«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН КЕЙУАНА

Ащысай ауылында тұратын Мәрия әжеймен жолығудың сәті Қандыағаш қаласында түсті. «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген осы болар, сірә. Сөйтсек, әжеміз осыдан бірер апта бұрын қалаға келіп, енді ауылға қайтудың қамын жасап отыр екен. Біз де осы сәтті пайдаланып, Мәрия әжемен кездесіп, «Аналар күнімен» құттықтап, өнеге мен өсиетке толы әдемі әңгімесінің куәсі болдық.

Алдымен амандасып, өзімізді таныстырып, сұхбат алуға келгенімізді айтқаннан кейін Мәрия әже әңгімесінің әлқиссасын шүкіршілік пен тәубеден бастады.

Е, қарақтарым-ай, несін сұрайсыңдар, жастайымнан жесір қалдым. Төрт баламды жеткізу үшін жаяумен жағаласып, аттымен алысып жүріп еңбек еттім. Бүгінде Аллаға 1001 шүкір етемін. Балаларым ержеткен соң, барлық қиындық мен бейнет артта қалды. Бүгінгідей бейбіт күнімізге тәубе, — деп жымиды жылы жүзімен бізге қарап. Бүгінде жасы сексеннің сеңгірінен асып, тоқсанға таяған Мәрия Хасанова осы Мұғалжар өңірінде дүниеге келген. Балалық шағы сұм соғыспен тұспа-тұс келіп, еңбекке ерте араласады. Әкесі соғысқа кеткенде анасының жанында жүріп, шаруаның бір жағын көтеріп, інісіне қамқор болады.

Соғыс жылдары халыққа өте қиын болды. Бала болсам да әлі есімде. Соғыстағы әкемізден хат келген күні бізден бақытты жан болмайтын. Сөйтіп жүргенде соғыс та аяқталып, Алла біздің тілеуімізді беріп, әкем аман-есен елге оралды. Сол сәттен бастап, жағдайымыз жақсарды. Ауылдағы 7 жылдық мектепті бітірдім. Жасым 17-ге келгенде атамның айтуымен тұрмысқа шықтым. Жолдасым екеуміз 4 баланы өмірге әкеліп, дұрыс тәрбие беруге тырыстық. Жолдасым Байділда Ворошилов совхозында есепші болып жұмыс жасаған еді. 1965 жылы ол совхоз жабылған соң Ащысай совхозына экономист болып ауысып, біз де осында көшіп келдік. Ол кезде бұл совхоздың күркіреп тұрған уақыты. Мен де күйеуімнің бір жағын көтерейін деп, жұмысқа шықтым. Балаларымды балабақшаға беріп, ерлермен иық тіресе жүріп еңбек еттім. Бірақ отбасылық бақытым ұзаққа бармады. Бар жоғы 13-ақ жыл бірге өмір сүріп, күйеуім өмірден өтіп кетті. Артында 4 баласын құшақтап, 31 жасымда жесір атанып, мен қалдым. Бірақ мойымадым. Қай жерде жұмыс бар, сол жерден табылдым. Дүкенде сатушы да, шөпшілер мен диқаншылардың аспазшысы да болып қызмет жасап, бел жазбай еңбек еттім. Менің бір ғана мақсатым болды. Ол — жолдасымның шаңырағының отын сөндірмеу, балаларымды ешкімнен кем қылмай жеткізу, — деп Мәрия әжей өмір жолынан сыр шертті.

Ал менің есімнен «17 жасымда атамның айтуымен тұрмысқа шықтым» деген әңгімесі шықпады. Сұрақтың ыңғайын келтіріп, «Әже, тұрмысқа ерте шығыпсыз. Жолдасыңызбен қалай таныстыңыз?» деп қайта қойдым.

Айналайын, қалқам, ол заманда қазіргідей танысып, табысу деген болмады ғой. Атаанамыз не айтады, сол болатын. Бір күні үйге бейтаныс екі кісі келіп, атама мені айттырып келгендерін айтыпты. Атам мен әкем ақылдасып, мені тұрмысқа беретін болды. Сөйтіп, жолдасым алып кетуге келді, мен оны сол күні алғаш рет көрдім, — деді ол.

Ал мен болсам: «Сіздің пікіріңізді ешкім сұрамады ма? Бұрын соңды көрмеген адаммен тұрмыс құру қиын болған шығар», — дедім таңырқап. Мәрия әжей сәл жымиып: «Ол кезде үлкендердің айтқаны заң болатын. Қазір ғой жастардың өздері танысып, табысып жүргендері. Әке-шешем солай шешті, мен көндім. Аллаға шүкір жолдасым өте керемет жан болды. Сауатты, еңбекқор еді. Мені әрдайым қолдайтын. Бірбірімізді түсініп, аз да болса бақытты өмір сүрдік», — деп біраз үнсіз қалды.

Сол сәтте Мәрия әженің немере келіні Назгүл әңгімеге араласты.

— Әжемнің жасы 90-ға жақындасада бізге қолынан келгенше көмектесіп жүреді. Менің енем, яғни бұл кісінің келіні де, мен де күн ұзағына жұмыста боламыз. Осындай сәттерде үлкен әже тамақтарымызды дайындап, жағдайымызды жасауға тырысады. Менің осы шаңыраққа келін болып түскеніме 13 жылдан асты. Шынын айтсам, әже менің «крышам». Біз ауылдағы әжемнің үйінде, енем және мен бірге тұрамыз. Қандыағашқа әжемнің шаруаларымен келгенбіз. Мен үнемі қасында осылай еріп жүремін. Әжемнің әрбір ісі — бізге өнеге. Ол бізге үнемі ақылын айтып отырады. Менің енем екеуі сондай бір-біріне жақын, сырлас құрбы. Бір-бірін ыммен түсінеді десем, артық айтқаным емес. Осы кісілердің осындай іс-әрекеттері маған үлгі. Мен де екі енем сияқты шаңырақтың ұйытқысы болғым келеді. Қазір әжеміздің 4 баласынан 15 немере, 38 шөбересі бар, — деді немере келіні Назгүл.

Бүгінде мәуелі бәйтерекке ай налып, ауылдың анасы болған Мәрия әжеден екі келінді бір шаңырақтың астында тату-тәтті ұстаудың құпиясын сұрадық.

Жақсы ене болу оңай емес. Ол үшін бірінші адамға ақыл керек. Бөтен үйдің шаңырағын аттаған жас келінді түсініп, жақсылығын асырып, жамандығын жасырып, білмегенін үйретіп, өзіңе жақын тартқанда ғана өзара түсіністік қалыптасады. Ал түсіністік болған жерде ауызбіршілік болады. Ауызбіршілік – шаңырақтың берекесін кіргізеді. Мен қандай шаруа болмасын келініммен үнемі ақылдасып, кеңесіп шешемін. Өзім білемге салмаймын. Менің осындай қасиеттерімді бойына сіңір-ген келінім Гүлнәр бүгінде өз келіндерін де солай тәрбиелеуде. Келіндерім барлық жағдайымды жасап, қолымды жылы суға малып отыр. Сол үшін де үнемі батамды беріп отырамын, — деп әңгімесін түйіндеп, қолын жайып бізге де аналық ақ батасын берді.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Ядролық отынды пайдалану тәуекелі

admin_mugalzhar

ЖАҒАБҰЛАҚТАҒЫ ЖАРЫҚҚА ЖАУАПТЫ ЖАН

admin_mugalzhar

ЕҢБЕКТІКТЕР ӨЗ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.