Мұғалжар аудандық әкімдігінде кәсіпкерлік нысан иелеріне арналған түсіндіру семинары өтті. Іс-шараны Ақтөбе облысының тілдерді дамытуы басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы және аудан әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың негізгі мақсаты — кәсіпкерлерге Қазақстан Республикасынының тіл туралы заңнамасы талаптарын кеңінен түсіндіру, құқықтық және әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ заң талаптарының сақталуына байланысты туындайтын мәселелердің алдын алу болды.
Шараға Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Бақтыгүл Әбиева, Тұтынушылар палатасының Ақтөбе облысы бойынша филиалының басшысы Алтынай Муханова, Тұтынушылар палатасының президенті Ислам Болатов және палата бас маманы Самай Бағанаев қатысып, өз бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Жиын барысында мамандар кәсіпкерлік нысандарындағы көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды рәсімдеу кезінде мемлекеттік тілдің қолданылу тәртібі, мәтіндердің сауатты әрі заң талаптарына сай жазылуы, тұтынушыларға ұсынылатын ақпараттың мазмұны жөнінде жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар ӘІЖБТ — Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі жүйесінің жұмыс тәртібі, оның кәсіпкерлік қызметке әсері және заң талаптарын сақтамаған жағдайда туындайтын жауапкершілік мәселелері де кеңінен айтылды.
Семинар аясында Қазақстан Республикасының «Тіл туралы», «Жарнама туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңдарының негізгі бағыттарына шолу жасалып, кәсіпкерлерге тәжірибеде жиі кездесетін қателіктер мен оларды болдырмау жолдары түсіндірілді. Мамандар көрнекі ақпараттарды әзірлеу кезінде мәтіндердің сауаттылығына, мемлекеттік тілдегі нұсқасының мазмұны мен сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.

