Мемлекет басшысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заңға енгізілген өзгерістерді мақұлдап, құжатқа қол қойды. Бұл өзгерістердің халыққа әсері қандай? Жүйеде не өзгереді? Осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Нұрбол Тымпиев жауап берді.
– Нұрбол Қанатұлы, жаңадан қабылданған заң туралы қысқаша айтып өтсеңіз. Оның негізгі мақсаты қандай?
– Бұл заң міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін әрі қарай дамытуға бағытталған. Мақсат – барлық азаматтарға сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және жүйенің қаржылық тұрақтылығын нығайту. Құжатта денсаулық сақтау саласындағы өзекті проблемаларды шешуге арналған нақты шаралар қарастырылған.
– Қандай проблемаларға ерекше назар аударылды?
– Біріншіден, халықтың МӘМС жүйесіне толық қамтылмауы. Екіншіден, цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігі мен қызметтер қайталанатын аралас пакеттер мәселесі. Үшіншіден, тұрақты қаржыландыру тапшылығы да жүйенің дамуына кедергі келтіріп отыр. Осы мәселелерді шешу үшін заң аясында бірқатар реформа қолға алынды.
– Енді сол реформаларға жеке-жеке тоқталсақ. Мәселен, медициналық көмектің бірыңғай пакеті туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, бұл – аса маңызды өзгеріс. Қазіргі таңда ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) және МӘМС пакеттері қатар қолданылады. Бұл кейде қызметтердің қайталануына, ресурстың ысырап болуына алып келеді. 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен осы екі пакетті біріктіру басталады. 2026 жылдан бастап азаматтар, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, кең таралған аурулар бойынша базалық көмекке қол жеткізе алады. Ал 2027 жылдан бастап жүйе басым түрде сақтандыру моделіне көшеді.
– Жоғары табысты азаматтар үшін жарна есептеу тәртібінде не өзгереді?
– Қазіргі таңда жоғары табысы бар азаматтар өз табысына сай емес, шектеулі мөлшерде ғана жарна төлеп отыр. Бұл әлеуметтік әділеттілікке қайшы. Енді 2026 жылдан бастап: жұмыс берушілер үшін – 10-нан 40 ең төменгі жалақыға дейін; жұмыскерлер үшін – 20 ең төменгі жалақыға дейін табыс шегі кеңейтіледі. Бұл шара шамамен 9% жалдамалы жұмысшы мен олардың жұмыс берушісіне әсер етеді.
– Мемлекет тарапынан жасалатын жарналарда қандай өзгерістер бар?
– Иә, 2027 жылдан бастап мемлекет МӘМС жүйесіне аударатын жарна мөлшерлемесі кезең-кезеңмен 2%-дан 7%-ға дейін ұлғаяды. Бұл – 2015 жылғы бастапқы қаржы моделіне оралу деуге болады. Мұндай қадам жұмыс берушілер мен жұмысшылар үшін қосымша жүктеме әкелмейді, бірақ медициналық көмекті тұрақты қаржыландыруға мүмкіндік береді.
– Әлеуметтік осал топтарды қамту мәселесі қалай шешіледі?
– Бүгінде 3,3 млн адам МӘМС жүйесіне қатыспаған. Оның 1 миллионы – табысы төмен, дағдарыстық жағдайда өмір сүріп жатқан азаматтар. Олардың көбі жүйеге қатысуға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан енді бұл санаттағы азаматтар үшін жарналарды жергілікті бюджет есебінен төлеу ұсынылып отыр. 2026 жылы осы шаралар арқылы 1 млн-нан астам азаматты жүйеге қосу жоспарлануда.
– Қосымша қандай өзгерістер бар?
– Бірнеше маңызды өзгеріс енгізілді. Мәселен:
Егер азамат бес жыл бойы тұрақты түрде жарна төлесе, уақытша қиындықтар кезінде алты ай бойы сақтандыру мәртебесін сақтай алады (бұрын бұл мерзім – үш ай болған).
Қор мен медициналық ұйымдардың қаржылық ашықтығы артады.
Рұқсатсыз қызмет көрсеткен ұйымдарға бақылау күшейеді – бұл да халықтың сенімін арттыруға бағытталған шара.
– Қорытындылай келе, жаңа заң қандай мүмкіндік береді деп ойлайсыз?
– Бұл заң – азаматтарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, денсаулық сақтау жүйесін заманауи әрі тиімді ететін маңызды құжат. Әлеуметтік әділеттілікке негізделген, тұрақты және ашық жүйе құру – басты мақсатымыз. Сондықтан әр азамат МӘМС жүйесіне қатысудың өз пайдасын түсініп, белсенділік танытса дейміз.