«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбеде шегіртке мен киік мәселесі бақылауға алынды

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде шегірткенің таралуы, алдын алу шаралары, сондай-ақ киіктердің көші-қонын реттеу және ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мәселелері қаралды.

Ақтөбе облыстық агроөнеркәсіптік кешендегі аумақтық инспекциясының басшысы Дастан Сағыровтың айтуынша, биыл үйірлі шегірткелерге қарсы 424,055 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 88,9 мың гектарға аз.

Өңдеу жұмыстары жерүсті техникасы, авиация және дрондар арқылы жүргізіледі. Барлығы 74 бірлік бүріккіш техника жұмылдырылады. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен дара шегірткелерге қарсы 159,6 мың гектар алқапта өңдеу жоспарланған.

Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде өңірде жұмыс жүргізетін мердігер ұйымдар анықталды: «Магтоксин» ЖШС, «Бағжан» ЖК, «Авиакомпания АЭРО» ЖШС және «Фитосанитария» РМК. Барлық жұмыстар кешенді түрде жүзеге асырылады.

Аудан әкімдіктерінде фитосанитарлық жағдайға жедел әрекет ету үшін штабтар құрылып, нақты іс-қимыл жоспарлары бекітілген.

Жиында киіктердің көші-қоны мәселесі де қаралды. Облыс бойынша Бетпақдала, Үстірт және Орал популяциялары тіркелген. Олардың саны тиісінше шамамен 190 мың, 67,5 мың және 5 мың басты құрайды.

Бетпақдала популяциясы Ырғыз және Әйтеке би аудандары арқылы өтеді, ал Үстірт популяциясы Байғанин, Шалқар және Мұғалжар аудандарында таралған. Жануарларды қорғау үшін арнайы инспекторлық топтар мен техника жұмылдырылған.

Ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғау мақсатында 30 мобильді инспекторлық топ жұмыс істеп, бірлескен рейдтер жүргізілуде. 2026 жылы қорғаныс шаралары 87 мың гектар егіс алқабына дейін кеңейтіледі.

Жиын барысында жауапты органдарға өзара іс-қимылды күшейту, шаруашылықтарды қорғау және алдын алу шараларын жетілдіру тапсырылды.

Облыс әкімі мониторингті күшейтіп, зиянкестер ошақтарын дер кезінде анықтау, химиялық өңдеуді уақытылы жүргізу және киіктердің көші-қонына байланысты тәуекелдерді азайту қажеттігін атап өтті.

Асхат Шахаров барлық жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, ауыл шаруашылығына зиян келтірмей жүргізу маңызды екенін айтты.

Ұқсас ақпараттар

Мемлекеттің біртұтастығы, Қазақстан аумағының тұтастығы, бөлінбейтіндігі және оған қол сұғылмаушылығы туралы норма өзгеріссіз қалады – Конституциялық комиссия

admin_mugalzhar

Министр «Алтын белгі» алудың жаңа ережелері туралы бұйрыққа қол қойды

admin_mugalzhar

Асхат ШАХАРОВ: Санға емес, сапаға жұмыс істеу керек

admin_mugalzhar