Мұғалжар ауданына жұмыс сапары барысында өңір басшысы Асхат Шахаров арнайы мекемеде балаларға көрсетілетін түзету-дамыту қызметтері мен оңалту жұмыстарының жағдайымен танысты.
Қандыағаш қаласындағы түзету кабинеті 2007 жылдан бері ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен жасөспірімдерге оңалту және әлеуметтік бейімдеу қызметтерін көрсетіп келеді. Бүгінде мұнда психикалық дамуы тежелген, сөйлеу тілінде кемістігі бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, зияткерлік дамуында ауытқуы бар, сондай-ақ мінез-құлқы мен қарым-қатынасында ерекшелігі бар 110 бала түзету-дамыту көмегін алуда.
Әлеуметтік мекеменің директоры Перуза Аяпова кабинет 150 балаға арналғанын айтты. Мұнда 12 маман жұмыс істейді. Олардың қатарында логопедтер, дефектологтар, педагог-психологтар, әлеуметтік педагог, музыка жетекшісі және дене шынықтыру нұсқаушысы бар.
Өңір басшысы психологиялық-педагогикалық түзету кабинетін санитарлық талаптарға сай, балаларға қолайлы жағдай жасалған ғимаратқа көшіру мәселесін пысықтауды тапсырды.
«Бұл балалар ерекше қолдауды қажет етеді және олар жайлы әрі қауіпсіз ортада болуы тиіс. Біздің міндетіміз – олардың дамуына, білім алуына және қоғамға бейімделуіне барлық қажетті жағдайды жасау»,
– деп атап өтті Асхат Шахаров.

