«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Облысқа 19 реанимобиль автокөлігі әкелінді

Облыстың емдеу мекемелеріне жедел қызмет көрсетуге арналған  19 реанимобиль автокөлігі әкелінді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин көлік кілтін бас дәрігерлерге табыс етті.

— Бірінші байлық — денсаулық. Халықтың денсаулығы басты орында болуға тиіс. Елімізді шарпыған індет кезінде дәрігерлердің мойнына ауыр жүк түсті. Бірақ мамандар өздерінің тәжірибесі мен біліктілігінің арқасында осы қиындықты жеңе білді. Дәрігерлердің тиімді жұмыс жасауы үшін материалдық-техникалық жағдай жақсы болуы керек.  Бір күнде барлық проблеманы шешу мүмкін емес. Бірақ біртіндеп шешуге болады. Осы ретте денсаулық сақтау мекемелерінің базасын нығайтуға күш салынып жатыр.  Жылдың басында коронавируспен күреске бір миллиардқа жуық қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектер алынды. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында екі миллиардқа жуық қаржы қарастырылды.  Екінші толқын бола қалған жағдайда қамсыз қалмауымыз керек. Сондықтан компьютерлік томография, рентген аппараттары,  жылжылмалы рентген кешені секілді жабдықтар сатып алынуда. Емдеу мекемелерінің бірқатары күрделі жөндеуден өтті. Емханалардың жұмысына көңіл бөлінді. Бүгін, міне, жаңа заманауи үлгідегі автокөліктер келіп жатыр. Бұл — үлкен көмек, — деген облыс әкімі дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі. Көлік кілттерін бас дәрігерлерге табыс етті. Көліктер облыстың 12 ауданы мен қаладағы емханаларға берілді. Қарғалы аудандық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов жаңа көліктің аудан тұрғындары үшін өте қажет екенін айтты.

— Ауданның барлық дәрігерлік амбулаториялары көлікпен қамтылған. Бірақ көпшілігі ескі. Ал бүгінгі көлік —  реанимобиль, яғни ішінде барлық қажетті құралдардың бәрі бар. Әсіресе, аудан орталығынан қалаға науқастарды әкелуге өте тиімді. Жол үстінде науқастың жағдайы нашарласа, дер кезінде көмек беруге болады, — деді бас дәрігер.

Аудандардан келген бас дәрігерлер көлік кілттерін алып, қуанышпен жол тартты. Жалпы, облысқа биыл осындай 41 көлік әкелінбек. Бүгін оның 19-ы келсе, келесі айдың басында қалғандары жеткізіледі. «Hyundai»  маркалы реанимобиль көлігі «Astana Motors» фирмасынан алынған. Көліктің ішінде жасанды тыныс алдыру аппараты, яғни қажетті құрылғылардың бәрі бар.

Сондай-ақ алдағы уақытта тағы алты көлік пен 147 жасанды тыныс алдыру аппараты әкелінбек. Қазіргі таңда облыстың емдеу мекемелерінде 69 жедел жәрдем көлігі жүріп тұр. Бүгінгі әкелінген көліктерді қосқанның өзінде бұл сұранысты толық қамти алмайды. Сондықтан келер жылы тағы 20 көлік алуға сұраныс беріліпті.

Кәмшат ҚОПАЕВА, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Біздегі салғырт кәсіп немесе немқұрайлы кәсіпкерлер

admin_mugalzhar

МАШИНИСТАМ ПОСВЯЩАЕТСЯ…

admin_mugalzhar

«Теңіз» мұнай кенішінен Ақтөбеге бір топ жұмысшы келді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.