КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАЙ КЕЗДЕ ДЕ КҮН ТӘРТІБІНЕН ТҮСКЕН ЕМЕС. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ОРТАҚ МӘСЕЛЕСІН ШЕШУДЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КООПЕРАТИВТЕРІ ТӨРАҒАЛАРЫНЫҢ ДА АТҚАРАТЫН ЖҰМЫСЫ МАҢЫЗДЫ. АЛ ҚЫС МЕЗГІЛІНДЕ БҰЛ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ЕСЕЛЕНЕТІНІ АНЫҚ. БІЗ ДЕ 35 МЫҢНАН АСТАМ ХАЛҚЫ БАР ҚАНДЫҒАШТАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫН СҰРАП, ТҮК ТӨРАҒАЛАРЫН ІЗДЕП БАРДЫҚ, БІРҚАТАР ЖЕРТӨЛЕЛЕРДІ КӨЗБЕН КӨРДІК. СОНДАЙ-АҚ ҚАЛА ӘКІМДІГІНІҢ ДЕ ЕСІГІН ҚАҒЫП СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ. ЕНДЕШЕ, АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАР МЕН ҚОРДАЛАНҒАН МӘСЕЛЕЛЕРДІ БҮГІНГІ МАҚАЛАДА ТАРҚАТАМЫЗ.
СӘЛ ШЕГІНІС…
Қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің бой көтеру тарихы 1970– 1980 жылдардан басталады. Сол уақыттарда қала аумағында өндіріс орындарының дамуы қарқын алып, жұмысшылар үшін ірі құрылыс науқандары жүргізілді. Кейін тәуелсіздік жылдарындағы тоқырау кезінде қала аумағындағы тұрғын үйлерден халық жаппай көшіп, үйлердің көпшілігі бос қалды. Ел еңсесін тіктеп, экономика қайта өрлеген шақта Қандығаш қаласының тамырына қан жүгіріп, жанжақтан көшіп келушілер көбейді. Сол кезде қаңырап қалған бос үйлер қайта жаңғыртыла бастады. Десе де, осыдан 10–15 жыл бұрын сапасы сын көтермейтін бұл үйлердің де, тұрғын үй кооперативтерінің де мәселесі күн тәртібінен түспейтін. Қыстың күні қырауда, екі күннің бірінде бірнеше үйдің жылу, су, кәріз құбырлары жарылып, жертөлесі суға толып тұратын еді. Ал қазіргі жағдай бұрынғыдан жақсырақ. Оған біз, яғни газет журналистері, осы мәселені көтеріп, қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлерді аралап, жертөлелерге түсіп, ТҮК төрағаларымен сұхбаттасу барысында куә болдық. Мақала жазу барысында бірнеше үйдің жертөлесіне бас сұғып, жасалған жұмыстарды көзімізбен көрдік. Көпшілігінің электр желілері толықтай жабдықталып, кәріз, жылу, су құбырлары жаңасына ауыстырылып, коммуналдық инфрақұрылымы жақсарған. Десе де, мәселелер де жоқ емес.

МИБ: ҚАРЫЗ МӘСЕЛЕСІ ӨЗЕКТІ
Қала аумағында қазіргі таңда 16 тұрғын үй кооперативі мен мүлік иелері бірлестігі жұмыс істейді. Олар тұрғындармен жасалған келісімшарт негізінде көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстауға жауап береді. Атап айтқанда, кіреберістердің, шатырлар мен жертөлелердің, инженерлік желілердің және ортақ пайдаланылатын аумақтардың жай-күйін бақылап, аулалардыңтазалығынқамтамасыз етеді. Сонымен қатар ортақ мүлікті жөндеу және күтіп-баптау жұмыстарын ұйымдастырады. Ал бұл жұмыстар іс жүзінде қалай атқарылып жатыр? Тұрғын үйлерді күтіп ұстауда қандай мәселелер бар және алдағы уақытта қандай жұмыстар жоспарланған? Осы сұрақтарға жауап алу үшін қаладағы бірнеше тұрғын үй кооперативі мен мүлік иелері бірлестігінің жұмысымен танысып, тұрғындар мен жауапты тұлғалардыңпікірінбілдік. Алдымен «Жастық» мөлтек ауданындағы №3, 6, 7 және10 көпқабаттытұрғын үйлерге қызмет көрсететін «Ақмерей» мүлік иелері бірлестігіне бас сұқтық. Бірлестік төрағасы Айгүл Нұрғалиева мен сантехник Ерлан Биғабыловтың айтуынша, негізгі міндеттерінің бірі – үйлердің жертөлелерін күтіп ұстау, ортақ инженерлік желілердің жағдайын бақылау және аулалардың тазалығын қамтамасыз ету. Бірлестікте екі адам жұмыс істейді. Оның бірі – сантехник, екіншісі – аула сыпырушы. Олар күнделікті тұрғын үйлердің ортақ аумақтарын күтіп ұстаумен қатар, инженерлік жүйелердің жағдайын да назарда ұстайды.
— Жертөлелерді жиі тексеріп, тазалығына мән береміз. Аулалардың тазалығына да жауаптымыз. Сонымен бірге жекелеген үйлерде жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, «Жастық» мөлтек ауданындағы №7 үйдің электр жүйесі толық жаңартылып, арнайы электр қалқаны орнатылды. Оған қоса кабельдер ауыстырылып, суық су құбырларыжаңартылды. Бұл жұмыстарға жалпы 800–900 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалды. Электр қалқанының өзін 380 мың теңгеге сатып алдық. Қазіргі уақытта маған қарасты көпқабатты үйлердің жертөлелері құрғақ әрі таза. Кәріз жүйесінің құбырлары да толық жаңартылды, – деді бірлестік сантехнигі Ерлан Биғабылов.

Бірлестік төрағасы Айгүл Нұрғалиеваның сөзінше, тұрғындар ортақ мүлікті күтіп ұстау қызметі үшін пәтердің әр шаршы метріне 36,9 теңгеден төлейді. 2025 жылдың мамыр айында аудандық мәслихат бекіткен тариф мөлшері 43,04 теңгені құраған. Алайда тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескере отырып, бірлестік төлемді әзірге көтермей отыр.
— Тұрғындардан қаражат жинау мәселесі өзекті. Төлемдердің уақытылы түспеуі жөндеу жұмыстарын жоспарлауға айтарлықтай кедергі келтіреді. Қарыз мәселесі бар. Берешегі бар тұрғындарға қатысты сотқа да жүгінеміз. Қаражаттың жиналуы өте маңызды. Мысалы, кей айда 250 пәтерден небәрі 25 мың теңге көлемінде ақша жиналады. Барынша халықпен түсіндіру жұмысын жүргізіп, қарызды өндіруге жұмыстанамыз. Бұл біздің еңбекақымыз екенін айтамыз. Осы жауапкершілікті мойнымызға алған соң, барынша жұмыс жасауға тырысамыз. Ал кіреберістерді жөндеу жұмыстары тұрғындардың өздері жинаған қаражат есебінен жүргізіледі. Қажетті құбырлар мен басқа да материалдардың көлемі алдын ала есептеліп, тұрғындармен келісе отырып сатып алынады, – деді Айгүл Нұрғалиева.

Бірлестіктің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі – №3 тұрғын үйдің шатыры. Төрағаның айтуынша, шатырдыңжағдайысын көтермейді. Тұрғындар қолдарынанкелгеншеөз күштеріменжөндеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Алайда бұл мәселені түбегейлі шешу үшін ауқымды жұмыс қажет. Бірлестік өкілдері үйлерді терможаңғырту мәселесін де көтеріп отыр. Олардың мәліметінше, төрт үйде жалпы 250 пәтер бар. Терможаңғырту ғимараттардың техникалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік бергенімен, тұрғындардың басым бөлігі бұл ұсынысты қолдамайды. Сондықтан үйлерді күтіп ұстау, ортақ мүлікті жөндеу және алдағы уақытта күрделі жұмыстарды жүргізу мәселесінде тұрғындармен ортақ шешімге келу маңызды.
«ПАРАСАТ» ТҮК: ЖӨНДЕУ ЖҮРГІЗІЛГЕНІМЕН, МӘСЕЛЕ ӘЛІ ДЕ БАР
«Жастық» мөлтек ауданындағы №39а, 40, 41, 49а, 50 және «Достық» мөлтек ауданындағы №13 көпқабатты тұрғын үйлерге «Парасат» тұрғын үй кооперативі қызмет көрсетеді. Кооператив төрағасы Жұмабек Жиеналиевтің айтуынша, қазіргі уақытта қарамағындағы барлық үйде жылу бар. Су жүйесі мен жертөлелердің жағдайы да тұрақты бақылауда, аулалардың тазалығы қамтамасыз етіліп келеді. Дегенмен бірнеше үйде күрделі жөндеуді қажет ететін мәселелер бар. Ол бұл салада 2008 жылдан бері еңбек етіп келеді. Алғашында №39а үйге қызмет көрсетуденбастағанол кейін тұрғындардан жиналған қаражат есебінен өзіне қарасты үйлердің инженерлік желілерін кезең-кезеңімен жөндеуден өткізген.

— Аманатқа қиянат жасамауға тырысамын. Әр үйдің жағдайын үнемі бақылауда ұстап, істен шыққан жерлерін уақытылы жөндеуге мән беремін. Электр, кәріз және жылу жүйелерін де тұрғындардан жиналған қаражат есебінен ретке келтіріп отырдық. Тұрғындармен жасалған келісімшарт негізінде үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстау және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жылына бір рет тұрғындардан ағымдағы жөндеу қажеттіліктеріне екі мың теңгеден жиналады. Бұл қаражат істен шыққан бөліктерді қалпына келтіруге жұмсалады. Кооперативте жалдамалы электрик, аула сыпырушы, бухгалтер және өзіммен қосқанда төрт адам жұмыс істейді. Ал сантехник пен электрикті қажеттілікке қарай шақырамыз. Тұрақты сантехник ұстауға қаражат жеткіліксіз болып отыр, – деді кооператив төрағасы Жұмабек Жиеналиев.

Оның сөзінше, «Достық» мөлтек ауданындағы №13 тұрғын үй терможаңғырту бағдарламасы аясында жөндеуден өткен. Аталған жұмыстарға 56 миллион теңге бөлінген. Жөндеу барысында шатыр жабылып, қабырға түйіскен жерлері ретке келтірілген, кіреберіс терезелер ауыстырылып, ғимараттыңалдына қалқа орнатылған. Алайда кооператив төрағасы жүргізілген жұмыстардың сапасына тұрғындардың да, өзінің де көңілі толмайтынын жеткізді. Сондай-ақ балкондардың түйіскен жерлері жөнделмегендіктен, жауын-шашын кезінде су кетіп тұр екен.
— Бұл мәселені аудан әкіміне де жеткіздік. Барлығы да хабардар. Олардың сөзінше, қателік бастапқы сметалық жобада кеткен. Жобада балкондардың түйіскен жерлерін жөндеу қарастырылмаған екен. Соның салдарынан қазір балкондардан су ағып тұр. Бұл мәселенің қалай шешілетіні әзірге белгісіз, – деді ол.
Оның сөзінше, кооперативке қарасты №40 тұрғын үйдің инженерлік құрылымына да жөндеу жұмыстары жүргізілген. 2021 жылы аталған үйді басқаруға алғаннан кейін тұрғындармен келісе отырып, әр пәтерден 20 мың теңгеден қаражат жиналған. Осы қаржыға электр желілері, кәріз және су жүйелері күрделі жөндеуден өткізілген. Ал жылу жүйесінде ақау анықталған тұстары ғана жөнделген.
— Біз алдағы уақытта тұрғын үйдің кіреберістерін тазалау жұмысын да өз жауапкершілігімізге алуды жоспарлап отырмыз. Алайда бұл үшін ай сайынғы төлемді көбейту қажет. Қазіргі уақытта тұрғындар пәтердің әр шаршы метріне 30 теңгеден төлеп отыр. Себебі тұрғындардың әлеуметтік жағдайына қарап отырмыз. Мәслихат бекіткен қаржыны алу үшін алдымен тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, атқарылатын жұмыстың қажеттілігін түсіндіруіміз қажет, – деді Жұмабек Жиеналиев.
Кооперативтің өзекті мәселесі – «Жастық» мөлтек ауданындағы №49а үйге тартылған электр желісі. Төрағаның айтуынша, бұл үйге баратын кабель бірнеше рет үзілген. Осыған байланысты қала әкімдігіне ұсыныс жолданып, электр желісін қалпына келтіру мәселесі көтерілгеннен кейін 250 метр кабель беріліпті. Алдағы уақытта электр желісін жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
— Көпқабатты үйлерде электр желілерінің жағдайына ерекше назар аударуымыз қажет. Жылу жүйесінің соңғы жағы баратын кейбір үйлердің тұрғындары жылудың жеткіліксіздігіне байланысты электр пештерін қосады. Жүктеме артқан жағдайда қысқа тұйықталу қаупі туындап, өрт болуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені кейінге қалдырмай, дер кезінде шешу керек, – деді Жұмабек Жиеналиев.
Ол кооперативтің электр желілерін өз бетінше жөндеуге арнайы рұқсаты жоқ екенін де атап өтті. Дегенмен мәселе туындаған жағдайда жалдамалы электрик мамандарын шақырып, қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға тырысады екен.
«ҒАЛЫМ» ТҮК: ТӨЛЕМ ЖИНАУДА ЦИФРЛАНДЫРУҒА БЕТ БҰРДЫ
Қаладағы тұрғын үй кооперативтерінің арасында цифрландыруға қадам жасағандардың бірі әрі бірегейі – «Ғалым» тұрғын үй кооперативі. Кооператив төрағасы Дастан Құдабаевтың айтуынша, олар тұрғындардан төлем өндіру үшін «eOSI» қосымшасын енгізген. Ол бұл қосымшаның осы бағыттағы жұмысты жүйелеуге жасалған жақсы қадам болғанын, тұрғындар төлемді телефон арқылы ыңғайлы түрде жасай алатынын айтып, төлемдердіқабылдауменесепжүргізуді жеңілдететінін жеткізді. «Ғалым» КСК «Достық» мөлтек ауданындағы №14, 24, 25, «Жастық» мөлтек ауданындағы №37а, 37б, 38б, 12 және «Нұрлыкөш» мөлтек ауданындағы №704 көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсетеді.
— Кооперативтің негізгі міндеттері – үйлердің ортақ мүлкін күтіп ұстау, инженерлік желілердің жағдайын бақылау, аулалардың тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың өтініштері бойынша жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру. Тұрғындар әр шаршы метр үшін 30 теңгеден төлейді. Алайда кейбір отбасылар әлеуметтік жағдайына байланысты төлемдерді кешіктіріп жатады. Соған қарамастан, кооперативте жұмыс істейтін жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы төлеуге тырысамыз. Қазіргі уақытта маған қарасты тұрғын үйлердің жертөлелері құрғақ. «Жастық» мөлтек ауданындағы №37 және №38 үйлердің жертөлелері толық жөндеуден өтті. Сонымен қатар кейбір үйлердің электр желілері жаңартылып, электр қалқандарын орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Дастан Құдабаев.

Ол тұрғын үйлердің аулаларының тазалығына ерекше көңіл бөлетінін тілге тиек етіп, төрт аула сыпырушының жұмыс істейтінін жеткізді. Оның екеуі ақылы қоғамдық жұмыс бағдарламасы арқылы тартылған.
— Балалар алаңдарындағы сынған бөлшектерді жөндеу, металл құрылымдарды дәнекерлеу және басқада ұсақ жұмыстарды өз жауапкершілігімізге аламыз. Сынған жағдайда уақытылы жөндеп қоюға тырысамыз. Ал кіреберістерді жөндеу жұмыстарын тұрғындардың өздері ұйымдастырады. Алдағы жоспарларымыздың қатарында бірнеше үйді терможаңғырту бағдарламасына енгізу бар. Қазір «Достық» мөлтек ауданындағы№25 және «Жастық» мөлтек ауданындағы №12, 15, 37а, 37б үйлердің құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді кооператив төрағасы.
Оның сөзінше, көптеген үйдің мемлекеттік актілері жоқ. Оларды рәсімдеу қомақтықаражаттыталап етеді. Құжаттарды дайындау шығынын тұрғындар көтеруі керек болғанымен, бұл шешіммен барлығы бірдей келісе бермейді. Ал кооперативтің өз қаражаты мұндай шығындарды жабуға жеткіліксіз.
— Бұл салада төрт жылдан бері еңбек етіп келемін. Барынша тұрғындармен өзара түсіністік орнатып, есеп-қисаптың ашықтығын қамтамасыз етуге тырысамын. Басты мақсатымыз – үйлердің жағдайын жақсартып, халықтың алғысына бөлену, – деді кооператив төрағасы.
11 ҮЙДІҢ ТЕРМОЖАҢҒЫРТУЫ ҚАРЖЫҒА ҚАРАП ТҰР
Қала аумағында терможаңғыртуды қажет ететін тұрғын үйлер жетерлік. Кейбір үйдің шатырынан су кетсе, тағы бірінің қасбеттері көңіл көншітпейді. Бұл сұрақты қала әкімінің орынбасары Азат Темірбекке қойдық. Ол қазіргі уақытта қала бойынша жалпы саны 125 көпқабаттытұрғынүйбарын, алдағы уақытта осы үйлердің қасбеттерін кезең-кезеңімен жаңғыртуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
— Көпқабатты тұрғын үйлерді терможаңғырту бағдарламасы бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Ең алғаш аталған бағдарлама арқылы «Достық» мөлтек ауданындағы №14 үй жаңартылған еді. Одан кейін әржылдары қала бойынша 15-ке жуық тұрғын үй жаңартылды. Бұл бағдарламаға қатысу үшін көпқабатты тұрғын үйлердің құжаттары толық дайын болуы қажет. Бірақ қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің көпшілігінің құжаттары түгел емес. Бұл үйлерге мемлекеттік акт алу үшін де қомақты қаржы қажет. Оны тұрғындар жасатуы керек. Себебі жеке үйлер үшін бюджеттен қаржы бөлінбейді. Өздері тұрып жатқан үйлерді жаңартуды қолға алып, аталған бағдарламаға қатысуға ұсыныс білдірген ТҮК-тер бар. Олар құжаттарын дайындап, жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеп, қаржының бөлінуін күтіп отыр, – деді қала әкімінің орынбасары Азат Темірбек.

Оның сөзінше, «Терможаңғырту» бағдарламасы арқылы осы жылы жалпы саны 11 үй жөндеуден өтеді деп жоспарланған. Атап айтатын болсақ, Қандыағаш қаласы бойынша «Жастық» мөлтекауданындағы №1, №4, №5, №13, №40, №45, №48, №49А, №49Б және №39А үйлері, сондай-ақ «Достық» мөлтек ауданындағы №22 тұрғын үйі. Жобаларды «BatysJOBA», «БайлықПроект», «ТопПроект», «Проектное Бюро KZ» ЖШС-тері әзірлеген. Әр нысан бойынша жобалардың құны шамамен 40 миллион теңгеден 170,9 миллион теңгеге дейінгі аралықты құраған. Алайда бюджеттің бөлінбеуіне байланысты бұлжұмыстар әзірге тоқтап тұр.
— Бюджеттен қаржы бөлінуін күтіп отырмыз. Егер қажетті қаржы бөлінген жағдайда, терможаңғырту жұмыстары барысында тұрғын үйлердің сыртқықабырғаларын жылумен оқшаулау, шатыр мен инженерлік жүйелерді жаңарту, ғимараттардың энергия тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізіледі. Жалпы, терможаңғырту бағдарламасы – көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын жақсартуға, энергия тиімділігін арттыруға және тұрғындардың коммуналдық шығындарын азайтуға бағытталған мемлекеттік бастама. Бағдарлама аясында ескі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізіліп, олардың пайдалану мерзімі ұзартылады. Бұл өз кезегінде тұрғындардың коммуналдық шығындарын азайтып, үйлердің пайдалану мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді, – деді Азат Темірбек.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

