«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

КӨРІНБЕЙТІН МАЙДАННЫҢ ЖАУЫНГЕРІ

Таңмен таласа Қандыағаш қаласындағы “Коммуналшы” мекемесіне бет алдық. Ондағы мақсатымыз – көзге көп көріне бермейтін, бірақ қала тіршілігі үшін аса маңызды салада еңбек етіп жүрген қарапайым жұмысшының бір күндік жұмысын өз көзімізбен көріп, оқырманға жеткізу. Біз мекеме табалдырығын аттағанда ұжымның таңғы жиналысы өтіп, алда атқарылар жұмыстар пысықталып жатыр екен. Осы жерде әр бөлімге нақты тапсырмалар жүктеліп, кезекші бригадалар анықталды. Сол сәттеақ “кәріз жүйесінде ақау бар” деген хабар келіп түсті. Жедел әрекет етуге тиіс аралаушы-слесарьлар құралсаймандарын алып, шақырту түскен аумаққа баруға жиналды. Олардың арасында біздің кейіпкеріміз Асаматдин Сапаров та бар.
Кейіпкеріміздің ресми құжаттарда аты-жөні осылай жазылғанымен, әріптестері оны Самат деп атап кеткен. 2018 жылдан бері “Коммуналшы” мекемесінде кәріз жүйесінің аралаушыслесары болып еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Сонымен Самат бригадасымен бірге арнайы көлікке мініп, ақау шыққан аумаққа бет алды. Жол үстінде біздің жұмысы туралы сұрағымызға да жауап беріп үлгерді.

-Біздің жұмыс көбіне көзге көрінбейді. Бірақ бір құбыр бітелсе немесе жарылса, бүкіл ауданның тыныс-тіршілігіне әсер етеді. Сондықтан шақырту түскен сәттен бастап уақытпен санаспай, дереу іске кірісеміз, — дейді ол.
Кәріз жүйесі жер астындағы күрделі құрылым. Оны тексеру, ақауды анықтау, бітелуді ашу, құбырды жөндеу оңай жұмыс емес. Ауа райының қолайсыздығына, лайсаңға, жаңбырға, суыққа қарамай еңбек ету – осы сала жұмысшыларының күнделікті міндеті. Самат бұл қиындыққа да үйренген.
Қыстың қақаған аязында да, жаздың аптап ыстығында да жұмыс тоқтамайды. Кейде түн ортасында шақырту түседі. Бірақ тұрғындардың жайлылығы бәрінен маңызды, — дейді ол.

Әріптестері Саматты өз ісін жетік білетін, жауапкершілігі жоғары, кез келген жағдайда сабыр сақтайтын маман ретінде сипаттайды. Құбырдың қай тұсы әлсіз, қай жерде жиі ақау болатынын тәжірибесімен-ақ шамалайды. Қарапайым слесарь мамандығы — қоғам үшін аса қажет, жауапкершілігі жоғары жұмыс. Қаладағы әр үйден аққан су, әр аулада жұмыс істеп тұрған кәріз жүйесі осындай еңбек адамдарының тынымсыз тірлігінің нәтижесі. Асаматдин Зияуатдинұлы жұмыста жауапты маман болса, отбасында екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған мейірімді әке. Балаларына еңбектің қадірін ұқтырып, адал термен тапқан нанның қасиетін үйретіп келеді.
Балаларым “әке, қандай жұмыс істейсің?” деп сұрайды. Әкелерің қаланың тазалығы мен тыныштығы үшін еңбек етеді деп айтамын. Олар да соны мақтан тұтады, — дейді Самат күлімсіреп.

Қыстың қақаған аязының ызғарын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Қастарына еріп, бір сәт қана бірге жүрген біздің өзіміздің сүйегімізге суық өтіп, денеміз тоңазып қалғандай болды. Ал дәл осындай күндері күн сайын далада жүріп, ауыр құрал-жабдықтарын арқалап, кәріз жүйелерін тексеріп, апаттық жағдай туындаса, бір орында 4-5 сағатап тапжылмай еңбек ететін жандардың шыдамдылығы мен төзіміне еріксіз таң қаласың. Осындай қиындыққа мойымай, қаланың тыныс-тіршілігі үшін жұмыс істеп жүрген жандарды көргенде, нағыз еңбек майданының жауынгерлері екеніне көзің жетеді.
А.ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

МҰҒАЛЖАР ҰМЫТПАЙДЫ АЙМҰРАТЫН…

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРДА ТОЙ ӨТТІ ДҮБІРЛЕГЕН

admin_mugalzhar

Қазақстан жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізудің ұлттық моделін бекітті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.