«БІЗДІҢ СҰХБАТ» АЙДАРЫНЫҢ ЖАҢА 2026 ЖЫЛДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҚОНАҒЫ – АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ. АЛ ӘҢГІМЕМІЗ АУДАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ АХУАЛЫ, БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ЖӘНЕ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖАЙЫНДА ӨРБІДІ.

-Сіздің аудан әкімі болып тағайындалғаныңызға осы жылы үш жыл болады. Осы уақыт аралығында аудан аумағында көптеген жұмыстардың атқарылғанын білеміз. Әңгімемізді ауданның жалпы экономикалық әлеуметтік ахуалынан бастасақ…
-Өткен жыл Мұғалжар ауданы үшін жаман болмады. Ауданымыздың өнеркәсіп саласында өсім артып, инвестициялық белсенділік күшейді. Әсіресе, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуы қарқынды жүріп, инфрақұрылымдық жобалар да жүйелі түрде жүзеге асырылды деп айта аламын. Ауданымыздың өнеркәсіп өндірісінің көлемі де артып, былтырғы жылмен салыстырғанда жоғары көрсеткіш көрсетті. Өңдеу саласынан да жақсы көрсеткіштер көруге болады. Негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі жақсы нәтиже берді. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика сақталып, өткен жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткішке қолжеткіздік. Ауданның экономикалық және әлеуметтік нақты көрсеткіші жақын арада шығарылады. Солкезде тағыда хабардар боларсыздар. Біз ауданның экономикасын көтеру мақсатында жүйелі жоспар құрып, ауқымды инвестициялық жобаларды қолға алып жатырмыз. Ауданда Қытай локомотивтеріне техникалық қызмет көрсету бекеті салынуда және келешекте жел электр станциясы, газ-химиякешені, Тау-кен металлургия комбинатының құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. «СНПСАқтөбемұнайгаз» базасында логистикалық әлеуеті бар субиндустриалды аймақ құрылуда. Осы жобалардың іске қосылуы — бизнестің дамуына мүмкіндік беріп, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады. Ал әлеуметтік инфрақұрылым саласында мектептер, балабақшалар мен спорт, медицина нысандарын салу және жөндеу белсенді түрде жалғасып жатыр. Сонымен бірге ауданның инфрақұрылымын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау сапасын арттыру жұмысымыздың басым бағыттарының негізгі бөлігі болып қала бермек.

-Мұғалжар – мұнайлы өлке. Аудан аумағында мұнайдан өзге де пайдалы кенорындары жетерлік. Бұл кәсіпорындардан түсетін салық түсімі қай бағытқа жұмсалады? Аудан экономикасының қазанына құйылатын қаражат деңгейін айта аласыз ба?
—Иә, біздің ауданның облыстағы өзге аудандарға қарағанда әлеуеті зор. Себебі аудан аумағында көптеген кәсіпорындар бар. Олардың бірі мұнай өндірсе, енді бірі газ өңдейді. Сондай-ақ мыс, алтын, қиыршық тас, т.б. пайдалы қазбалар өндіретін кен орындары да жетерлік. Әрине, бұл кен орындарынан аудан бюджетіне қомақты қаржы құйылады. Аудан аумағындағы 40-тан астам осындай мекемелерден бюджетке түсетін салық көлемі 40 млрд теңгені құрайды. Бұл қаржының барлығы аудан бюджетінде қалмайды. Тікелей республикалық бюджетке беріледі. Ал біздің ауданның жалпы бюджеті — 14 млрд 800 млн теңге. Қазіргі уақытта біз басым бағытты ауданның инфрақұрылымына беріп отырмыз. Айталық, электржелілерін тарту, су және жыл уқұбырларын жаңарту, тазарту кешендерінсалу, жол қатынасын реттеу бойынша жұмыстанудамыз. Себебі ауданның экономикалық ахуалын жақсарту үшін бірінші кезекте осы мәселелердің шешімінің табылуы өте маңызды. Ауданғаинвестортартукезіндеолар алдымен осы мәселелерге мән артады. Шағын кәсіпорын ашу үшін де электр желісі мен көгілдір отынның, сапасы жақсы жолдың болуы шарт. Қандыағаш қаласы аумағынан 150 гектар жерге экономикалық аймақ жасақтауды жоспарлап отырмыз. Осыған орайөткенжылықала аумағына 30 шақырым жерге бағана орнатылып, 90 шақырымжерге электр сымдарытартылды. Өзге облыстардан келіп, біздің қаламыздан өндіріс зауыттарын салуға ниет білдіргендер бар. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы құбыр зауыты Қандыағаш қаласынан мұнай өнімі үшін бір желісін әкеліп, өндіріс орнын ашуды көздеп отыр. Қазіргі уақытта оларқаржылық, экономикалық, техникалық есептерін шығарып, талдау жұмыстарын жасап жатыр. Жалпы аудан бюджеті аудан халқының әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған маңызды шараларға жұмсалады.

— Сіз үнемі тұрғындармен кездесу барысында аудан аумағында жасалатын экономикалық аймақ туралы айтып жүрсіз. Жаңа ғана сөз барысында осы тақырып төңірегінде айтып кеттіңіз. Өткен жылы осы мәселе бойынша Қытай еліне де барып қайттыңыз. Нәтижесі қалай болды? Бұл жобалар жүзеге асырылған жағдайда аудан экономикасы қалай өзгереді? Осы жөнінде газет оқырмандарына толығырақ айтып кетсеңіз..
-Өткен жылы біз Қытай елінде өткен 9-шы Халықаралық «Жібек жолы» көрмесінің іс-шараларына қатысып қайттық. Бұл сапарға облыс әкімі Асхат Берлешұлы бастап барды. Көрме аясында Шэньси провинциясының павильондарында ұсынылған қытайлық компаниялардың өнімдері және озық технологияларымен таныстық. Іскерлік бағдарлама аясында Қытайдың халықаралық саудаға жәрдемдесу комитетімен бірлесіп, тау-кен металлургия кешені, өңдеу және тамақ өнеркәсібі салаларында әріптестік орнатып, инвестициялық жобаларды іске асыруға қытайлық компания өкілдерімен кездесулер өтті. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде ауданымызға инвестициялық жобалар тартылды. Аудан аумағынан экономикалық арнайы аймақ ашуды жоспарлап жүрміз. Айталық, Батпақкөл ауылдық округі аумағынан Карбамид өндірісі бойынша жобаны іске асыруды қолға алдық. Бұл зауытты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы болып табылатын «KMG PetroChem» ЖШС-і салады. Бұл жоба Жаңажол газ өңдеу зауыты негізінде жаңа кешен құруды көздейді. Күтілетін өндіріс қуаты жылына 1 млн тоннаға дейін карбамидті құрайды, ал жобаның құны 1,2 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Жобаға карбамид өндірісі ғана емес, аммиак, азот және сутек өндірісі бойынша қажетті кезеңдер де кіреді. Осылайша, зауыттың екінші кезең шикізаттан түпкілікті өнімге дейін өндірістің барлық циклін қамтитын кешенді жобаға айналады. Бұл зауыт жұмысының тиімділігі мен экономикалық пайдасын едәуір арттыруға, сондай-ақ азотты тыңайтқыштарға және басқа да химиялық өнімдерге өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Бұдан өзге метанол өндіретін газ-химия кешені, «Юбилейное» алтын кен орнында тау-кен металлургия комбинатын салу да жоспарланып отыр. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы — аудан тұрғындарының әл-ауқатының жақсарып, ел экономикасының көтерілуіне сеп болады деп есептеймін.
-Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «2025 жылы еліміздің барлық аймағын ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз ету қажет» деп нақты тапсырма берген еді. Бұл тапсырма біздің ауданда қалай жүзеге асырылды? Кейбір ауылдар орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылса да, таза суға жол жеткізе алмай отыр. Мысалы, Жұрын, Жарық және өзге де ауылдар. Осы жөнінде сіз не айтасыз?
—Қазіргі уақытта аудан аумағындағы елді мекендердің барлығы дерлік ауыз сумен қамтылып, орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Бүгінде аудан тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін екі мекеме жұмыс жасайды. Олар — «Коммуналшы» және «Ембі жылу» мекемелері. «Коммуналшы» КМК-ның меншігінде Жем қаласын қосқанда 19 су айдау бекеті бар. Ал «Ембіжылу» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының қарамағында Ембі қаласы бойынша 10 ұңғыма бар. Оның ішінде 7 ұңғыма жұмыс жасайды, қалған 3 ұңғыма резервте, қажет болған жағдайда қосылады. Біз осылай Мемлекет басшысының тапсырмасын толыққанды орындадық. Дұрыс айтасыз, мәселелер жоқ емес. Жұрын ауылындағы су мәселесін шешу үшін жер асты суларын іздестіру жұмыстарын жүргіздік. Қазіргі таңда су сүзгісін қоюды жоспарлап отырмыз. Іздеу қорытындысы дайын болған соң, жаңа жерасты ұңғымасын қазуға жобалық-сметалық құжаттама дайындалатын болады. Сонымен бірге Жарық ауылына да бөлек ұңғыма қазуға жұмыстанып жатырмыз.

-Өткен жылы ауданда біршама әлеуметтік нысандар бой көтерді. Айталық, бірнеше мектептер мен медициналық мекемелер салынып, пайдалануға берілді. Бұл туралы газетімізде жазылды. Десе де өз аузыңыздан толыққанды ақпарат алсақ…
-2025 жылы ауданда екі мектеп пайдалануға берілді. Олар – Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көтібар батыр және Еңбек ауылдық округіне қарасты Темір-көпір ауылдарындағы білім ошақтары. Көтібар батыр ауылынан ашылған 60 орындық мектеп бөбекжай-балабақша кешені барлық халықаралық стандарттарға сай және заманауи мектеп жиһаздарымен, компьютерлермен, кеңсе жабдықтары мен жабдықталды. Ал Темір-көпір ауылында ашылған жаңа мектептің құрылысына бюджеттен 415,5 млн теңге қаржы бөлінді. Аталған мектептердің ішінде заманауи спортзал, кітапхана, асхана, медициналық пункт пен мектеп ауласынан спорттық ойындарға арналған алаң да қарастырылды. Сондай-ақ №4 Ембі қалалық жалпы білім беретін орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылдың соңында Жағабұлақ ауылында орналасқан №3 “Балауса” балабақшасы жаңа әрі заманауи ғимаратқа көшірілсе, Қандыағаш қаласында орналасқан «Жансая» балабақшасына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал медицина саласына келетін болсам, осы жылы аудан аумағындағы жалпы саны алты медициналық нысан пайдалануға беріліп, халық игілігіне тапсырылды. Аудандық аурухананың ауданаралық аурухана болып бейінделуіне орай, аудандық аурухананың жағынан қосалқы ғимарат салуды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың бір парасы ғана. Алдағы уақытта әлі де аудан аумағындағы төрт ауылдың мектептерін қайта салып, талапқа сай модульдік мектепке көшіргіміз келеді. Олар — Қожасай, Еңбек, Шеңгелши, Ақсу ауылдарындағы мектептер. Жақында ғана осы мектептердің жобасын облыс әкімінің алдында қорғап шықтым. Қазіргі таңда аталған жобалар тексерілуде.

-Ауданда бірнеше мектеп құрылыстарының қарқын алмай, кешеуілдеп тұрғаны жасырын емес. Әсіресе, 4-5 жылдан бері салынып жатқан «Самал» мөлтек ауданындағы мектеп құрылысы туралы сұрамауымыз сын болар. Оған «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп пен Ащысай ауылындағы мектептің құрылысын да қосайық. Осы мәселе туралы өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз…
-Дұрыс айтасыз. Ауданда құрылыс жұмыстары ұзаққа созылған білім ошақтары бар. Оның бірі — «Самал» мөлтек ауданындағы 600 орындық мектеп. Бұл мектепті салуды өз жауапкершілігіне алған мердігер мекемені ауыстыруға тура келді. Себебі аталған мекеме жауапсыздық танытты. Біз қайта мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру беріп, құрылыс жұмыстарын жүргізетін мекемені қайта анықтадық. Бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы 800 млн теңгеге жұмыс жасалды. Айталық, дұрыс салынбаған бөлігі бұзылып, қайта тұрғызылды. Қосымша тағы екі корпус салынды. Қазіргі уақытта аталған екі корпус жылу жүйелерімен, қазандықтармен қамтылып, сыртқы инфрақұрылымы және ішкі электр желілері жасалуда. 2026 жылдан қалдырмай аяқтауды жоспарлап отырмыз. Ал Ащысай ауылындағы мектептің құрылыс жұмыстары жақын арада жанданады. Бұл мектептіңде құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме бар, жұмыстар жалғасын табады. Сондай-ақ «Келешек мектептері» жобасы аясында салынып жатқан Қандыағаш қаласындағы орта мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Бұдан өзге осы жылы аудан орталығынан Өнер орталығын салуды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге Балалар саз мектебінеде көңіл аударып, ғимаратын жаңалып беру жоспарымыз бар.
-Аудан көлеміндегі ауданаралық жолдардың жағдайы туралы да оқырманның білгісі келері анық. Әсіресе, «жол жағдайын жүрген білер» демекші, ауданнан шалғайда жатқан елді мекен тұрғындары үшін бұл сұрақ маңызды. Ендеше, аудан басшысы ретінде осы тақырып аясында жасалған, жасалып жатқан және жасалатын жол құрылысы жұмыстары жөнінде кеңінен баяндасаңыз…
—Жол қатынасын реттеп, ауданаралық жолдардың жағдайын жақсарту — біздің алдымызға қойған басты міндеттеріміздің бірі. Қазіргі уақытта аудан аумағындағы біршама ауылдарға жол қатынасы жақсы деп айтуға болады. Шалғай ауылдардың көпшілігіне жол салынды. Енді осы жылы аяқталуы тиіс жолдардың құрылысын толыққанды бітіруге жұмыстанып жатырмыз. Атап айтатын болсам, «Қаракөл-Жұрын» және «Қаракөл-Бұлақты» аралығындағы автокөлік жолдарын қалыпқа келтіру және «Сағашилі-Талдысай» тас жолының құрылысын толығымен аяқтау қажет. «Сағашилі-Талдысай» бағытындағы тас жолын салып жатқан мердігер мекеме өзгерді. Қазіргі уақытта қосымша қаржы бөлінді. Бұл жобаны облыс әкімдігі мен депутаттар қолдап отыр. Сонымен бірге республикалық маңызға ие «Қандыағаш-Ембі» тас жолы және Ембі қаласына кірер жолдағы көпірдің құрылысын толығымен аяқтау жоспарда бар. Қазіргі уақытта Қандыағаштан Ізімбетке дейінге аралыққа асфалть төселді. Өткен жылы Қандыағаш қаласында жалпы саны төрт көше күрделі жөндеуден өтті. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстары үш көшеге жүргізілді. Күрделі жөндеуден өткен қала көшелерінің жалпы ұзындығы 4,2 шақырымды құрайды. Жоба құны – 1,2 млрдтеңге. Сонымен бірге «Келешек мектептеріне» дейінгі жерге және Алтынды көшесіне автомобиль жолы салынды. Осы жылы Қандыағаш қаласындағы «Нұрлыкөш» мөлтек ауданына автомобиль жолын төсеуді жоспарлап отырмыз. Жобалық-сметалық құжаттары толық дайындалды және қажетті қаржы бөлінді.

-Өткен жылы аудан аумағында бірнеше ауылға газ беріліп, халықтың қуанышында шек болмады. Қорытынды есебіңізден білгеніміз, ауданды газдандыру бүгінге дейін 98,5 пайызға орындалған. Енді көгілдіротынды қандай ауылдарға және қашан жеткізу жоспарланып отыр?
-Газдандыру – елді мекендердегі тұрмыс деңгейін арттырумен қатар, экологияны жақсартудың, халық үшін қауіпсіз әрі тиімді энергия көзін қамтамасыз етудің маңызды тетігі. Соңғы жылдары осы бағытта ауданымызда ауқымды жұмыстар қолға алынып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазір аудан халқының барлығыдерлік көгілдір отынның игілігін көріп отыр деуге негіз бар. Соның айқын дәлелі – қазіргі таңда ауданның көгілдір отынмен қамтылуы 99 пайызды құрайды. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы аудан бойынша төрт ауылға газ берілді. Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылына көгілдір отын тарту жұмыстарына бюджеттен 921,4 млн теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ащысай ауылдық округіне қарасты Ащысай мен Сабындыкөл ауылдарына да көгілдір отын беріліп, халықтың қуанышында шек болмады. Сонымен бірге Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Қожасай ауылына да газ барып, тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Жоба құны 1,5 мрлд теңгені құрайтын газ тарту жұмыстары демеушілікпен жасалды. Бұл жоба «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ы облыстық филиалының қолданыстағы инвестициялық бағдарламасы аясында жүзегеасты. Алдағы уақытта Құмсай ауылы мен Ащысай ауылдық округіне қарасты Ақсу ауылына табиғи газ тарту жұмыстары қолға алынады. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өтті. Бюджеттен қаржының бөлінуін күтіп отырмыз. Сонымен бірге Ақкемер ауылдық округіне қарасты Көтібар батыр ауылына да газ тарту жұмыстарын іске асырмақпыз. Алдағы күндерде жобалық құжаттарын дайындауды қолға аламыз.

-Бәрімізге белгілі, ауданда тұрғын үйге мұқтаж жандардың қатары көп. Қателеспесем, кезекте тұрған мұғалжарлықтардың саны 1500 адамнан асып түседі. Жыл соңында бірнеше пәтердің «Отбасы банк» арқылы берілетінін айтқан едіңіз. Осы мәселе бойынша толыққанды тарқатсаңыз?.. Көптің көкейінде жүрген сұрақ: пәтерлер тегін беріле ме?
—Сұрағыңыз орынды. Біздің ауданда үй кезегінде тұрғандардың саны 1580 адам. Олар бес түрлі санат бойынша үй кезегіне алынған. Өткен жылы тұрғындарды тұрғын үй кезегіне қою және үй беру құзыреті жергілікті әкімдіктен алынып, «Отбасы банк» АҚ-на берілді. Біз қолымыздағы барлық деректі банктің базасынаенгіздік. Бұған дейін үй алу кезегі Kezekte.kz цифрлық платформасы арқылы жүргізілсе, енді бұл orken.otbasybank.kz порталына көшірілуде. Портал техникалық тұрғыдан жетілдіріліп, азаматтардың кезегі, яғни бұрынғы база жаңа жүйеге көшіріліп, жүйе іске қосылды. Біз аудандық бюджет тарапынан 660 млн теңге көлемінде қаржы бөліп, Қандыағаш қаласынан 4 қабатты, 48 пәтерлі тұрғын үй сатып алып, «Отбасы банк» АҚ-на өткіздік. Енді үй беру тәртібін осы банк жүргізеді. Біз араласа алмаймыз. Осы жерде айта кететін бір жайт, тұрғындарға пәтерлер белгілі бір тәртіп бойынша жалдамалы және несиелік түрде беріледі. Үй алған адам бірнеше жыл тұрғаннан кейін, қалдық соммасын төлеп, өзіне жекешелендіріп алуға мүмкіндік алады.
-Кәсіпкерлік – аудан экономикасының тамырына қан жүгіртетін басты сала. Мұғалжарда 4500-ге жуық жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтары тіркелген. Бұл кәсіпкерлер мен шаруалар ауданның дамуына қаншалықты үлес қосуда? Осылардың арасында инновациялық идея әкеліп, жеңіл өнеркәсіп пен өндірісті дамытамын дейтіндер бар ма? Оларға қандай мүмкіндіктер мен қолдаулар бар? Ал ауданның ауыл шаруашылық саласы қандай деңгейде?
— Ауданда кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың да көлемі жыл сайын артуда. Мәселен, аудан орталығын айтпағанда ауыл-аймақтың өзінде өз кәсібін ашып, ісін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлердің қатары өсті. Бұған қарап отырып, жеке кәсіппен айналысқысы келетін, әрі оны ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға жағдайдың жасалып жатқанын көруге болады. Бұрынғыдай шағын кәсіп иелерін жөн-жосықсыз тексерулерге де тыйым салынды. Әкімшілік кедергілер де азайды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген несие де көбейді. Ендігі мақсат – орта және шағынбизнестіңүлесінарттырып, ел дамуын орнықтыра түсу. Бүгінде ауданымызда 5 мыңғажуықкәсіпкер тіркелген. Оның 490-ы шаруа қожалығы болса, 23-і ЖШС. Олардың жұмысы табысты деп айтуға болады. Жыл басынан бері агроөнеркәсіптік секторға 700 миллион теңгеден астам инвестиция салынды. Сәтті іске асырылған жобалардың қатарында – «Ерлан» ӘКК ет комбинаты және «Айсұлтан» шаруашылығының жайылымы бар. Сонымен бірге Қандыағаш қаласынан СПК «Жақсылық» деп аталатын мал сою алаңы, Ащысай ауылынан 250 мал басын бордақылайтын орын ашылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл 109 жобаны іске асыру жоспарланған, оның 44-і қаржыландырылды. Осы жылы аудан аумағындағы пайдаланылмай жатқан 19 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Бес жылдық мал шаруашылығын дамыту жоспарықұрылуда. Ауылшаруашылығы техникалары жаңартылып, жерді құнарландыру жұмысы жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Көп жылдық шөптерді егу де қолға алынды. Қосымша 700 гектар жер егістікке берілді. Дегенмен өнеркәсіп пен өндірісті қолға алатын кәсіпкерлердің қатары аз. Анау айтқандай керемет идеялар да жоқтың қасы. Өндірісті дамытуға көпшілігі мойын бұра бермейді. Себебі өндірістің жұмысы көп, тәуекелі жоғары. Біз осыны ойлап, Қандыағаш қаласы аумағынан шағын өнер кәсіптік аймақты жасақтауды жоспарлап отырмыз. Архитектуралық сызбасы сызылды. Бұл жобаның экономикалық аймаққа қатысы жоқ. Бұны жеке кәсіпкер жүзеге асырады. Жалпы аумағы 8 мың шаршы метр болатын өндірістік аймақта жабық павильондар болады. Бұл жерде барлық инфрақұрылым желілері жасақталып, кәсіп жасаймын деген жанға барлық мүмкіндік беріледі. Айталық, өндіріс ашатын кәсіпкер жер алып, ғимарат тұрғызбай, дайын жерге келіп, тек жалға алып қана кәсібін жасай беруіне болады. Сонымен бірге менің ұсынып отырған тағы бір жобам — «Ақтөбе-Атырау» тас жолының мүмкіндігін пайдаланып, жол бойынан жабық сауда дүңгіршектерін ашу. Ақкемер және Сағашилі ауылының тұрғындары жол бойында салынған жабық сауда орындарында ауылдың табиғи өнімдерін жолаушыларға сатып, кәсіп жасауына болады. Өзіңіз білесіз, бүгінде адамдардың көпшілігі табиғи сүт пен ет өнімдеріне бет бұрды. Осы жобаны алдағы уақытта аудандық сессияға ұсынып, қаржы бөлуді қарастырып отырмыз.

-Жыл сайын көктем кезінде сенбілік және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Соңғы жылдары «Таза Қазақстан» акциясы аясында да ауқымды істер атқарылды. Бірақ жайқалып өскен жасыл желектің саны аз. Көпшілігі жаз ортасына жетпей қурап қалып жатады. Оған не себеп? Жауапты жандар жұмыстарын тиісінше атқара алмай ма әлде басқа себебі барма?..
—Тазалықты сақтау – қоршаған ортаға деген құрметтің көрінісі. Қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті деп есептеймін. Қоршаған ортаның тазалығы мен көркеюі мемлекеттік бастамалармен қатар, бүкіл қоғамның белсенді атсалысуымен жүзеге асатын маңызды іс. Ауданымызда қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалықты сақтап, табиғатты аялау мәдениеті біртіндеп қалыптасып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы шеңберінде атқарылған жұмыстар – осының айқын дәлелі. Дегенмен олқылықтар да баршылық. Кейбір адамдардың ойында «қала аумағын әкімдіктің мамандары тазалау керек» деген ойдың бары өтірік емес.
Біз бұл ойдан арылып, тазалықты өзімізден бастауымыз қажет. Ал жасыл желектің жайқалмауына қатысты сіздің ойыңызбен келісемін. Жыл сайын көптеген түрлі тал көшеттерін отырғызамыз. Бірақ бой алып кететіндері аз. Бұған бірінші себеп – талдардың біздің саздақ жерімізді жерсінбеуі. Ал екінші себеп – талдарды күтіп ұстау жұмыстарын атқаратын мамандардың жауапсыздығы және өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқара алмауы. Мен осы бойынша жауапты мамандарға нақты тапсырма бердім және бақылауымда ұстаймын. Тағы бір айта кететін жайт, елді мекендерде де қоқыс мәселесі күн тәртібінде тұр. Көгілдір отын жеткен ауылдың айналасы бір қыстан шыққан соң қоқысқа толып қалады. Ауыл тұрғындары бекітілмеген жерлерге қоқыстарын төгіп кетеді. Бұл күрделі мәселе. Осыны шешу жолында жүйелі жоспар құрып, жұмыс атқаруымыз шарт. Қоқысты тастамау, жан-жағын жинап отыру, тазалық сақтау мәдениетін әрбір адам өз отбасынан бастаған дұрыс.

—Ауданымыздағы тағы бір көңіл аударатын мәселе, ол – қоғамдық тәртіп мәселесі. Бүгінде жалпы ел бойынша күн тәртібінен түспей тұрған жастар арасындағы қылмыс пен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық көпті алаңдатады. Сонымен қатар жалпы қала тұрғындарының қауіпсіздігі, ауылдағы мал ұрлығы, ғаламтор, әлеуметтік желі арқылы жасалатын алаяқтық мәселелері қатаң бақылауды қажет ететіндей. Мұғалжарда бұл сала бойынша жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр?
-Қоғамдық тәртіп мәселесі қашан да өзекті. Қоғамда орын алған кез келген тәртіпсіздікке бейжай қарауға болмайды. Құқық бұзғандар тиісті жазасын алуы тиіс. Жазушы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпке бағынған құл болмайды», — деп айтып кеткен. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Ауданымыздың көркеюі үшін әлбетте, тәртіп пен тәрбие болуы тиіс. Аудандық ішкі істер бөлімінің мамандары қоғамдық тәртіпті орнату бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Сонымен бірге қазіргі уақыттабелеңалған, телефон, яғни интернет арқылы жүзеге асырылатын алаяқтық мәселесі басты назарда. Интернет алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін жауапты мамандар түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіпт ұрады. Ал жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық бойынша жағдай тұрақты. Мен өзім қала аумағындағы мектептерге барып, жоғары сынып оқушыларымен, оның ішінде тәртібі нашар балалармен кездесу өткізіп тұрамын. Оларды сөзгетартып, ойларын тыңдаймын. Аудан әкімдігі жанынан құрылған комиссия да жоспар бойынша өз жұмыстарын атқаруда. Соның нәтижесінде жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық азайып, жақсы жаққа өзгерген балалар көп. Бұл жүйелі жұмыстың нәтижесі деп білемін.
-Қандыағаштықтардың басты мәселесіне айналған спирт зауыттан шығатын жағымсыз иістің жыры әлі де шешімін таппады. Өткен жылы құны 5 млрд-тан асатын жоба туралы айтқан едіңіз. Бірақ бұл мәселе оңды шешімін таппағанға ұқсайды. Енді бұл жағымсыз иістен құтылуды қандайда бір жолы қарастырылып жатыр ма?
-Бұл мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінен түскен емес, әлде де назарда болады. Өткен жылы «Кентавр» ЖШС-нің басшылығы құны 150 млн теңге тұратын «Самал» мөлтек ауданы мен «Кентавр» ЖШС-і зауытының кәріз желілерін салужәнежергілікті тазарту кешені құрылысының жобасын сыздырған еді. Біз бұл жобаны министрлікке жолдадық. Бірақ аталған жоба қабылданбай, «Самал» және «Достық» мөлтек ауданынан жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасы қайта жасақталуда. Бұл кешен жергілікті талаптарды ескере отырып, ағынды суларды белгіленген нормативтік көрсеткіштерге дейін тазартуға мүмкіндік береді. Ал ол Жарық ауылына баратын жолдағы кәріз сорғы станциясына ағызылады. Алайда осыкәріз сорғы станциясы бұл кәріз суларын қабылдауға қауқарсыз. Сол себепті бұл станцияны да жаңғыртып, көп мөлшердекәріз суын қабылдайтындай етуіміз керек. Жергілікті тазарту кешені құрылысының жобасына осы аталған жобаны енгізіп, түзетулер жүргізілуде. Ал «Кентавр» ЖШС-і өздерінің тарапынан бұл жағымсыз иісті жою үшін өзге де шетелдік компаниялармен байланыс орнатып, фугат сұйықтығын толыққанды тазартатын технологияларды қарастыруда. Зауыт басшылығы «Бүкіл ресейлік азық-түлік биотехнологиясы ғылыми-зерттеу институты» федералды мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесімен байланыс орнатып, «барданы» өңдеу бойынша құрылғылардың сипаттамалары мен технологиялары алынып жатқандарынайтты. Бүгінде олар өз қаржыларына зауыт маңынан тазарту кешенін салып, жағымсыз иісті жоюға бағытталған жұмыстарды атқарады.
-Ақылы қоғамдық жұмыс — әлеуметтік аз қамтылған жандар үшін жұмыссыздық мәселесін шешеудің бір жолы болды. Бұл жұмыс орындары ел бойынша жыл сайын өзге бағдарламалармен ауыстырылып, жұмыс жасаушылар саны қысқартылып келеді. Мәселен, өткен жылдың өзінде біздің ауданда 400-ден астан адам ақылы қоғамдық жұмыста еңбек етті. Сол жұмыс орыны биыл екі есеге қысқармақ. Егер жұмыс орындары қысқартылса, жұмыссыз қалған азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі қалай болады? Жалпы аудандағы жұмыссыздық мәселесі қалай шешілуде?
-Жұмыссыздық мәселесі бүкіл әлемде бар. Бұл мәселені шешу мақсатында еліміз түрлі бағдарламалар жасақтап, жұмыссыздарды жұмыспен қамтуға мүмкіндіктер қарастыруда. Біздің ауданымызда осы уақытқа дейін ақылы қоғамдық жұмыс орындарында 500-ге жуық адам жұмыс жасады. Бүгінде соның 240 орыны қысқартылды. Бірақ біз бұл адамдарды жұмыссыз қалдырмаймыз. Қандыағаш қаласының аумағында 44 мекеме жұмыс жасап тұр. Біз осы мекемелермен келіссөз жүргізіп, жұмысшыларды қабылдауға жұмыстанып жатырмыз. Бұл мәселе өз шешімін табатын болады.
-Мұғалжар ауданының тарихы тереңнен тамыр тартады. Басқасын айтпағанда, Орқаш орманы мен кәрі Мұғалжар тауының өзі көптің қызығушылығын оятады. Ауданда Қазақстанның киелі жерлер географиясына енген 5 мекен де бар. Ағайынды Жұбановтар туған өлкенің маңызы да зор. Осыған орай аудан аумағында туризмді дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру керек секілді. Сіз не айтасыз?
-Ауданымызда туризм саласының дамуы кенжелеп қалғаны жасырын емес. Оған себеп — жол сапасының сын көтермеуі. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз алдымен ауданымыздың инфрақұрылымын дамытуымыз қажет. Сонда барып туризмді дамытуға жол ашылады. Тарихы терең, табиғаты керемет киелі жерлерімізге туристерді тарту үшін оларға жайлы жағдай туғызымыз аса маңызды. Бүгінде облыстық кәсіпкерлік басқармасымен бірлесіп, осы бағытты дамытуға бағытталған туристік жол картасы жасақталып жатыр. Жол картасы туризм инфрақұрылымын жақсарту және жаңғырту жұмыстарын жүйелейді және осы салаға инвестиция тартуға көмектеседі. Біз туризмді дамыту арқылы аудан экономикасын орташа есеппен 30 пайызға көбейтуді көздеп отырмыз. Енді бұл алдағы күндердің еншісінде…

-Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Енді барлық салаға ЖИ-дің енгізілетініанық. Ендеше, ауданда ЖИ-ді жүйелі жүзеге асыру үшін жоспарлар жасалды ма?
—Мемлекет басшысы өткен жылы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құрып, жаңа технологиялық дәуірдің бір бөлігі болу үшін мемлекеттік басқару жүйесін түбегейлі қайта құру қажеттігін айтқан еді. Жаңа жылда 2026 жылды Цифрлық даму және жасанды интеллект жылы деп жариялады. Бұл шешім алдағы уақытта энергетикалық әлеуетін нығайтып, агроөнеркәсіп кешені, су шаруашылығы мәселелерін шешіп, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамытатыны сөзсіз. Әзірге бөлімдер ашу бойынша нақты тапсырма келмеді. Барлық шешім облыс әкімдігімен бірлесе отырып шешіледі деп ойлаймын. Аудан аумағында жасанды интеллектіні дамыту бойынша түрлі ойларымыз бен жоспарларымыз бар. Осындай заманауи технология үстемдік құрған уақытта байланыс жүйесінің тоқтаусыз жұмыс жасап тұруын қамтамасыз етуіміз қажет. Аудан аумағындағы үш қаладан өзге 12 ауылдық округтердің барлығы дерлік байланыс желісімен қамтылған. Ауыл-аймақтарға түрлі байланыс операторларының мұнаралары қойылды. Қазіргі уақытта Қандыағаш қаласында Kcell байланыс жүйесінің 5G желісі ұстап тұр. Аудан бойынша Көлденең-темір және Жаркемер ауылында байланыс желісі дұрыс жасамайды. Байланыс операторлары бұл ауылдарға байланыс мұнарасын қоюға мүдделі емес. Себебі бұл ауылдарда тұрғындар саны тым аз.
-Үш жылдан бері мұғалжарлықтарды танып-білген боларсыз. Мұғалжар тұрғындары қандай сұрақтарды жиі көтереді? Сіз бен тұрғынныңарасындағы байланыс қандай? Жалпы әкім қандай болуы керек? Сіздің ұстанымыңызды білсек бола ма?
-Мұғалжардың тарихы мен топырағы қандай керемет болса, тұрғындары да сондай керемет. Осы жерге отбасыммен көшіп келіп, ауасын жұтып, нанын жеп отырғаннан кейін жаман деп айтуға ешқандай құқым жоқ. Мұғалжарлықтар өте еңбекқор. Олар ойларын тіке айтып, маңызды мәселелерді қозғап, жұмысымызды алға жүруіне өз үлестерін қосып келеді. Аға буын ағаларымыз ақыл-кеңестерін айтып, бағыт бағдар беріп отырады. Тың идеяларымен алға жетелейтін жастарымыз да аз емес. Ал әкім қандай болуы керек деген сұрағыңызға жаттанды болсада жауап берейін. Әкім халыққа жақын болуы керек. Халыққа жаны ашып, олардыңмұң-мұқтажына көңіл бөлуі қажет. Ал ұстанымым – адал, ашық, қарапайым болу. Алдыма келген адамдардың барлығына қарапайымдылығымды көрсетіп, жақын болып, талап-тілегін орындау парызым деп есептеймін.
-Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешегі «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі әлеуметтік желі адамның ойлау қабілетіне зор зиянын келтіріп жатыр… Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебіндеболаберетіні сөзсіз. Бұған еш күмәнім жоқ…», — деді. Ал сіз өзіміздің «Мұғалжар» газетін оқисыз ба?
-Газетті міндетті түрде оқимын. Жұмыс арасында уақыт тауып, «Мұғалжар» газетін оқуға тырысамын. Аудандық газетті оқып, ауданның тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырамын. Аудан аумағында еңбек майданында жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегін газет бетінен көріп отырамын. Сонымен бірге әлеуметтік желідегі парақшаларыңызға да кіріп, аудан жаңалықтарына көз жүгіртіп шығамын. Сіздердің ұжымдарыңызға сәттілік тілей отырып, газет бетінде әлде де аудан тарихына қатысты тың мақалаларды көрсемдеген ниетімнің барын жеткізгім келеді.
— Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ
