАНЫ ҚОЛДАНЫП, ЖАҚЫНЫҢЫЗҒА ХАБАРЛАСЫП, ҚИНАЛҒАН СЫҢАЙ ТАНЫТЫП, ҚҰРЫҒЫНА ТҮСІРУГЕ КӨШКЕН. БҰЛ — БІЗ ЕСТІП, КӨРІП ЖҮРГЕНДЕРІ ҒАНА. АЛ ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАН МАМАНДАРЫ ҚУЛЫҒЫНА ҚҰРЫҚ БОЙЛАМАЙТЫН АЛАЯҚТАРДЫҢ «АЛДАУ ОПЕРАЦИЯЛАРЫ» КҮН САЙЫН ТҮРЛЕНІП ОТЫРАТЫНЫН АЙТАДЫ. ЕНДЕШЕ, ГАЗЕТІМІЗДІҢ БҮГІНГІ НӨМІРІНДЕ ҚОҒАМНЫҢ КҮРМЕУІ КҮРДЕЛІ МӘСЕЛЕСІНЕ АЙНАЛҒАН АЛАЯҚТЫҚ ТУРАЛЫ ТАРҚАТАМЫЗ.

Біле жүріңіз!

Қазір алаяқтарды анықтайтын WhatsApp бот ашылған. Егер қоңырау шалған немесе хат жолдаған нөмірге қандай да бір күдік туындаса, WhatsApp ботына жіберіп, анықтауға мүмкіндік бар. Десе де, мамандар жеке нөмір мен банк деректерін өзге адамға беруден аулақ болуға кеңес береді.

Дауыстық роботты (спаммерді) тану қиын емес. Қоңырауды аяқтап, нөмірді блоктаңыз. Егер сіз әлі де ботпен «байланысты» жалғастыруды шешсеңіз, абай болыңыз, сөйлескен кезде, мысалы, «иә» сөзінің орнына — «сәлем» сөзін пайдаланыңыз. Сондай-ақ, екі мағыналы сөздерді де қолдануға болады: «Ух, солай болғандай», «Ух-ух», «Мм» және т.б., бұл — алаяқтық автоматтандыру алгоритмін бұзады. Мүмкіндігінше мемлекеттік тілде әңгіме жүргізіңіз.

Интернет-банкингтегі немесе мобильді қосымшадағы жеке кабинетіңіздің паролін ешқашан ешкімге айтпаңыз! Сондай-ақ жеке деректеріңізді, банк картаңыздың деректемелерін, картаның жарамдылық мерзімі, CVC/CVV кодын (банк картасының артқы жағындағы үш сан, картаның аутентификация коды), код сөзі мен қолма-қол ақша қалдығын құпия ұстаңыз. Операцияны растау үшін SMS коды: төлем, аударым және т.б. ешкім білмегені жөн.

ЕЛДЕ 17 МЫҢНАН АСТАМ АЛАЯҚТЫҚ ДЕРЕГІ ТІРКЕЛГЕН

Ресми деректерге сүйенсек, 2024 жылы 17 мыңнан астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Алданғандардың көпшілігі арзан бағада тауар ұсынғандардың құрбаны болған. Олар алаяқтарға жоқ тауар үшін алдын ала төлем жасаған. Ал 2 мыңға жуық адам инвестиция салуға шақырғандардың арбауына түсіпті. Мамандар алаяқтардан сақ болуға шақырады. «Күмәнді инвестициялар, тексерілмеген сайттар, оңай берілетін несие мен арзан тауарға сенбеу керек», — дейді.

Бұдан бөлек, банк және құқық қорғау органдары қызметкерінің атын жамылып қоңырау шалғандарға 4 жарым мыңдай адам алданып, жеке деректерін ұсынған. Осындай деректерді азайту үшін қазір операторлар шетел нөмірлерін «спам» деп қабылдап, бірден тоқтатуға кіріскен. Содан бері 63 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Виртуалды әлемді игі мақсатқа емес, арам пиғылда қолданатындар шетелде жүріп те хабарласып, арбауына түсіре алады. Сондықтан олардың санын ешкім дөп басып айта алмайды екен.

Өңірде де жағдай мәз емес. Жуырда ғана «Ақтөбе» газетінде жарық көрген осы тақырыпқа қатысты мақалада өткен жылы интернет алаяқтығы бойынша 1027 деректің тіркелгені айтылған. Интернет алаяқтықтың алдын алу үшін облыста «киберпол» тобы да құрылған. Облыстық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары өңірде интернет-алаяқтық деректерінің көбеюіне тұрғындардың белгісіз тұлғаларға жеке деректерін беруі себеп екенін айтуда.

Ашылғанына екі жыл болған киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының мамандары тұрғындармен тығыз жұмыс жасайды. Басқарма мамандарының қарқынды жұмыс істеуінің нәтижесінде бүгінге дейін өңірде 42 дерек бойынша заңды шешім қабылданыпты.

ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ТҰРАҚТЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Соңғы жылдары аудан аумағында да интернет-алаяқтық қылмыстары жиілеген. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мәлімдеді. Алаяқтық әрекеттерді болдырмау үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде телефон алаяқтық және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2023- 2025 жылдарға арналған бағдарламасы іске қосылған. Аталған бағдарламаның жоспарына сәйкес Мұғалжар ауданы полиция бөлімі қызметкерлерімен 2025 жылдың 3 айында интернет алаяқтарды анықтау, жолын кесу мақсатында «Анти-фрауд», «Стоп-Алаяқ» атты жедел профилактикалық іс-шараларын жүргізуде.

Алаяқтардан сақтану шараларын халыққа барынша түсіндіру бойынша тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Мұғалжар ауданы көлемінде халық көп шоғырланатын орындарда баннерлер, пилондар ілініп, бүктемелер таратылуда. Барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге, білім беру ұйымдарына барып, кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұғалжар ауданы ПБ-нің әлеуметтік желідегі парақшасында интернет-алаяқтықтың жаңа түрлерінен сақтану шаралары бойынша профилактикалы қ мәтінде видеороликтер, фотосуреттер ұдайы жарияланып тұрады, — деді Мұғалжар ауданы ПБ КПБ-нің жедел уәкілі, полиция капитаны Сәкен Ізмағамбет.

Ол жыл басынан бері жүйелі жүргізілген іс-шаралар негізінде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізгендігін айтты. Атап айтатын болсақ, Мұғалжар аудандық полиция бөліміне осы жылдың 3 айында интернет алаяқтық қылмысының 11 дерегі тіркеліпті. Оның ішінде 4 дерек бойынша күдіктілері анықталып, сотқа жолданған. Ал 2 дерек күдіктінің анықталмауына байланысты мерзімі үзіліп, 5 дерек бойынша жедел тергеп, тексеру амалдары жүргізілуде. Қылмыстың тіркелуі өткен жылмен салыстырғанда 3 дерекке немесе 21,4% төмендеген. Ал қылмыстың ашылуы 57,1% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,6% жоғарылаған.

Жалпы, мұндай деректер қазір көбейіп барады. Осы орайда алаяқтықтан сақтану үшін бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға сенбей, ұялы телефонды сөндіріп тастау қажет. Сондай-ақ белгісіз тұлғаларға жеке деректерді бермеген жөн. Мәселен, 1414 нөмірінен келген сандарды ешкімге айтпау керек. Егер қандай да бір адамдарға алданып қалсаңыз, дереу 102 нөміріне хабарласып, полицейлерге мән-жайды жеткізіңіздер. Сіздің ұялы телефоныңызға келген құпия сөзді сұрауға ешкімнің құқығы жоқ. Әлеуметтік желілерді бейтаныс адамдардан келген сілтемелерді ашпаған жөн. Себебі алаяқтар алыста отырып, сіздің ұялы телефоныңызға оңай қол жеткізіп, сіздің атыңыздан несие рәсімдеуі әбден мүмкін. Алаяқтан сақтанудың ең оңай жолы жеке мәліметтеріңізді бермеу. Егерде интернет алаяқтардың құрбаны болған жағдайда шұғыл түрде полиция бөліміне келуі қажет, — деді ол.

АЛДАНҒАНДАР – ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫ

Полиция қызметкерлері бүгінде ақпараттық жүйені пайдаланып, алдау, арбау арқылы ақшалы болудың ең көп таралған жері –сауда-саттық екенін айтады. Әсіресе сұранысқа ие Instagram, Facebook, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы мұндай қылмыстар жиі жасалып жатады.

Instagram, Facebook желілерінен кімнің ақ, кімнің арам екенін ажырату өте қиын. Киімдер, автобөлшектер, күнделікті тұрмыс заттарын сатып, талайдың ақшасын қалтасына басқан қылмыскерлер тұтынушылардың сеніміне қалай кіру керектігін ғана емес, онлайн-сауданың қыр-сырын да мықты меңгеріп алған. Одан басқа, азаматтардың құжаттарының көшірмелерін пайдаланған интернет алаяқ құрбандарының атынан онлайн-несие рәсімдеп, жәбірленушілер қарызға батып, ешқандай дәлелдеме ұсына алмаған соң несиені өздері төлеп шыққан фактілер де аз емес. Банктің қызметкері ретінде өзін таныстырып, азаматтың шотында сақтаулы тұрған еңбекақысын не депозитте тұрған қаражатын алдап алу мақсатында телефон арқылы әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде құрбандарына шоттың, кодтың сандарын айтқызып, ақшаны өзіне аударып алатын алаяқтар да жиі кездеседі. Кейбіреулері, мысалы AnyDesk бағдарламасы арқылы, алаяқтар кез келген адамның банктік шоттарына оп-оңай кіріп, әр түрлі операциялар жасау арқылы азаматтардың шоттарындағы қаражаттарын шешіп алып жататыны анықталып жатыр, — деді полиция капитаны Сәкен Ізмағамбет.

АЛАЯҚТЫҚ — АЛЫСҚА АПАРМАЙДЫ

Заңгер мамандар бөтеннің мүлкін жымқырып, алдап немесе сенімді теріс пайдаланғандар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-шы бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді.

Алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру, алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда, алаяқтық-алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау деп есептеледі. Аталған бап 4 бөліктен тұрады. Соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жәй алаяқтық жасаған болса, яғни ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса, ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген, — деді заңгер Гүлзия Иманбаева.

Егералаяқтың ірімөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам, не оған теңестiрiлген адам, не лауазымды адам, не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда аталған баптың 3- бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ал қылмыстық топ жасаған немесе аса iрi мөлшерде, яғниайлықесептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшерінен асатын алаяқтық жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады екен.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбе облысының әкімі Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісімен кездесті

admin_mugalzhar

СПЕШИТЕ ДЕЛАТЬ ДОБРО

admin_mugalzhar

Засуха погубила половину урожая зерновых

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.