«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТҮРЛІ КӘСІПТІҢ БАСЫН ҚОСҚАН ГҮЛЗАДА

ТОЙШЫЛ ҚАЗАҚТЫҢ ӨЗ ҚУАНЫШЫНА ЖИНАЛҒАН ЖҰРТШЫЛЫҚҚА «ТОЙ ЖҰҒЫСТЫ» БОЛСЫН ДЕГЕН НИЕТПЕН ТАРТУ ТАРАТАТЫН ӘДЕТІ БАР. БҮГІНДЕ СОЛ «ТОЙБАСТАР» ТОЙДА БЕРІЛЕТІН КІШКЕНТАЙ СЫЙЛЫҚ ҚАНА ЕМЕС, КРЕАТИВТІ, БИЗНЕСТІҢ ҚЫР-СЫРЫН МЕҢГЕРГЕН, ТЫҢ ИДЕЯЛАРҒА ТОЛЫ ЖАНДАР ҮШІН ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫ. СОЛАРДЫҢ БІРІ — ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ГҮЛЗАДА ҚОЙШЫҒҰЛОВА ҚОЛДАН ҚОРЖЫН, ДОРБА ӘЗІРЛЕП, ТОЙБАСТАР КӘДЕЛЕРІ МЕН МЕРЕКЕЛІК ШАРАЛАРДЫҢ СӘНІН КЕЛТІРЕТІН БҰЙЫМДАРДЫ ЖАСАП, ШАҒЫН КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТІП ОТЫР.

Аты бір болғанымен, заты қиялдың қанат қағуымен байланысты сол тойбастарды табыс көзіне айналдырған Гүлзада бүгінде тапсырысты өзге қалалардан да алып отыр.

— Қазіргі таңда тойларда, мерекелік шараларда түрлі қаптамалар, жазулар (растяжка), бонбоньерка деп аталатын кішкентай қораптар тарату трендке айналды. Әдемі безендірілген кішкентай қорапшаға кәмпит, шоколад немесе шәй салынады. Қорапшаның түсі, көлемі мен безендірілуі той иесінің қалауына байланысты. Әр тойға арнап әртүрлі ерекше тойбастар ойлап шығаруға болады. Мысалы, менің кәсібімнің басқалардан бір айырмашылығы, сәбидің 1 жасқа толуын мерекелейтін ата-аналар келген меймандарға менің қолыммен жасалған сабынды сыйлап жатады. Сабын ұйықтап жатқан сәби немесе періште пішінінде жасалады. Оның құралдарын арнайы Семей қаласынан алдыртамын. Сонымен қатар, тәттілерге, ақша жинайтын қорапшаларға, кілттерге арналған салпыншақтарға да арнайы жазумен тапсырыс аламын. Шыны керек, тапсырыс өте көп түседі. Себебі бағасын да қолжетімді етіп қоямын. Тағы айта кететінім, менің жеткізу қызметім тегін. Қала ішінде де, басқа қалаларға да тегін. Маған тек Қандыағаш қаласынан ғана емес, ауданның басқа ауылдық округтерінен, Ақтөбе қаласынан, Маңғыстау, Атырау тағы да басқа облыстардан тапсырыс келіп түседі, — дейді ісмер келіншек.

Гүлзада тек тойбастар ғана емес, перде, көрпе тігумен де айналысады. Көздің жауын алатын, үйдің сәнін келтіретін перде тігуді жаны сүйетін ол қазіргі таңда қолы тапсырыстан босамайтынын жеткізді.

— Тапсырыстарым өте көп, бәріне үлгеруге тырысамын. Өзім №3 мектеп-гимназиясында информатика пәнінен сабақ беремін. Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста отырмын. 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеудемін. Менің кәсібіме үлгеруіме үлкен қолдау білдіріп, көмек көрсетіп отырған ол — менің үйдегі атаенем. Олар болмаса, менің бұлай барлығына бірдей үлгеріп жүруім екіталай сияқты. Балаларды қарап, үйдегі шаруаларға да көмектерін аямайтындарына үлкен рақметімді де айта кеткім келеді. Жалпы отбасымызбен білім саласында еңбек етеміз. Жолдасым да колледжде сабақ береді. Кезінде бір оқу орнында, бір мамандықта, бір топта оқыған едік. Үйде отырып, кәсіп ашулы ойға алған келіншектерге кейіпкеріміз батылдықты бойға жинап, әрекетке кірісуге кеңес береді. «Сүйікті істі табыс көзіне айналдыру қажет» деп санайтын Гүлзаданың ертеңгі күнге құрған жоспарлары да үлкен.

— Әрине, алғашқыда іс ашу үшін бойда қорқыныш болады. «Бастаған іс жүрмей қалса, сұраныс болмаса, қолымнан келмесе» деген ой үнемі мазалап, кежегені кері тартып тұратыны бар. Мен де бұның бәрінен өттім. Бірақ егер адам қолға алған ісін сүйіп жасаса, тиянақтылық пен шыдамдық танытса, істің өрге басары да анық. Ал «немен айналысамын?» деген сұраққа келер болсақ, үйде отырған мен тәрізді келіншектер әлеуметтік желіні ақтарып қараса, түртүрі шығады. Тек бала, күйеу, үй, шару деп отыра бермеу керек. Иә, әрине, бала — өмірдің басты байлығы. Оларды бағып-қағу, жақсы білім мен тәрбие беру ата-ананың негізгі міндеті. Ал ол үшін ақылдан бөлек, қаражаттың да қажетін ұмытпау керек. Бұл — бүгінгі күннің шындығы. «Ақша жетпейді» деп шағымданғанша, білекті түріп, неге іске кіріспеске?! Еңбек етемін деген жанның екі қолына бір күрек табылары сөзсіз, — дейді Гүлзада Абдықасымқызы.

А.МАНАСБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

МЕНІҢ МЕКТЕБІМ

admin_mugalzhar

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҢҒЫШ ТҮЛЕКТЕРІ

admin_mugalzhar

ПОШТАШЫ АПАЙ — ҚАНШАГҮЛ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.