ГАЗЕТІМІЗДІҢ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА РЕДАКЦИЯҒА ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАЛЫҚ №4 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ ГҮЛМИРА МУСИНА КЕЛДІ. ҚОЛЫНДА САРҒАЙҒАН ГАЗЕТ ПАРАҚТАРЫ БАР. ТАРИХТАН ТАМЫР ТАРТАТЫН ҮНПАРАҚ БҰРЫНҒЫ МҰҒАДЖАР АУДАНДЫҚ «ЕҢБЕК ТАҢЫ» ГАЗЕТІНІҢ 50 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ҚАРСАҢЫНДА ЖАРЫҚҚА ШЫҚҚАН МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІ ЕКЕН.
Бастауын «Кедей» газетінен алатын Жұрын аудандық «Сталиндік эпоха» газетінің алғашқы нөмірі 1938 жылы 21 қарашада оқырмандарға жол тартқан. Жылдар желісінде газет атауы «Коммунизм жолы» деп аталып, 1966 жылы «Еңбек таңы» деп өзгерген. Біздің қолымызға тиген «Еңбек таңы» газетінің 1988 жылғы мерекелік нөмірінде газет тарихынан тамыр тартатын көп дүние жазылыпты. «Мұғалжар» газетінің бұрынғы редакторлары Елубай Қодаров, Жаңылша Балмағанбетова, Ұбайдулла Жаулыбаевтардың естеліктері, редакцияда жұмыс жасаған бұрынғы қызметкерлердің тізімі, сол уақыттағы газеттің ұйымшыл ұжымы туралы көлемді мақалалар мен фотолары жарияланыпты. Тіпті 1938 жылдан бері газет бетінде жарияланған мақалалардан да үзінді берілген.
— «Еңбек таңы» газеті редакциясы ұжымының қатарында менің әкем Нысан Мусин де 30 жылға жуық үздіксіз еңбек етті. Ол сол кездегі түрлі мәселелерді көтеріп, еңбек адамдарын насихаттап, ауданның баспасөз тарихында өз қолтаңбасын қалдырған жан. Ол Мәскеуден шығатын «Известия» газетінің арнаулы тілшісі болған. Оның дәлелі ретінде әкемнің «Снежана» атты мақаласы жарияланған газет нөмірін де алып келіп отырмын. Бұл естеліктерді анам өзінде сақтап, бізге жеткізді. Аудандық басылымның мерейтойы қарсаңында осы газеттерді редакция мұрағатына тапсыруды жөн көрдім. «Еңбек таңы» газеті 95 жылдық тарихы бар қазіргі «Мұғалжар» газетінің бір бөлшегі деп есептеймін, — деді Гүлмира Мусина.
Н.КЕСІКҚҰЛ