Мен аудандық “Мұғалжар” газетін үнемі қадағалап, оқып отыратын тұрақты оқырманымын десем болады. Аудан журналистері Нұрғаным Кесікқұл мен Асел Абданбаеваның қаламынан шыққан мақалаларды оқимын. Өткен бір отырыста ауданда атқарылып жатқан жұмыстар мен аудан бюджетінің жұмсалуы жөнінде ашық ақпарат беріп, халықты құлақтандыру мәселесі көтерілген еді. Содан кейін газет беттерінен бюджеттің атқарылуы жөнінде жақсы мақалалар топтамасын оқыдым. Бұл дегеніміз — газет журналистерінің көтерілген мәселеге құлақ түріп, ұсынысты қабыл алып, тиянақты түрде ақпарат тарата білуіндегі шеберлігі. Сонымен бірге тілші Нұрғаным Кесікқұлдың мемлекеттік тіл мен мәдениетке қатысты жазған мақалалары, орыс тілде жазатын Асел Абданбаеваның жазған ақпараттарының жинақылылығы мен жүйелілігі ұнайды. Сондай-ақ газет бетінен елді мекендер туралы, шағын кәсіпкерлік, мемлекеттік бағдарламалар туралы мақалаларды кездестіруге болады.
Басылымнан сыни мақалаларды да көзім шалып жатады. Айталық, жуырда жарық көрген спирт зауыттан шығатын жағымсыз иіс туралы мәселе көтеріп, мән-жайына шолу жасалды. Жақында ғана “Ауыл аманаты” бағдарламасымен жеңілдетілген несие алып, кір сабын өндіруді қолға алған қаракөлдік кәсіпкер туралы мақаланы оқып қалдым. Сол секілді ауыл азаматтары туралы, олардың атқарып жатқан істері, көрсетіп жүрген өнегелері жөнінде мақалалар көп болса, нұр үстіне нұр болар еді. Мен аудан мәслихатының депутаты болғаннан аудан тұрғындарымен кездесіп, үлкен кісілермен пікір алмасамын. Сондай сәттерде олар аудандық газетті оқитындарын, бірақ ұсақ қаріптермен басылған жазуларды көздері көрмейтінін айтып жатады. Газет басшылығы осыны ескерсе екен деген ұсыныс айтқым келеді.
Газет бетіндегі фото-суреттердің де анық және үлкен болуы — маңызды. Себебі газет бетіне фотосы жарияланған адамдар фотосының анық болғанын қалайды. Газет бетінен өзіміздің туған өлкеміз Мұғалжарға қатысты тарихи деректерге негізделген қызықты, тарихи, мағыналық мақалалар топтамасы ұйымдастырылса деген өтініш бар.
Газет журналистері ресми ақпараттарды таратып қана қоймай, әлде де танымдық, тәрбиелік, тарихи, ағартушылық бағыттарда мақалалар легін көбейтсе де жақсы болар еді. “Мұғалжар” газеті — ауданымыздың айнасы. Газеттен ауданда орын алған оқиғалар, маңызды жайттар, қызықты мәліметтер алып отырамыз. Өзім газетке жыл сайын жазылып, тігінділерін сақтап, студенттермен жарияланған мақалаларды талдап, түрлі тақырыпта пікір алмасамыз. Студенттеріме үнемі газет пен кітап оқудың пайдасын, маңыздылығын айтып, газет оқуға шақырамын.
Жағымды жаңалыққа жаршы болып, қасиетті қаламды өздеріне серік еткен газет журналистерін кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Айтарларыңыз таусылмай, билік пен халық арасында жақсы істерге көпір болып жүре беріңіздер. Ақпарат майданында жасап жүрген еңбектеріңіз еленіп, тек биіктен көрініңіздер дегім келеді.
Илияш НИЯЗОВА, аудандық мәслихат депутаты
Алдыңғы
Келесі