ЕЛІМІЗДЕ МАУСЫМНЫҢ ҮШІНШІ ЖЕКСЕНБІСІ – МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КҮНІ. МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА ГАЗЕТ ТІЛШІЛЕРІ ЕМБІ ҚАЛАСЫНА ІССАПАРМЕН БАРЫП, ЕМБІ АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ. СОНДАЙ-АҚ АУРУХАНАНЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ МЕН ХАЛЫҚҚА КӨРСЕТІЛЕТІН МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ САПАСЫН КӨРІП, МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАСЫМЕН ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДА ЕҢБЕК ЕТІП ЖҮРГЕН МАМАНДАРДЫҢ ЖАУАПТЫ ЕҢБЕГІНЕ КУӘ БОЛДЫ. СОНЫМЕН…
АУРУХАНАДА 17 877 АДАМ ТІРКЕЛГЕН
Ауруханадағы жұмысымыз бас дәрігердің кабинетінен басталды. Аурухананың бас дәрігері Ерлан Бұхарбаевпен құрған сұхбатымыз жалпы аудандық аурухананың жағдайы, материалдық-техникалық базасы, кадр мәселесі жөнінде өрбіді. Бұл қызметке тағайындалғанына жеті жылдан асқан Ерлан Телағысұлы осы уақыт аралығында аурухананың кем-кетігін түгендеуді, маңызды мәселелерін шешуді өзіне абыройлы міндет етіп алғанын айтты.
— Ембі аудандық ауруханасы 1966 жылдан бері Ембі аумағы тұрғын дарының денсаулығын қорғау жолында үздіксіз қызмет етуде. 60 жылдан бері ембілік медицина қызметкерлері мыңдаған адамға шипа сыйлап, ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосып келеді. Ал қазіргі отырған ғимаратқа аурухана 1991 жылы көшірілді. Соңғы рет 2014–2015 жылдары күрделі жөндеу жұмыстары жасалды. Аурухана орналасқан ғимаратты күтіп-ұстау жұмыстары уақытылы жүргізіледі. Соның нәтижесінде бұл ғимарат аса бір жөндеуді қажет етпейді. Десе де, ауруханаға келген науқа старға сапалы әрі уақытылы медициналық көмек көрсетуге қажетті жағдай жасау және ауру хананың материалдық-техникалық базасын нығайту жұмыстарын қолға алдық. Бүгінде мемлекеттік бағдарламалар аясында заманауи медициналық құрылғылар алынды. Айталық, сарапта малық сыныптағы УДЗ және ФГДС аппараттары, заманауи зертханалық құрылғылар, флюорогра фия және рентген-диагностикалық аппараттары жаңасына ауыстырылды, – деді Ерлан Бұхарбаев.

Ол бүгінде аурухана қызметкерлері Ембі аумағының тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетіп жүргенін жеткізді. Ауруханада терапия, хирургия, балалар, жұқпалы аурулар және босану бөлімдері жұмыс істейді. Сонымен қатар, тұрғындарға амбулаториялық қызмет көрсететін емханада дәрігерлік қабылдау, профилактикалық тексерулер, диагностикалық зерттеулер және диспансерлік бақылау жұмыстары жүйелі жүргізіледі.
— Қазіргі таңда ауруханада барлығы 17 877 адам тіркелген. Оның ішінде 11 084-і ересек тұрғындар, ал 6 793-і балалар. Диспансерлік есепте 3 793 науқас тұр, олардың 3 377-сі ересектер, 416-сы бала лар. Емхананың бір ауысымдағы жобалық қуаттылығы – 200 адамды қабылдау. Алайда күн сайын орта есеппен 300-ден астам тұрғын дәрігерлердің қабылдауында болады. Бұл тұрғындардың медициналық қызметке сұранысының жоғары екенін көрсетеді, деді ол. Мекемеде 26 дәрігер және 123 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Дегенмен кадр тапшылығы мәселесі бар. Қазіргі уақытта акушер-гинеколог, хирург, педиатр, оториноларинголог, офтальмолог және инфекционист дәрігерлер қажет. Осыған байланысты жас мамандарды тарту мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігі бекіткен көтерме ақы төленіп, аурухана тарапынан баспанамен қамтамасыз ету шаралары қарастырылған.

— Қазіргі таңда ауруханаға 12 дәрігер қажет. Дегенмен бұл мәселені шешу үшін «Ауылдық жерге мамандарды тарту» бағдарламасы аясында белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз. Акушер мен педиатр мамандарын даярлап алдық, невролог мамандығы бойыншада дәрігерді оқыттық. Жас мамандарды ауылдық жерге ынталандыру мақсатында 7 миллион 700 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, аурухана меншігінде 3 пәтер мен 2 жеке тұрғын үй бар. Жұмысқа келген дәрігерлер алдымен осы баспаналарға орналастырылады. Егер бос тұрғын үй болмаған жағдайда, оларға жалдамалы пәтер жалдап беру мәселесі де қарастырылған,– деді аурухананың бас дәрігері.
Ол халыққа жедел әрі қолжетімді көмек көрсету үшін емхана жанынан мобильді бригада ұйымдастырылғанын айтты. Ол күн сайын сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін қызмет көрсетеді. Мобильді бригада шақыртулар бойынша барып, шұғыл емес жағдайларда және созылмалы аурулары бар науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Қажет болған жағдайда науқастар қосымша тексеру мен ем алу үшін емханаға жеткізіледі.
— Тұрғындарға медициналық қызмет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен кепілдендірілген тегін медициналық көмек көлемі аясында ұсынылады. Оның ішінде бастапқы медициналық-санитарлық көмек, жедел жәрдем, амбулаториялық және стационарлық емнің бірқатар түрлері тегін көрсетіледі. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде диспансерлік есепте тұрған науқастарға, созылмалы аурулары бар азаматтарға және бес жасқа дейінгі балаларға бекітілген клиникалық хаттамаларға сәйкес тегін дәрі-дәрмек беріледі. Бұл халықтың әлеуметтік қорғалуына және сапалы ем алуына мүмкіндік жасайды, – деді ол.
ТҰРҒЫНДАРҒА МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК — ҚОЛЖЕТІМДІ
Ембі аудандық ауруханасының қарамағында ауылдық елді мекен дерде 4 дәрігерлік амбулатория, 7 медициналық пункт және 1 фельдшерлік пункт жұмыс істейді. Бұл медициналық нысандар шалғай ауыл тұрғындарының сапалы әрі қол жетімді медициналық қызмет алуына мүмкіндік жасап отыр.
— Қазіргі таңда ауылдық аймақтардағы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлерінің саны жеткілікті. Сондай-ақ ауылдық жерлердегі жедел медициналық жәрдем қызметі 100 пайыз автокөлікпен қамтамасыз етілген. Пайдаланылып жүрген жедел жәрдем көліктері жаңа үлгідегі заманауи техникалар болғандықтан, айналадағы елді мекендерге дер кезінде жетіп, тұрғындарға жедел көмек көрсетуге толық мүмкіндік бар, – деді Ерлан Телағысұлы.

Ол соңғы жылдары ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын тілге тиек етті. 2024 жылдан бастап Қожасай, Саға, Жем және Мұғалжар ауылдарында жаңа медициналық мекемелердің ғимараттары пайдалануға берілген. Ал Қайыңды ауылында жаңа медициналық нысанның құрылысы жалғасып жатыр. Жағабұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өтіп, тұрғындар игілігіне қайта ұсынылған. Сонымен қатар, Алтынды ауылында модульдік амбулаторияның құрылысы аяқталуға жақын және ол жуырда пайдалануға беріледі.
— Ембі аудандық ауруханасы тек аудан тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Ембі аумағында орналасқан кен орындарымен өндірістік мекемелердің қызметкерлерінеде медициналық қызмет көрсетеді. Осылайша, аурухана аймақтың денсаулық сақтау жүйесінде маңызды әлеуметтік міндет атқарып, халықтың денсаулығын қорғау жолында үздіксіз еңбек етіп келеді, – деді бас дәрігер.
ЖАҢА ЛИФТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛГЕН
Ембі аудандық ауруханасының бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев қызметке келген күннен бастап емдеу мекемесінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға ерекше көңіл бөліп келеді. Оның бастамасымен аурухана аумағы толықтай қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, көп жылдан бері өзекті болып келген мәселелердің бірі – ауруханаға лифт орнату ісі де сәтті жүзеге асқан. Бас дәрігердің айтуынша, бұл жұмыстар оңайлықпен атқарылмаған. Лифтті орнату үшін арнайы шахта салу қажет болған. Ұжымның бірлескен еңбегі мен қаржыны тиімді пайдалану нәтижесінде бұл маңызды жоба жүзеге асып, лифт ағымдағы жылдың қаңтар айында пайдалануға берілген.
— Лифт орнату – біздің үлкен мақсатымыздың бірі еді. Ол үшін арнайы шахта салынды. Қаржыны үнемдеп, жұмыстың барлығын өз бақылауымызда ұстап, ақыры лифтті іске қостық. Қаңтар айынан бері науқастарды осы лифт арқылы бөлімшелерге тасымалдап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік алдық. Бұл дәрігерлердің де, пациенттердің де жұмысын едәуір жеңілдетті. Біздің әрбір жетістігіміз ең алдымен ұжымның ауызбіршілігі мен қажырлы еңбегінің нәтижесі,– деді Ерлан Бұхарбаев.

ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ДӘЛДІК
Ембі аудандық ауруханасының тағы бір мақтанышы – заман талабына сай жабдықталған клиникалық-диагностикалық зертхана. Бұл зертхана кәсіби мамандардың тәжірибесі мен озық технологиялардың үйлесуі нәтижесінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп келеді. Зертхана меңгерушісі Гүлбаршын Асқарова бұл салада 30 жылдан астам еңбек етіп келеді. Оның жетекшілігімен бүгінде төрт жас маман қызмет атқарып, тәжірибелі маманның тәлімін алып жүр. Ұжымның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Зертхана Астана қаласында өткен кәсіби бағалау барысында жоғары марапатқа ие болып, өзінің жұмыс сапасын дәлелдеді.
— Бүгінде зертхана толықтай автоматтандырылған заманауи құрылғылармен жабдықталған. Бұрынғыдай талдау жұмыстары қолмен жүргізіліп, қызметкерлерге қолайсыздық туғызатын жағдайлар жоқ. Арнайы зерттеу аппараттары мен ауа сорғыш жүйелері орнатылғандықтан, зертханадағы санитарлық талаптар толық сақталған. Зертханада екі биохимиялық анализатор жұмыс істейді. Бұл құрылғылар бір мезгілде 70 адамның қан сынамасын автоматты түрде зерттеуге мүмкіндік береді. Соның арқасында зерттеу нәтижелері қысқа мерзімде әрі жоғары дәлдікпен дайындалады, – деді Гүлбаршын Асқарова.

Сонымен қатар, иммундық-ферменттік талдау (ИФА) аппараты арқылы түрлі инфекциялық аурулар, гормондық өзгерістер және басқа да зерттеулер жүргізіледі. Бұрын мұндай сараптамаларды тапсыру үшін тұрғындар Ақтөбе қаласына баруға мәжбүр болса, бүгінде барлық қызмет аудан орталығында қолжетімді. Жалпы қан талдауын жүргізетін гематологиялық анализатор да жоғары технологиялық құралдардың бірі. Мамандардың айтуынша, мұндай деңгейдегі аппараттар көптеген қалалық медициналық мекемелерде де кездесе бермейді. Сондай-ақ, заманауи зәр талдау аппараты зерттеулердің сапасы мен жылдамдығын арттырған.
ЗАМАНАУИ ДИАГНОСТИКА ЕРТЕ ЕМНІҢ КЕПІЛІ
Диагностикалық бөлімнің мүмкіндігі мұнымен шектелмейді. Ауруханада екі цифрлық рентген аппараты жұмыс істейді. Олар 2021 жылдан бері тұрғындарға қызмет көрсетуде.
— Цифрлық рентген аппараты ауруханадағы ең маңызды диагностикалық құрылғылардың бірі. Заманауи технологиямен жабдықталған аппарат адамның ішкі ағзалары мен сүйек құрылымдарын жоғары дәлдікпен зерттеуге мүмкіндік береді. Оның басты артықшылығы – зерттеу нәтижесінің бірден компьютер экранына шығуы. Бұл дәрігерлерге диагнозды жылдам қойып, емдеу шараларын дер кезінде бастауға жағдай жасайды, – деді бас дәрігер.

Аппаратпен түсірілген суреттер электронды түрде сақталып, қажет болған жағдайда облыстық деңгейдегі мамандарға жолданып, қосымша кеңес алуға мүмкіндік береді екен. Бүгінде бұл құрылғы тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуде маңызды рөл атқарып отыр.- 2022 жылы жаңа флюорография аппараты іске қосылып, халық жоспарлы түрде тексеруден өткізіліп келеді. Бұл әсіресе өкпе және туберкулез ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, операциялық бөлімде пайдаланылатын жылжымалы рентген аппараты да дәрігерлердің жұмысына үлкен көмек көрсетуде. Күрделі сынықтар ке зінде хирургтер ота барысында сүйектердің орналасуын экраннан бірден бақылап, емдеу сапасын арттыра алады, – деді ол. Тұрғындардың денсаулығын сақтауда, ауыр сырқаттардың алдын алу да мүмкіндік беретін тағы бір құрылғы– маммография аппараты. Оның көмегімен сүт безі ауруларын ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артқан
.- Осы жылғы жоспар бойынша тексерілуі тиіс 1064 әйелдің 800 ден астамы тексеруден өтті. Нәтижесінде 30-ға жуық күмәнді жағдай анықталып, оның алтауында онкологиялық диагноз расталды. Ерте анықталған дерттің дер кезінде емделуіне бұл аппараттың маңызы зор, – деді осы аппаратқа жауапты рентгенла боранты Салтанат Салықбаева.

Денсаулық сақтау саласында 42 жыл, оның ішінде рентген бөлімінде 14 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман Салтанат Салықбаеваның айтуынша, бүгінде түсірілген барлық суреттер цифрлық форматта Ақтөбе қаласындағы мамандарға онлайн жолданып, бірлес кен қорытынды жасалады. Бұрынғ ыдай пленка шығарып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Соңғы үлгідегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты да аурухана жұмысының сапасын жаңа деңгейге көтерген. Бұрын ескі құрылғылармен нақты диагноз қою қиын болса, қазіргі аппарат жоғары дәлдікпен жұмыс істейді. Жоғары санатты ультрады быстық зерттеу дәрігері Гүлнара Утаралинова жүрек, бүйрек, қалқанша безі, ішкі ағзалар, гинекологиялық және жүктілік бойынша зерттеулер жүргізеді. Сонымен қатар, қан тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі мен вагиналдық тексерулер де осы жерде жасалады.
– Ультрадыбыстық зерттеу көптеген ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін маңызды диагностикалық әдістердің бірі. Қазір қолданыстағы жаңа аппараттың мүмкіндігі өте жоғары. Бұрын мұндай тексерулер үшін облыс орталығына баруға тура келсе, қазір барлық қызмет өзімізде көрсетіледі. Күн сайын түрлі жастағы тұрғындарды қабылдап, қажетті зерттеулер жүргіземіз. Ең бастысы – ауруды ерте анықтап, науқастың уақытылы ем алуына ықпал ету. Заманауи аппараттың көмегімен зерттеу сапасы артып, диагноз қою мүмкіндігі әлдеқайда жақсарды, – деді жоғары санатты УДЗ дәрігері Гүлнара Утаралинова.

Бүгінде ембілік тұрғындар бұрынғыдай мұндай зерттеулер үшін облыс орталығына бармайды. Барлық қажетті диагностикалық қызмет өз ауданында көрсетіліп, тұрғындардың уақыты мен қаражаты үнемделіп отыр.
Ембі аудандық ауруханасында заманауи ФГДС (фиброгастродуо деноскопия) аппараты да тұрғындар игілігіне қызмет етіп келеді. Бұл құрылғы өңеш, асқазан және он екі елі ішектің жағдайын толық зерттеп, түрлі ауруларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, асқазан-ішек жолдары аурулары соңғы жылдары жиі кездесетін сырқаттар дың қатарына жатады. Сондықтан уақытылы тексеруден өту өте маңызды. ФГДС аппараты арқылы асқазанның қабынуын, жара ауруын, түрлі ісіктермен басқада патологиялық өзгерістерді анықтауға болады.
— Көптеген тері аурулары мен ас қорыту жүйесіндегі жайсыздықтардың негізгі себебі асқазан ауру ларымен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп, дәрігер кеңесіне жүгіну ма ңызды. Заманауи ФГДС аппаратының көмегімен ауруларды ерте анықтап, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік жасалып отыр. Бұл аппараттарды жай ғана алып қана қоймай, халық игілігіне тиімді жұмыс жасауы үшін мамандарды арнайы курстардан өткізіп, біліктіліктерін арттыруға мүм кіндік жасап отырмыз. Ауыл тұрғындары шалғайда тұрса да, сапалы медициналық қызмет алулары керек, – деді Ерлан Бұхарбаев.

Жұмыс сапары соңында мәжіліс залының қабырғасына ілінген көптеген марапаттар мен Алғыс хаттар назар аудартты. Онда ұжымның жүйелі еңбегінің нәтижесінде қол жеткізген жетістіктері, дәрігерлердің республикалық және облыстық байқауларда иеленген жүлделі орындары, сондай-ақ әр жылдары өткен аккредиттеу рәсімдерінде алған марапаттары қойылған екен. Бұл марапаттар – ұжым еңбегінің нақты бағасы. Соңғы өткен аккредиттеуде аурухана ІІ дәрежеге ие болса, биылғы аккредиттеу қорытындысында І дәрежені иеленіп, медициналық қызмет сапасының жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдегендей.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Қандыағаш-Ембі-Қандыағаш

