Газет редакциясына қандыағаштық Ақмарал есімді келіншек хабарласты. Ол өзінің көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған ана ретінде осыдан 16 жыл бұрын үй кезегіне тұрғанын, екі жыл алдын өз кезегін тексерген уақытта кезекте 30-шы болғанын, алайда аудандық әкімдік үй кезегін “Отбасы банк” АҚ-на аударып бергеннен кейін кезектегі реттік нөмірінің жоғалып кеткенін айтып, жан айқайын жеткізді. Тағы бір өзіміз куә болған жайт, аудан әкімі орынбасарының қабылдауында болған мұғалжарлық көпбалалы ананың оқиғасы. Ол да үй кезегінде 5-ші бола тұрып, банктің ресми сайтынан кезегін таппай қалған. Бұл жағдайлар осы тақырып төңірегіндегі мәселелердің бір парасы ғана. Біз осы тақырыпты арқау етіп, аудан әкімдігіне де, “Отбасы банк” АҚ-ның облыстық өкілдеріне хабарласып, хат жолдадық. Жауап төмендегідей болды…
КЕЗЕКТІҢ КӨПТІГІ — ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІНЕН
Осы тақырып төңірегінде материал жинақтау барысында біз алдымен аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Еркебұлан Қаниевке хабарластық. Ол бүгінде баспана үшін кезекке тұру «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Сондай-ақ аталған банк деректеріне сәйкес, тұрғын үй кезегінде түрлі санаттар бойынша берілетінін жеткізді.
Енгізілген соңғы өзгерістерге байланысты баспанасы жоқ еліміздегі барлық азамат тұрғын үй кезегіне тұра алады. Ол үшін соңғы бес жылда азаматтың атында үй болмауы шарт. Санатсыз үй кезегінде тұрғандардың жалпы саны — 1022. Ал 5 тұрғынның үйі авариялық жағдайда тұр. Одан өзге кезекте тұрғандардың 406-сы көпбалалы отбасы, 489-ы мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлер, 76-сы жетім балалар, 657-сі мүгедектігі бар және толық емес отбасылар, — деді Еркебұлан Қаниев.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда аудан бойынша үй кезегінде тұрғандарға мемлекет тарапынан пәтер берілмеген. Бұған себеп — ауданда баспана тапшылығы және тұрғын үйлердің салынбауы. Осыған байланысты кезекте тұрған азаматтардың басым бөлігі үй кезегін ұзақ күткенін айтып, шағым білдіреді екен.
— Біз аудандық бюджет тарапынан 660 млн теңге көлемінде қаржы бөлінуде. Қандыағаш қаласынан 4 қабатты, 48 пәтерлі тұрғын үй сатып алу жоспарланды. Ол пәтерлерді біз «Отбасы банк» АҚ-на өткіздік. Енді үй беру тәртібін осы банк жүргізуде. Біз араласа алмаймыз. Осы жерде айта кететін бір жайт, тұрғындарға пәтерлер белгілі бір тәртіп бойынша жалдамалы және несиелік түрде беріледі. Үй алған адам бірнеше жыл тұрғаннан кейін, қалдық соммасын төлеп, өзіне жекешелендіріп алуға мүмкіндік алады, — деді ол.
НЕСИЕ: БАСЫМ САНАТТАРҒА — 2 ПАЙЫЗ, ӨЗГЕ АЗАМАТТАРҒА — 5 ПАЙЫЗ
Жергілікті әкімдіктің осы жауабынан кейін біз, «Отбасы банк» АҚ-ы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Ертай Жидебаевтың атына хат жазып, баспана мәселесіне қатысты сұрақтар жолдадық. Банк мамандары: «тұрғын үй беру процесінің толық цифрландырылуы — тұрғын үй кезегін жүргізудің басты артықшылығы» деп атап көрсетті. Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе ашықтықты қамтамасыз етіп, кезекті автоматты түрде әділ қалыптастырады. Бұл адами фактордың әсерін азайтып, шешім қабылдау барысын барынша объективті етеді. Жаңа жүйе енгізілгелі бері тұрғын үйге кезекке тұру және баспана алу рәсімдері толық онлайн форматқа көшкен. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, процесті жеңілдетеді.
—Бұрынғы әкімдік арқылы жүргізілген кезек жүйесімен салыстырғанда, қазіргі формат тиімдірек. Себебі барлық деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған түрде тексеріледі. Бұл кезектің ашық жүргізілуіне және әділдік қағидатының сақталуына мүмкіндік береді. Азаматтар өздерінің тұрғын үй кезегін «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы бақылай алады. Ол үшін банк сайтына кіріп, «Өркен» платформасында ЖСН енгізу жеткілікті. Осы арқылы азамат өз кезегіндегі орнын және тіркелген уақытын көре алады, — деді Отбасы банк» АҚ-ы Ақтөбе облыстық филиалының басшысы Ертай Жидебаев.
Ол аз қамтылған және жас отбасылар үшін жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар қарастырылғанын да тілге тиек етті. Бұл бағдарламалар арқылы азаматтар төмен пайызбен тұрғын үй алу мүмкіндігіне ие болады. Жеңілдетілген ипотека бағдарламаларында пайыздық мөлшерлеме санатқа байланысты белгіленеді. Атап айтатын болсақ, басым санаттар үшін тұрғын үй 2 пайыз болса, өзге азаматтар үшін 5 пайызды құрайды. Сонымен қатар бастапқы жарна мөлшері де жеңілдетілген шарттармен қарастырылған.
— Елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және баспанамен қамтамасыз ету жүйесі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Соңғы өзгерістер бұл үдерісті ашық әрі әділ етуге бағытталған. Қазіргі таңда «кезекке тұру» ұғымының орнына азаматтарды есепке қою жүйесі енгізілді. Азаматтарды есепке қою олардың Қазақстан Республикасының аумағында соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үйге меншік құқығы болмаған жағдайда, сондай-ақ бұрын мемлекеттік қолдау шараларын алмаған кезде жүзеге асырылады. Бұл талаптар тұрғын үйге шын мәнінде мұқтаж азаматтарды іріктеуге бағытталған, — деді Ертай Жидебаев.
Ол тұрғын үй бөлу кезінде негізгі екі критерий ескерілетінін жеткізді. Біріншісі есепке қойылған күні, екіншісі азаматтың әлеуметтік санаты. Яғни, кім ертерек тіркелсе, соның кезегі алдымен қаралады. Алайда кейбір санаттағы азаматтарға басым құқық беріледі. Олар
— Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, көпбалалы отбасылар, I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар балалары бар отбасылар, асыраушысынан айырылғандар. Жалпы тұрғын үйді бөлу автоматтандырылған жүйе арқылы жүзеге асырылады. Бұл процесс Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы №187 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Белгіленген талаптарға сай, тұрғын үйдің кемінде 70%-ы басым санаттағы азаматтарға беріледі, кемінде 20%-ы жетім балаларға бөлінеді (болмаған жағдайда басқа басым санаттарға қайта үлестіріледі). Ал қалған 30%-дан аспайтын бөлігі өзге санаттағы азаматтарға беріледі. Сонымен қатар іріктеу кезінде табыс деңгейі, отбасы құрамы, тіркелген уақыты және тұрғын үй параметрлеріне сәйкестігі ескеріледі, — деді ол.
Облыстық банк филиалының басшысы тағы бір ескеретін маңызды жайтты еске салды. «Банк тұрғын үйді салмайды және тікелей бермейді. Оның негізгі қызметі — дайын тұрғын үйді бөлу» деді. Оның сөзінше, жалдамалы тұрғын үй — әлеуметтік осал топтарға әкімдік пен Банк арқылы беріледі, ал жеңілдетілген несие есепте тұрған барлық азаматтарға қолжетімді. Жеңілдетілген ипотека шарттары туралы айтқан Ертай Жидебаев бұл бағдарламаларға қатысу үшін Банк сайтында жарияланатын конкурсқа өтінім беру керектігін жеткізді.
— Жеңілдетілген несие басым санаттарға — 2 пайызбен, өзге азаматтарға 5 пайызбен беріледі. Бастапқы жарна кемінде 10 пайыз болуы шарт. Ал екі пайыздық бағдарлама бойынша отбасының табысы әр мүшеге шаққанда 5 күнкөріс минимумынан аспауы тиіс. Табыс жоғары болған жағдайда 5 пайыздық бағдарламаға қатысуға мүмкіндік болады. Азаматтар өздерінің есепке қою мәртебесін банктің ресми сайтындағы ай сайын жаңартылатын тізім арқылы және арнайы порталдағы «Есепке қою мәртебесін тексеру» бөлімі арқылы қарай алады, — деді ол.
Мамандардың айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді. Банк бұл бағытта тұрақты түрде талдау жүргізіп, ұсыныстар әзірлеуде. Алайда өзгерістер заңнамаға тиісті түзетулер енгізілген жағдайда ғана іске асады. Қорыта айтқанда, жаңа жүйе тұрғын үйді бөлуде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге бағытталған. Дегенмен барлық азаматтың бірдей қамтылуы үшін бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Айтпақшы, мәселе көтеріп, жан айқайын біз арқылы жеткізген көпбалалы аналардың сұрағы сол күйі жауапсыз қалды…Бұл — жауапты жандардың айтарының жоқтығынан ба, әлде цифрландыру жүйесінің әлі де жетілмегенінен бе?..
«НАУРЫЗ» бағдарламасы
Отбасы банкінің мәліметінше, «Наурыз» бағдарламасы кемінде 2031 жылға дейін жұмыс істейді. 2026 жылы жаңа өтінімдер қабылдау мерзімі әзірге нақтыланбаған, алайда алдағы уақытта басталуы мүмкін. Бағдарлама аясында пайыздық мөлшерлеме – 9%, ал әлеуметтік осал топтағы азаматтар үшін 7% болып белгіленген. Алғашқы жарна таза әрлеудегі пәтер үшін 10%, қара әрлеудегі тұрғын үй үшін 20% болмақ. Несие сомасының шегі Астана мен Алматыда – 36 млн теңгеге дейін, басқа өңірлерде 30 млн теңгеге дейін. Қарыз мерзімі – 19 жыл.
«НАУРЫЗ ЖҰМЫСКЕР» ипотекасы
«Наурыз жұмыскер» ипотекасы да алдағы алты жыл бойы сақталады. Бағдарлама өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және су ресурстары саласында жұмыс істейтін азаматтарға арналған. Шарттары «Наурыз» ипотекасымен бірдей. Жаңа өтінімдер жақын арада қабылданады деп күтілуде.
«7-20-25» бағдарламасы
Мемлекеттік «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы осы жылы да жалғасады. Жалпы көлемі 25 млрд теңге болатын жаңа транш бөлінді.
Бағдарлама бойынша мөлшерлеме – 7%, алғашқы жарна 20%-дан бастап, несие мерзімі 25 жылға дейін деп белгіленген. Максималды қарыз сомасы өңірлерге қарай белгіленген:
– Астана, Алматы және олардың маңындағы елді мекендерде, сондай-ақ Ақтау, Атырау, Шымкентте – 30 млн теңге, Қарағандыда – 25 млн теңге, басқа өңірлерде – 20 млн теңге.
Әйелдерге арналған «ҰМАЙ» ипотекасы
«Ұмай» әйелдер ипотекасы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланғанымен, басталмай
қалды. Қазір бағдарламаны 2026 жылдың шілде-тамыз айларында іске қосуды жоспарланып отыр. Алайда қаржы көлемі мен нақты мерзімі әзірге жарияланған жоқ.
Алдын ала мәліметке сәйкес, пайыздық мөлшерлемесі – 14,4%, кейін 3,5–5% дейін төмен-
деуі мүмкін. Алғашқы жарнасы 15–20% болса, 25 жылға дейін 50 млн теңгеге дейін қарыз берілмек.
«ЖАСЫЛ ИПОТЕКА» бағдарламасы
«Жасыл ипотека» – Отбасы банкінің энерго үнемдейтін әрі экологиялық талаптарға сай тұрғын үйді сатып алуға арналған бағдарламасы. Мұндай тұрғын үйлер LEED, BREEAM,
ГОСТ немесе OMIR сертификатына ие болуға тиіс. 2025 жылы бағдарлама аясында 570 несие рәсімделіп, жалпы көлемі 14,7 млрд теңгені құрады. 2026 жылы бұл бағыттағы ипотека беру жалғасады. Бағдарлама бойынша қарыз сомасы – 50 млн теңгеге дейін,
алғашқы жарна 20%-дан баста (тұрғын үй төлемдерін алатындар үшін – 15%). Пайыздық
мөлшерлемесі 12,5% болса, қарыздың 50%-ы жиналғаннан кейін пайызы 3,5–5% дейін
төмендейді. «Жасыл ипотека» бойынша пәтер сатып алуға болатын тұрғын үй кешендерінің тізімі От- басы банкінің ресми сайтында жарияланған.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

