«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Конституциялық реформа — уақыт талабы

Жалпыұлттық коалиция мүшелері, Парламент Мәжілісінің депутаттары Дания Еспаева, Қазыбек Әлішев, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары Әсем Ильясова, Раушан Жәлімбетова, Амантай Үмбетай «QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының акт залында аталған кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында депутаттар алдағы республикалық референдум мен жаңа Конституция жобасының мазмұны туралы жан-жақты түсіндірді.
Дания Еспаева өз сөзінде Конституциялық реформаның мақсаты қоғам сұранысына сай жаңару екенін атап өтті. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституция 1995 жылы қабылданғанымен, соңғы отыз жылда қоғам да, құндылықтар да айтарлықтай өзгерді. Сондықтан жаңа жоба — заман талабынан туындаған қажеттілік.
— Жұмыс тобы былтыр 8 қазаннан бастап конституциялық өзгерістер бойынша жұмысын бастап, құрамына 130 адам енді. Олардың қатарында тәжірибелі заңгерлер, Парламент депутаттары, саяси партия өкілдері, облыстық мәслихат басшылары мен қоғам қайраткерлері болды. 30 қаңтарда Конституцияның алғашқы жобасы жарияланып, халық талқылауына ұсынылды, — деді ол.
Депутат жалған ақпараттарға да тоқталып өтті. Атап айтқанда, жер шетелдіктерге сатылады немесе орта білім ақылы болады деген секілді қауесеттердің негізсіз екенін айтты. Жаңа жобаға сәйкес жер және табиғи ресурстар халыққа тиесілі болып қала береді, ал мемлекет халық атынан меншік құқығын жүзеге асырады.
Сонымен қатар Президент бастамасымен «Әділетті Қазақстан» құру және «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту жаңа Конституцияның негізгі өзегіне айналғаны айтылды. Құжатта адамның құқығы мен бостандықтары басты құндылық ретінде айқындалған.
Ал Қазыбек Әлішев жаңа Конституция жобасындағы маңызды жаңашылдықтарға тоқталды. Атап айтқанда, преамбулада адам құқығы мен бостандықтары нақты әрі айқын көрсетілген.
— Жаңа жобаға алғаш рет «Миранда ережесі» енгізілмек. Бұл норма азамат ұсталған жағдайда оның құқығын — үнсіз қалу, қорғаушымен қамтамасыз етілу жағы құқық қорғау органдары тарапынан міндетті түрде түсіндіруді қарастырады. Сонымен қатар жаңа жобаға адвокатура туралы арнайы баптың енгізілуі — азаматтардың құқығын қорғауға берілген қосымша кепілдік. Бұған дейін Конституцияда сот және прокуратура туралы нормалар болғанымен, енді адвокатураның мәртебесі де конституциялық деңгейде бекітіледі, — деді халық қалаулысы.
Депутат ғылым мен білім, инновациялық даму, тіл мәселесі, цифрлық қауіпсіздік және неке институтына қатысты нормалар туралы да кеңінен түсіндіріп өтті.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалы сервистік қызметінің технигі Жамила Нұрмағанбетова ұжым арасында конституциялық реформа мен алдағы референдум туралы түсіндіру жұмыстары толық жүргізілгенін айтты.
— Бүгінде ұжым мүшелері жаңа Конституция жобасын толық қолдап отыр. 15 наурызда өтетін республикалық референдумға барлығымыз бір кісідей қатысамыз, — деді ол.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, еңбек ұжымы өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ұқсас ақпараттар

2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті

admin_mugalzhar

САЯСИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ МОДЕЛЬ: СЕНАТТА «ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ» ДИАЛОГ АЛАҢЫНЫҢ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Мамырдағы мерекелер: облыста 209 шара өтеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.