АУЫЛДЫҢ ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН «АУЫЛ АМАНАТЫ» ЖОБАСЫНЫҢ БАСТАЛҒАНЫНА БІРНЕШЕ ЖЫЛ БОЛДЫ. ОСЫ ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫНДА КӨПТЕГЕН МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕГЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗІП, ӨЗ КӘСІПТЕРІН БАСТАДЫ.
Аудандық ауылшаруашылығы мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына аудан бойынша 50 жоба тапсырылған. Бүгінде оның 33-і мамандардың мақұлдауынан өткен. Аталған жобаларды жүзеге асыруға 401 млн 800 мың теңге көлемінде қаржы бөлінген.
-Тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясындағы аудан тұрғындары көкөніс пен картоп егуді, жылыжай салуды, құс шаруашылығын дамытуды қолға алуда. Сонымен бірге шағын бизнесті дамыту мақсатында шаштараз, монша, наубайхана ашып, кондитерлік өнімдер дайындап, кәсіп бастауда. Жобаға қатысуға ниет білдірген тұрғындарға ауыл әкімдері, одан қалды ауылшаруашылық бөлімінің мамандары мен «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалы барынша демеу беріп, құжаттарын жасақтауға көмектесуде. Айталық, бизнес-жоспарларын құруға, кепілдік салынатын мүліктің бағалануына, құжаттардың «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылуына, жобаның қорғалуына барынша қолдау көрсетеді, — деді ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Марзия Гатаулина.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта жеңілдетілген төрт пайыздық несие мал шаруашылығын дамытуға берілмейді.
Н.ТІЛЕП