«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Өндіріс орындарының әлеуеті сараланды

Кәсіпкерлік
Облыстық кәсіпкерлер палатасы Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру және алдағы ауқымды құрылыс жылына дайындық аясында өңірдегі өндіріс орындарының әлеуетін зерделеп, олардың ірі жобалар мен тапсырыстарға қатысу мүмкіндіктерін бағалауда. Осыған орай палата директоры Дидар Боранқұлов бастаған өкілдер бірқатар кәсіпорынды аралап, өндірістік қуатымен және даму жоспарымен танысты.
Атап айтқанда, делегация «Батыс МЖБК» ЖШС, Ақтөбе құбыр зауыты және «Алға Проф Строй» ЖШС өндіріс орындарын аралады.
Аталған кәсіпорындар көпір құрылысына қажетті темірбетон конструкцияларын, болат құбырларды, газ және қазандық жабдықтарын өндіреді. Мәселен, «Батыс МЖБК» зауыты 100-ден астам өнім түрін шығарып, еліміздің барлық өңіріне және ТМД елдеріне жеткізеді. Ақтөбе құбыр зауытының жылдық өндірістік қуаты 20 мың тоннаға жуық. Ал «Алға Проф Строй» инженерлік және газ жабдықтарын өндірумен қатар, монтаждау және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын да атқарады.
Кездесу барысында өндіріс көлемін ұлғайту, инвестиция тарту, электр энергиясы тарифтеріне байланысты шығындарды азайту және жаңа өндіріс бағыттарын игеру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейту жолдары қарастырылды. Мәселен, «Алға Проф Строй» ЖШС тарату крандарын өз өндірісінде шығаратын құю цехын ашу мүмкіндігін пысықтап жатыр.
Дидар Боранқұловтың айтуынша, Мемлекет басшысы келер жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялады. Бұл бастама отандық өндірушілер үшін жаңа нарықтық мүмкіндіктерге жол ашпақ. Осыған байланысты жергілікті кәсіпорындардың өндірістік әлеуетін арттырып, ірі жобалар мен тапсырыстарға қатысуына қолайлы жағдай жасаудың маңызы зор.
— Өңірдегі өндіріс орындарының мүмкіндігін тиімді пайдалану алдағы құрылыс жобаларын отандық өніммен қамтуға, жергілікті кәсіпорындардың тапсырыс көлемін арттыруға және өндірістік кооперацияны дамытуға ықпал етеді, — деді Дидар Боранқұлов.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

ЖАСТАР «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА ҮЛЕС ҚОСАДЫ

admin_mugalzhar

ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР ГҮЛНҰРҒА «ЖҰЛДЫЗДЫ СӘТ» СЫЙЛАДЫ

admin_mugalzhar

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНДА ЖАЙЫЛЫМДАР МЕН ЕГІСТІК ЖЕРЛЕР ТОЗҒАН

admin_mugalzhar