«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЛА ТАЗАЛЫҒЫ: НИЕТ және МІНДЕТ

«АЙТА-АЙТА АЛТАЙДЫ, ЖАМАЛ АПАМ ҚАРТАЙДЫ» ДЕУШІ МЕ ЕДІ?.. ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҚЫС МӘСЕЛЕСІ ДЕ ЖАЗА-ЖАЗА ЖАУЫР БОЛҒАН ТАҚЫРЫП. ДЕСЕ ДЕ, БҮГІНГІ НӨМІРДЕ БҰРЫШ-БҰРЫШТА ҮЙІЛІП, ҚАЛАНЫҢ КӨРКІН КЕТІРГЕН ҚОҚЫС ТУРАЛЫ ТАҒЫ ДА ҚАЛАМ ТЕРБЕДІК… БҮГІН КЕШЕГІДЕН БАСҚА ӘҢГІМЕ АЙТЫЛА МА ЕКЕН ДЕП, ҚОҚЫСПЕН КҮРЕСУДІҢ ЖАҢА ЖОЛЫ ТАБЫЛДЫ МА ДЕГЕН ОЙМЕН, ОЛ ҮШІН КІМ НЕ ЖАСАП ЖАТЫР ДЕГЕН СҰРАҚТЫ КӨЛДЕНЕҢ ТАРТЫП, МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАБА МА ДЕГЕН ҮМІТТІ ҮКІЛЕП…

5 кәсіпкер, 1 ЖШС, 99 жұмысшы

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, мақала Қандыағаш қаласының тазалығы туралы болғандықтан әңгіменің әлқиссасын қалалық әкімдіктен бастауды жөн көрдік. Әкімдікке барар жолда көше тазалап жүрген бір топ адамды көзіміз шалды. Қала әкімінің орынбасары Қанат Мусинді де сол жерден таптық. — Әр саналы азамат өзі тұратын қаланың, елді мекеннің таза, көрікті болуы үшін үлес қосуы керек. «Ауылына қарап, азаматын таны” деп осыдан айтылған емес пе?! Қоршаған ортаның тазалығы — барлық адамзат — тың міндеті деп ойлаймын. Әрине, әкімдік үнемі жұмыс жасап келеді, жұмыс жасайды, жасай береді де. Дегенмен, қаламыздың әрбір тұрғыны да тазалықты сақтауға өз үлестерін қосса дейміз. «Тазалық – жинаған жерде емес, сақтаған жерде» деген де сөз бар. Бүгінде көшелерде қоқыс жәшіктері жеткілікті орнатылған. Қоқыс сол контейнерлерге немесе арнайы жерге апарып тасталса, тазалық та сақталатыны анық, — деді ол. Қазіргі таңда қала әкімдігі «Кошанов», «Токин», «Қияшев», «Тілепова», «Саламат», «Шәймерден» жеке кәсіпкерлерімен және «Ж.Е.С» ЖШС-мен бірігіп, қаланың қоқыс үйінділерін шығару бойынша жұмыс жасауда. Қазір жалпы қала тазалығына 99 жұмысшы тартылған.

Қазіргі жаз мезгілінде қоқыс мәселесі күн тәртібіне шығады. Оның бір себебі — жаз маусымында тұрғындардың басымы үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Есік, терезе, жиһаздар мен үлкен көлемдегі тұрмыстық техникаларды қоқыс контейнерлеріне әкеліп тастап кетеді. Негізі ондай қоқыстарды әр адам полигонға апарып тастау керек. Ол жаққа апарып тастау жеке адамға ақылы. Ал тұрғындарға әрине, есік алдындағы қоқыс жәшігіне апарып тастау оңай әрі ыңғайлы. Ал сол тастаған ауыр жиһаздарды, есіктерді қарапайым жұмысшылар көте-ріп тасып жатады, ал жұмысшыларымыздың көпшілігі нәзік жандылар. Тұрғындар осыны да ескерсе дейміз, — деді қала әкімінің орынбасары.

Қоқыс үшін айыппұл да арқалайсың

Дәл осы мәселе бойынша ескерту алған, тіпті айыппұл арқалаған тұрғындардың да барын айтады жергілікті полицейлер.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 505-бабына сәйкес қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын, сондайақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қала мен елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдауға байланысты ағымдағы жыл бойынша 247 тұрғынға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 12 тұрғынға айыппұл салынды, — деді Мұғалжар ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы Самат Абдиров.

Тазалық сақтауды әр адам өзінен бастауы қажет

Кейбіріміз қоқыс тастайтын жерге жетуге ерініп, жолға тастай салатын ішіп-жем қалдығымызды көтеріп апарып, орнына салатын да, сол жердің тазалығын қадағалайтын да, тіпті, қоқыс жәшігін «күзетуге», яғни қондырылған жаңа қоқыс жәшіктерінің қолды болмауын қадағалайтын адамдар туралы ойлаймыз ба осы? Біз ол адамның бірін қолындағы кішкене отырғышын сүйрете көлеңке қуалап жүрген жерінен таптық.

Жасым 50-ден кеткен мені ешбір мекеме тұрақты жұмысқа алмайды. Сондықтан ақылы қоғамдық жұмысшы ретінде тіркеліп, өзіме бекітілген тұрғын үйлер ауласының тазалығын қадағалаймын. Ертеңгісін жұмысымды таңғы 7-ден бастаймын. Менің жұмысым «Достық» мөлтек ауданында орналасқан №19,20,21 үйлерге қарасты ауланың қоқыстарын тазарту және ортақ қоқыс салатын жәшіктердің ұрланбауын қадағалау және айналасын таза ұстау. Бұл жәшіктер 2 ай бұрын орнатылды. Бұрын №21 үйдің арты қоқысқа толып жататын. Енді осы жәшіктер орнатылғалы айналамыз тазарып қалғаны рас, — деген Ақзер Өтепбергенова ендігі мәселе қоқыс жәшігінің айналасындағы жол екенін тілге тиек етті.

Себебі жауын-шашын уақытында бұл жер шағын көлге айналып, қоқыс төгуге келгендер қоқыс жәшігіне жете алмайды да бер жағынан тұрып, лақтыра салады. Салдарынан жәшікке қоқыс түспейді де, сол жерде шашулы күйінде жатады. Оны ит-құс сүйреп, желмен шашылады. Соның бәрін балшықты кешіп жүріп, өзім тазалаймын. Бұл жердің қоқысы күніне екі мезгіл шығарылады. Жүк машинасы таңғы 8-де келіп, бір тазалап алып кетсе, кеш-кілік 5- тің шамасында тағы келіп тазалайды . Олардың жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары. Тіпті, тұрғындардың әкеп тастаған ауыр жиһаздарын да алып кетіп жатады. Тазалыққа әр адам өзі үшін жауап беруі керек. Қарап, қадағалап отырғанның өзінде менің жұмыстан тыс уақытымды пайдаланып, басқа жақтан келіп қоқыстарын, ауыр жиһаздарын, қоқыс толы қапшықтарын тастап кетіп жатады, — деген ол қала тұрғындарын осындай мәселелерге жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Нанды ысырап етуге болмайды

Бүгінде Қандыағаш қаласындағы қоқыс контейнерлерінің қасына арнайы сары түске боялған жәшіктер қойылуда. Ол жәшіктер тамақ пен нан қалдықтарына арналған.

Өзім жер үйде тұрғандықтан, үйімнен шыққан қоқыстарды жүк көлігіммен апарып полигонға төгетін едім. Бір байқағаным, ит, мысық, құстың бәрі де сол жерде екен. «Не үшін жүреді, олар қалай тамақтарын тауып жүр» деген ой келді. Өзім ауылда өскеннен кейін, оның үстіне нан қадірін білгендіктен, ондай лас жерге тамақ тастайды деп ойламайтынмын. Өзіміз артық қалған ас болса, малға беріп жаратамыз ғой. Содан көп қабатты тұрғын үйлердің қоқыс төгетін жеріне бардым. Ол жерде нан қалдықтарына арналған арнайы орынның жоғын көріп, жүрегім ауырды. Содан 6-7 жолдас жігіттер болып ақылдасып, арнайы нан қалдықтарын салуға жәшік орнату қажет деп шештік. Жәшікті кәдімгі бөшкеден жасадық. Оны қию, кесу, сырлау, сыртына жазу сынды жұмыстарға көмек көрсеткендер болды. Бастапқыда қаланың 6 жерін қойдық. Содан жан-жақтан сұраныс түсе бастады. “Біздің ауламызға да қойыңызшы” деп телефон нөмірімді тауып алып шыққандар да болды. Бұл осылайша жүзеге асқан дүние болатын, — дейді нан қалдықтарын салуға арналған жәшіктер иесі Нұртай Өтегенов.

Аталмыш жәшіктер қазір қаладағы 15 жерге қойылған. Қайырымды істі қолға алған жан оларды күнде жүк көлігімен үйіне алып кетіп, кептіріп, қақтайды екен. Кептірілген нан қалдықтарын үгітетін арнайы құрал да сатып алған.

Кептірілген нанды айналамдағы малы бар, тауығы бар көрші — қолаңға тегін үлестіремін де, қалғанын үгітіп, қапшыққа салып, алатындар болса, тапсырып отырмын. Сауап үшін жасалған, басталған іс қой. Мақсатым табыс табу емес. Тапсырғаннан түскен аздаған қаржыға өзімнің қоқыс тасып жүрген машинамның жанар-жағармайын, керек қосалқы бөлшектерін алып отырмын. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қала тұрғындарын тазалық сақтауға шақырамын. Тағы бір ұсынысым, егер жауапты мекемелер бірлесе әр қоқыс қойылған жерге бейне бақылау орнататын болса, бұндай жағдайлар көп орын алмас еді, — деді жәшік иесі.

Қоқысты қайта өңдеу – кезек күттірмейтін мәселе

Қазіргі таңда экология — ең өзекті мәселелердің бірі. Жасыл экономика табиғи ресурстарды — тиімді пайдаланумен байланысты. Табиғаттың тазалығын сақтайтын да, ластайтын да — адамзат. Десек те жай ғана қоқыстың өзі табиғаттың ластануына себепші болып тұр. Қалдықтарды жинап, қоқыстарды сұрыптап, әрқайсысын бөлек жәшікке салып, оны қайта өңдеп, кәдеге жаратсақ, қосымша табыс көзі де болары анық. Осы орайда қала сыртындағы қоқыс полигонына барып, қоқыстардың қайда төгілетінін қарап, төгілген қоқыс қалдықтарын сұрыптау мәселесі туралы сұрастырдық. Полигон қызметкерлері тұрмыстық қалдықтар атмосфераға ғана емес су ресурстарына да кері әсеріп тигізетінін жеткізді.

Өкінішке орай, адамдар өздерінің және табиғаттың қандай қауіпті аймақта өмір сүріп жатқанын түсінбейді. Жалпы планета қоқысқа толы. Бұл тікелей климатқа да кері әсер етеді. Ағаштан, гипсокартоннан, металдан, бетоннан және т.б. қалдықтардан тұратын құрылыс қалдықтары экожүйенің балансын бұзуы мүмкін. Осындай қалдықтар өте баяу ыдырайды. Мәселен, кірпіш сынықтары топырақта 100 жылға дейін жата береді екен. Ресми деректерге сүйенсек, полиэтилен пакеттен жыл сайын 100 000 теңіз жануары өледі екен, — деп білгенімен бөлісті полигон иесі «Ж.Е.С» ЖШС-і директорының орынбасары Нұрлыбек Аймақов.

Қоқыс қалдықтарының қаупі экологиялық апатқа алып келуі мүмкін екенін баса айтқан ол сол себепті де қоқысты қайта өңдеудің өте маңызды және қажет қадам екеніне мән артты. Алайда бізде қайта өңдеуге техника жеткенімен, қаражат жағы өзінөзі ақтамай отырғанын да алға тартты.

Біз қазір пластикалық бөтелкелерді бөлек жинап жатырмыз. Қала бойынша 15 шақты жерге арнайы пластикалық бөтелке жинау үшін арнайы жәшік қойдық. Ол толған соң жүк көлігі тиіп әкеледі. Өзімізде пресске салатын екі машина бар. Бірақ ол өзін-өзі қаржыландыра алмай отыр. Сол себепті қазір тек бөлек жинап жатырмыз. Үлкен көлемге шыққанда ғана жұмыс алға жүреді. Бір жағынан осындай жұмысқа адамдарды тарту да қиын. Себебі бізге келіп, ешкім жұмыс жасағысы келмейді. Бір күн істесе, келесі күні келмей қалып жататыны көп кездеседі. Сол себепті біз тұрақты жұмысшы алып, айлығын 150 мың теңгеден кем қылмауымыз керек. Ал бізге ондай жұмысшының он шақтысы қажет. Қазіргі уақытта штатта 10 адам бар. Бізге қала тұрғындары жеке көліктерімен және кәсіпорындар өз жүк машиналарымен келіп, қоқыс төгіп жатады. Олардың бәрі ақылы. Мәселен, жеңіл көлікпен төксе, 500 теңге, газельмен 1000 теңге, ал үлкен жүк машиналары болса, яғни малдың жиналған тезектерін төгу үшін 4000 теңге көлемінде төлем жасайды. Жалпы қоқысты қайта өңдеу күрделі процесс және қатты қалдықтардың әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік беретін жалғыз шешім. Мемлекет қолдаған жағдайда жақсы бизнеске айналдыруға болады, — деді «Ж.Е.С.» өкілі.

Осы мәселе бойынша алдыңғы жылдары Қандыағаш қаласы тұрғындарынан шыны және пластикалық бөтелкелерді жинап келген ауыз су шығаратын «Дарина аква» цехының иесін де әңгімеге тарттық.

Бұрын қала бойынша 40-қа жуық пластик ыдысқа арналған жәшіктер қойып, пластикті жинап, престеп, оны Ақтөбеге өткізіп, қаланың тазартылуына кішкене болсын өз үлесімізді қосқ-ан болатынбыз. Ал қазіргі таңда бұл бағыт бойынша жұмыс жасап жатқан жоқпыз. Себебі, баға киллограмға есептегенде 120 теңгеден бірден 20 теңгеге түсіп кетті. Ал біз үшін бұл өте тиімсіз болып қалды, — дейді цех қызметкері Арман Мамбетжанов.

2023 ЖЫЛДЫҢ БҮГІНГІ КҮНІНЕ ДЕЙІН

10 сәуір мен 10 маусым арасында 2 айлық сенбілік өтті 31931,72 куб қоқыс шығарылды 99 жұмысшы тартылды 100 тал егілді 300 тал егілді.

Сөз арасында…

Материал дайындау барысында бір күн бойы қаланы аралап шықтық. Финлияндия аймағынан бастағанымыз сол еді, бір топ баланың футбол алаңынан шығып бара жатқанына көзіміз түсті. Арттарында кемінде 3-4 келі қоқыс қалды. Бұл тек қана 6 баланың артында қалған қоқысы. Біз білмейтіні қаншама… Адам көп жүретін қоғамдық орындарда бар болғаны бір ғана сағат көлемінде отырып, тұрғындарды бақыладық. Сол бір сағат көлемінде жүріп өткен адамдардың 70%-ы қолдарындағы қоқыстарды жерге тастай салатындығына көзіміз жетті. Ол — тәттінің қабығы, балмұздақтың сырттары, ішкен шырындарының бөтелкесі, яки болмаса, ауыздарындағы сағызы. Тұрғындардың басымының қоқысын 5 метр жердегі қоқыс жәшігіне тастауға ерінгенін көрген көзіміз жазықты емес. Көріп қана қоймайық деп, сөзге де тарттық. Жауап төмендегідей болды…

Қала тұрғындары не дейді?

Тимур Нұрмағанбетов: Мен «Жастық» мөлтек ауданындағы №16 үйдің тұрғынымын. Бізде қоқыс уақытылы төгіледі. Бір қағаз қалдырмайды, ұсақ-түйек қоқымдарға дейін күрекпен күреп, сыпырып салып алып кетеді.

Бақыткерей Ишанов: Қоқыстың бір күн тазаланбай қалып қойғанын байқаған емеспін, бізде керісінше, тұрғындар өздері шашып төгіп кетеді. Тіпті подъезд ішіне тастап кетеді, оған не дейсіз?!

Маржангүл Култаева: Өздеріңіз де көріп отырғандай, ауламызда тазалық жұмыстары үнемі жүріп отырады. Өзіміздің аула тазалаушымыз да бар. Ол барлық тазалық жұмысына жауапты. Ауланың тазалығына жауапты жандарға өзіміз айлық беріп отырамыз. Әр подъезге қойылған қоқыс жәшіктерін тазалап, қоқыс салатын орынға апарып қоямыз. Тазалық әр адамның жеке тазалығынан басталады. Өзін-өзі жақсы көретін, тазалықты сүйетін адам қоршаған ортаның тазалығын әлбетте қалайды. Мен тұрғындарды бір сөзбен айтқанда, әдемілікке шақырамын. Әдемі жүрейік, әдемі сөйлейік, әдемі көрейік, тек әдемілікті ғана көрсек, жақсылыққа жетуге болады.

Бибігүл Төленова: Біздің «Самал» мөлтек ауданында қоқыс уақытылы төгіледі, шығарылады. Жеке үйлер болғандықтан, аула сыртына іліп қоямыз немесе арнайы бөшкіге саламыз.

Айгүл Қуантайқызы: Негізі сөздің шыны керек, қоқысты шашатын да, қоқысты жинамайтын да халықтың өзі. Мен өзім бір емес, бірнеше рет куә да болдым. Үлкендер қоқыс төгуге кімді жұмсайды, әрине үйдегі баланы. Ал ол бала қоқысқа жеткізбей, жол ортасына тастай салады. Бір күні өзім подъезд алдынан қоқысты байқап, ерінбейашып, ішіненмектепоқушысыныңдәптерінтауыпалдым. Олбала мен тұрған үйдің тұрғыны болғандықтан, есімін бірден таныдым. Жергілікті инспекторды шақыртып, қолына тапсырдым. Қоқыс иесін тауып, айыппұл салдыртқан болатын. Сол оқиғадан кейін біраз уақыт қоқыстар төгілетін жеріне жетіп жүрді. Бірақ кейін тағы да қайталанды. Тұрғындар бірдеңе болса болды, әкімдікті кінәлаудан жалықпайды, ал өздерінің ісін көрмейді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

Наурызбек САРБАСОВ: МАҚСАТЫМ — ЖАС КӘСІПКЕРЛЕРДІ ҚОЛДАУ

admin_mugalzhar

Прозвенел первый звонок, приглашая всех на урок

admin_mugalzhar

Вакцинация паспорты «Ashyq» қосымшасымен біріктіріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.