ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚАҚ ОРТАСЫНДА ОРНАЛАСҚАН ШЕБЕРХАНАҒА КІРГЕН БОЙДА-АҚ, АУА ДА, АУРА ДА ӨЗГЕРІП САЛА БЕРДІ. МЕТАЛЛ МЕН МАЙ ИІСІ СІҢГЕН ЖЕРДЕГІ ҚЫЗУ ЖҰМЫС ПЕН ТАСЫҒАН ЭНЕРГИЯ БІЗДІ ДЕ БАУРАП АЛҒАНДАЙ БОЛДЫ. ҮЛКЕН ШЕБЕРХАНАНЫҢ БІР ЖАҒЫНДА ДӘНЕКЕРЛЕУШІ НҰРЛЫБАЙ ЖҰМАБАЕВ ОТ ҰШҚЫНДАҒАН ДӘНЕКЕРЛЕУ АППАРАТЫМЕН ЖҰМЫС ІСТЕП ЖАТСА, ЕКІНШІ БҰРЫШТА ДӨҢГЕЛЕК ЖӨНДЕУ-МОНТАЖДАУ ШЕБЕРІ ЖАЙСАН ЖӘРДЕМҒАЛИ АВТОКӨЛІКТІҢ ДӨҢГЕЛЕГІН ТЕКСЕРІП ЖАТЫР ЕКЕН. КҮНДЕЛІКТІ ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА ҚАТАР ЖҮРЕТІН БҰЛ ЕКІ ШЕБЕР ЖҰМЫСТА АДАЛ ӘРІПТЕС, АЛ КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ БАУЫРДАЙ БОЛЫП КЕТКЕН. 28 ҚЫРКҮЙЕК — ЕҢБЕК КҮНІ МЕРЕКЕСІ ҚАРСАҢЫНДА ЕҢБЕК МАЙДАНЫНДА ЖҮРГЕН ОСЫ ЖАНДАР ТУРАЛЫ ЖАЗҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК.
ӘКЕ ТІЛЕГІН ОРЫНДАҒАН НҰРЛЫБАЙ
Нұрлыбай Жұмабаев 2013 жылы Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжін газ-электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша тәмамдаған соң, әртүрлі салада тәжірибе жинайды. 2016 жылы әкесінің бір ауыз сөзін жерге тастамай, толықтай дәнекерлеу кәсібіне бет бұрыпты.
— Негізі осы мамандықты таңдауыма әкем себепші болды. Ол өзінің бір ұлы осы кәсіпті игерсе деген арманын айтып отыратын. Қазір әке аманатын орындап, өзімнің де сүйікті ісіме айналған мамандықта еңбек етіп жүрмін, — дейді Нұрлыбай.
Авто дәнекерлеушінің жұмысы жоғары дәлдік пен мұқияттықты қажет ететін ауыр еңбек. Ол көліктің қаңқасы мен темір бөлшектерін кесіп, дайындап, дәнекерлеп, зақымданған тұстарын қалпына келтіреді. Кейде апаттан кейін көлік қаптамасын (кузов) қайта жасап шығарады, кейде тот басқан қаңқасын жаңартады. Қауіпсіздік ережесін қатаң ұстанып, әр жігі мен тігісін бірнеше рет тексеру — Нұрлыбайдың бұлжымас қағидасы.
—Бір қате, бір дұрыс жасалмаған нәрсе, бір асығыстық — көлік иесінің өміріне қауіп туғызады. Бұл жұмыстарды қолға алғанда соның жауапкершілігін сезіну қажет, — дейді шебер.
Кешке қарай шеберханада оттың қызуы басылғанымен, Нұрлыбайдың күнделікті еңбегі қала көшелерінде темір тұлпарлармен жалғасып жатады — әрбір берік бөлшек оның қолтаңбасындай.
ЖҰМЫСЫНА ЖАУАПТЫ ЖАЙСАН
Жайсан Жәрдемғали Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының тумасы. Шаңырақ көтергеннен кейін жас отбасы 27 жыл бұрын Қандыағашқа көшіп келіп, қоныстаныпты.
— Дөңгелек монтаждауды 2009 жылдан бастап қолға алдым. Жұмысым өзіме ұнайды. Бұрын мамандығым бойынша жүк ілуші болып еңбек еттім, бірақ айлық мардымсыз болды. Сондықтан отбасымды қамтамасыз ету үшін осы кәсіпке бет бұрдым, — дейді ол.
Күн сайын ондаған көлік иесі Жайсанның қызметіне жүгінеді. Жеңіл көліктің төрт дөңгелегінен бастап, жүк көлігінің алып шиналарына дейін шешіп-жинау, тозған немесе тесілген жерін анықтап жөндеу, дөңгелектің балансын тексеру – оның күнделікті жұмысы. Әр болттың дұрыс қатырылуына, әр дөңгелектің қысымына дейін жіті назар аудару — шебердің темірдей тәртібі. Кейде қыстың қақаған аязында мұздай темірді ұстап, кейде шілденің аптабында шеберханада тер төгу оңай емес. Бірақ Жайсан үшін ең бастысы – жолға шыққан әр көліктің қауіпсіздігі.
— Жұмыста ең бастысы көлік рөлінде отырған адамның қауіпсіздігін ойлаймын. Иесін діттеген жеріне апаратын көліктің дөңгелегі аяқ астынан істен шықса, ол жол үстінде үлкен қауіп туғызады. Сондықтан іске жауапкершілікпен қарап, жұмысқа адал болу керек деп санаймын. Тапсырыс беруші көлігіне сенімді мініп кетсе, менің еңбегімнің ақталғаны, — дейді өзі.
Нұрлыбай – жасы кіші болса да, өз ісінің майталманы, ал Жайсан өмірлік тәжірибесі мол, көпті көрген аға. Жұмыс барысында бірінің ауызынан шыққан ойды екіншісі іліп әкетіп, әзіл-қалжыңы жарасқан әңгімелері шеберханаға шуақ сыйлайды. — Бізді осы кәсіптеріміз ағалы-інідей етіп жақындастырды. Біріміздің табысымыз екіншіміздің қуанышымыз, — дейді олар.
Жайсан Нұрлыбайдың жаңа әдістерге құмарлығын мақтан тұтса, Нұрлыбай Жайсанның сабырлы мінезі мен бай тәжірибесін үлгі етеді. Күн сайынғы қауырт жұмыста бір-біріне қолдау көрсетіп, қажет болса, бірінің ісін бірі жалғастыра алуы — олардың достығының мықтылығын дәлелдейді.
Тіпті отбасылық қуаныштарында да, қиын кезде де бір-бірінің үйінен табылады. Қала тұрғындары да олардың бауырдай сыйластығын жақсы біледі. «Бұл екеуінің шеберханасына барсаң, тек көлігіңді жөндетіп қана қоймай, достықтың не екенін көресің», — дейді тұрақты тұтынушыларының бірі. Ең бастысы, олардың осы сыйластығы жұмысына да сапа береді. Бірі көліктің жүрегін темірмен жалғап берсе, екіншісі аяғына дем бітіріп, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Осындай туыстық қатынас пен адал еңбектің арқасында еңбекқор жандарға Қандыағаш тұрғындары өз көліктерін сеніммен тапсырады.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ