Жаңа Конституция жобасын ең алдымен азаматтардың құқықтары мен мүдделерін күшейтуге бағытталған құжат деп бағалаймын.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – негізгі нормалардың нақты, түсінікті және құқықтық тұрғыдан айқын жазылуы. Конституция – декларативті ұрандар емес, тікелей қолданылатын құқықтық негіз болуы тиіс. Жаңа редакцияда осы талап ескерілген.
Біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктері күшейтілген. Адам құқықтарының басымдығы, заң үстемдігі қағидаты, сот тәуелсіздігі мен әділ сотқа қол жеткізу кепілдіктері нақтырақ бекітіледі. Бұл әрбір азамат үшін – мемлекет алдында қорғалатын нақты құқықтық қалқан.
Екіншіден, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен жауапкершілік жүйесі нақтыланған. Өкілеттіктердің айқын бөлінуі – басқарудағы тиімділікті арттырып қана қоймай, биліктің шектен тыс шоғырлануына жол бермейді. Бұл – азаматтардың сенімін арттыратын институционалдық өзгеріс.
Үшіншіден, жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік деңгейдегі шешім қабылдау тетіктерін дамыту қарастырылған. Бұл тұрғындардың жергілікті мәселелерді шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Яғни Конституция азамат пен мемлекет арасындағы байланысты жақындатады.
Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы азаматтардың құқықтық қауіпсіздігін күшейтуге, басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға үлкен әсер етеді деп санаймын.
Арайгүл Әбентаева, Қандыағаш қалалық 3 мектеп-гимназиясының кәсіптік бағдар беру педагогі.

