«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АҚЫЛДЫ МЕДИЦИНА: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ӨМІРІМІЗДІ ҚАЛАЙ САҚТАЙДЫ?

СОНЫМЕН МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫН ТОЛЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ЖӘНЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ЕНГІЗУДІ БАСТЫ МІНДЕТТЕРДІҢ БІРІ РЕТІНДЕ АЙҚЫНДАП БЕРДІ. БҮГІНДЕ БҰЛ ТАПСЫРМА ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ ҚАЛМАЙ, ЕЛІМІЗДІҢ АУРУХАНАЛАРЫ МЕН ОТА ЖАСАУ ЗАЛДАРЫНДА НАҚТЫ КӨРІНІС ТАБУДА. ЕНДЕШЕ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЕЛ МЕДИЦИНАСЫНА ҚАНДАЙ ӨЗГЕРІС ӘКЕЛУДЕ? АЛ АУДАН ДӘРІГЕРЛЕРІ БҰЛ ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯНЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНУДА? ОЛ ДӘРІГЕРДІҢ ОРНЫН БАСА МА, ӘЛДЕ СЕНІМДІ КӨМЕКШІСІ МЕ? ОСЫ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.

ЖИ — ДӘРІГЕР ЖҰМЫСЫН ЖЕҢІЛДЕТЕДІ
Мемлекет басшысының тапсырмасынан кейін елімізде жасанды интеллектіні медицинада қолдану жүйелі жүзеге асырыла бастады. Денсаулық сақтау министрлігі «IBM» компаниясымен бірлесе отырып, ЖИ-ді алдымен онкология саласында сынап көрмекші. Мұндай жоба Америка, Англия, Германия секілді әлемнің 15 елінде енгізілген екен. Бұл жүйенің тиімділігі — науқастың ауру тарихын, қазіргі жалпы жағдайын, сараптамалар қорытындыларын бағдарламаға енгізсе болды, жасанды интеллект сол сәтте әлгі адамға қандай емдеу жолы тиімді екенін бірнеше секундтың ішінде сараптап айтып береді. Бірақ онымен келісу-келіспеу — дәрігердің еркінде. Интеллектуалдық компьютерлік бағдарлама науқас туралы мәліметтерді бірнеше секундта өңдеп береді. Әрі ғаламтордағы сол ауруды емдеу тәсілдері жөніндегі соңғы зерттеулерді, ғылыми дәлелденген мақалаларды автоматты түрде талдап, соның негізінде ауруды емдеудің жолын нұсқайды. Сол секілді, «InHeart» платформасы да ЖИ көмегімен жүрек ырғағының бұзылысына байланысты жасалатын қантамыр арқылы хирургиялық тәсілмен емдеуде науқастың жүрегіндегі анатомиялық нысаналарды детальды түрде анықтауда қолданылады. Ол жүректің 3D моделдегі суретін алып өңдеп, жүрек ырғағымен шұғылданатын аритмолог дәрігердің катетерлік аблация арқылы жүрек ырғағы бұзылысын хирургиялық жолмен емдеу барысында аблациялық катетердің жүректің қай аймағында тұрғанын дәлдікпен көрсетіп, дәрігер жұмысын жеңілдетеді және оған тиісті нәтижеге қол жеткізуге жақсы көмекші бола алады. КТ, МРТ-мен салыстырғанда қолжетімді және клиника үшін экономикалық тұрғыда арзанға түседі.
ЖИ медицинаның ауыр, күрделі салалары: нейрохирургия, хирургия, травматология, урология және басқа салаларына да енгізілуде. Айталық, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында 200-ден астам пациенттің бас миына «гамма-пышақ» көмегімен ота жасалып, жақсы нәтижеге қол жеткізілген. Таяуда Онкология және радиология институтында жасанды интеллектінің көмегімен Қытай, Франция және Қазақстан онкоурологтар тобы бүйрекке күрделі ота жасаған. Сондай-ақ «Робот-хирург» көмегімен де оталар жасалыпты. Денсаулық сақтау министрлігі біраз жылдан бері медициналық қызметке жүгінген ел азаматтарының сырқат тарихын, қандай науқаспен жиі қаралатыны, нендей дәрі-дәрмектер қолданғаны туралы мәліметті жинақтап отыр. Осы ақпараттарды бір жүйеге келтіріп, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың пациенттер туралы жеке дерекқорын біріктіріп, бірыңғай деректер базасын құру қолға алынуда. Бұл жұмыс сәтті жүзеге асса, «Электронды үкімет» порталында «электронды денсаулық паспорты» деген бөлек тармақ пайда болып, ол барлық азаматқа қолжетімді болмақ. Электронды қолтаңбасы бар азаматтар жеке кабинетіне кіріп, өздерінің денсаулық төлқұжатын ашып көре алады. Ал мамандар осы құжаттағы мәліметтерді ЖИ бағдарламасына енгізіп, науқастардың денсаулығы туралы мағлұматтарды сұрыптамақ. Медициналық бейнелеуде жасанды интеллект құралдары ком пьютерлік томография (КТ), рентген сәулелері, магниттік-резонанстық томография (МРТ) және радиолог мамандар жіберіп алуы мүмкін басқа да мәліметтерді талдау үшін қолданылады. Өйткені мамандар кескіндердің зақымдалуы секілді кейбір ұсақ нәрселерді аңғармай жіберіп алуы мүмкін екен. Мәселен, жүрек мониторлары сияқты медициналық құрылғылар өмірлік маңызды белгілерді бақылай алады, ал ЖИ осы құрылғылардан деректерді жинап, сепсис сияқты күрделі жағдайларды анықтайды. Мысалы, бір зерттеуші ғалым IBM бағдарламасы көмегімен шала туған нәрестелерді болжау үшін ЖИ үлгісін әзірледі, ол ауыр сепсисті анықтауда 75% дәлдік танытқан.

АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДА АІ ҚОЛДАНАТЫН ОРТАЛЫҚ БАР

Облыс орталығында жасанды интеллект қолданылатын ахуалдық орталық ашылды. Облыстық көпсалалы ауруханасында іске қосылған радиологиялық зерттеулер орталығында медициналық кескіндерді талдау мен өңдеу жасанды интеллект технологиялары арқылы жүргізіледі. Жаңа орталық аймақ тұрғындары үшін диагностика тиімділігін арттырып, медициналық көмектің сапасын көтеруге мүмкіндік беруде. Қазіргі таңда цифрлық технологиялардың көмегімен қауіпті ауруларды ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артып отыр: мысалы, маммография жүйесі ісікті дер кезінде көрсетсе, телемедицина шалғайдағы ауыл тұрғындарына дәрігерлердің кеңесін алуға жол ашты. Жасанды интеллектінің енгізілуі кейбір диагноздардың нақтылығын 34%-ға дейін арттырды. Бұл дәрігерлердің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.
Цифрландыру тек медицинада ғана емес, жол қауіпсіздігі, қоғамдық тәртіп және халыққа қызмет көрсету салаларына да енгізілуде. Ахуалдық орталық тәулік бойы нақты уақыт режимінде жұмыс істейді. Мұнда медициналық ұйымдардың қызметі бақылауда, дәрі-дәрмек қоры мен індет ошақтары қадағаланады, жүйеге түсетін жүктеме сарапталады. Сондай-ақ төтенше жағдайларда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік беретін әрекет сценарийлері дайындалып, жүзеге асырылады. Орталық үш бағытта қызмет көрсетеді: телемедицина — аудан тұрғындары үшін қашықтан кеңес алу мүмкіндігі; медициналық ұйымдардың қызмет сапасын цифрлық бақылау; PACS жүйесі — жасанды интеллект негізіндегі радиологиялық зерттеулердің (рентген, КТ, МРТ, УЗИ) нәтижелерін сақтау және жіберу. Бұл жүйеге облыстың барлық ірі медициналық ұйымдары қосылған. Бұл жобаны іске қосу үшін ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілген. Ғимарат жөнделіп, жаңа жабдықтар сатып алынған. Өткен жылдың күз айларынан бастап пилоттық режимде кейбір алыс аудандардың тұрғындарына 32 телемедициналық кеңес берілген. Ең көп сұранысқа ие бағыттар — неврология, нефрология, гастроэнтерология, кардиология және эндокринология.
Бүгінде науқастар қашықтан сапалы қызмет алуда. Орталық бірнеше ауданнан бір мезетте бейнеқабылдау жүргізуге мүмкіндік береді. Телемедицина қызметі аймақтың шалғай елді мекендерін 100% қамтиды. Бүгінге дейін ересектерге де, балаларға да, жасөспірімдерге де дәрігерлік кеңес берілген. Орталықта жетекші, өтініштерд қабылдап, олардың шұғылдығын анықтайтын және тиісті дәрігерлерді белгілейтін үйлестірушідәрігер, есеп пен статистикаға жауап беретін медициналық тіркеуші және жасанды интеллект жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ететін IT-маман жұмыс істейді. Радиологиялық зерттеулер Құзыреттілік орталығының ашылуы өңірдің бірыңғай цифрлық денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болғаны анық. Оның жұмысы облыс тұрғындарының барлығына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге жол ашуда.

«АЛИМА» — ДӘРІГЕРДІҢ АЙНЫМАС КӨМЕКШІСІ
Қазіргі уақытта Мұғалжар аудандық ауруханасында цифрландыру үдерісі белсенді түрде жүргізілуде. Медициналық қызмет көрсету барысында электронды жүйелер кеңінен қолданылып келеді. Мамандар цифрландыру — бүгінгі күннің талабы ғана емес, медицина саласының сапасын арттыратын басты құрал екенін айтуда. Бұл бағытта аудан дәрігерлері жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін күнделікті жұмысына белсенді енгізіп, оң нәтижелер көрсетуде. Заманауи медицина тек дәрігердің біліміне ғана емес, сонымен қатар интеллектуалды автоматты құрылғылар мен машиналық оқыту жүйелеріне де иек артады. Мұғалжарлық мамандардың айтуынша, ЖИ-ді қолдану дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, пациенттерге көрсетілетін көмектің дәлдігін арттырған. — Ауруханада цифрландыру процесі «Damumed» жүйесі арқылы қарқынды жүзеге асырылуда. Науқастарды тіркеу, зертханалық нәтижелерді сақтау және құжаттама жүргізу толықтай автоматтандырылған. Әсіресе, жүйе ішіндегі «Алима» жасанды интеллекті дәрігерлердің айнымас көмекшісіне айналды. «Алима» диагноз бен жолдаманың сәйкес келмеуін немесе қайталанған жолдамаларды бірден анықтайды. Бұл дефектілерді дер кезінде түзетіп, қателіктерді нөлге түсіруге көмектеседі, — дейді бас дәрігердің орынбасары Ауез Кабиев.
Аурухана дәрігерлері жасанды интеллектіні төмендегідей маңызды бағыттарда қолданады: атап айтатын болсақ, дәрілік препараттардың мөлшерін дәл есептеу және дерматологиялық бөртпелерді саралау кезінде ЖИ кеңесші ретінде қолданылады. Сондай-ақ күрделі жағдайларда диагнозды нақтылау және клиникалық хаттамалардан қажетті ақпаратты секунд ішінде табу жұмысты жеделдеткен. — Эпикриз жазу, диагнозды медициналық терминологияға сай сауатты тұжырымдау және құжаттарды ресми форматқа келтіру ЖИ көмегімен жүзеге асады. Сонымен бірге шет тіліндегі медициналық зерттеулерді қазақ немесе орыс тілдеріне аударып, Word форматына айналдыру арқылы дәрігерлер әлемдік тәжірибемен еркін таныса алады. Медициналық деректерді өңдеудегі ЖИдің мүмкіндігі — бұл дәрігердің орнын басу емес, оның мүмкіндігін кеңейту. Мұғалжар аудандық ауруханасы дәрігерлерінің тәжірибесі көрсеткендей, технология мен кәсібиліктің ұштасуы — денсаулық сақтау саласының болашағы. Ол қағазбастылықтан арылып, назарды тек науқастың саулығына назар аударуға мүмкіндік береді, — деді ол.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда 80 су құбыры жаңартылып, су үнемдеу технологияларын пайдалану артты

admin_mugalzhar

БАЛА ТУУЫНА ЖӘНЕ БАЛА КҮТІМІНЕ БЕРІЛЕТІН ЖӘРДЕМАҚЫ КӨЛЕМІ ҚАНША?

admin_mugalzhar

Коалиция мүшелері теміржолшылармен кездесті

admin_mugalzhar