«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

90 ЖЫЛ ОҚЫРМАНЫМЕН БІРГЕ…

Бүгінгі Ақтөбе облысы аумағында мерзімді баспасөз алғаш рет Ақтөбе губерниясында 1924 жылы екі бет болып жарық көрген. 1928 жылы Ақтөбе губерниясы округке айналады да, осыған байланысты «Кедей» округтік газет болады. Бұл уақыттағы тиражы 13 мың данадан асты. Кейін округтер ауданға айналған кезде, «Кедей» газеті екіге бөлініп, Темір, Шалқар аудандарынан шығатын болды. 1930 жылдың қазан айында «Кедейдің» жалғасы Темірде алғаш рет шығарылды. Алғашқы жауапты редакторы Рахметқали Оразалин болды. Газет 6500 данамен шықты. Оның Темірден шыққан алғашқы нөмірінде газеттің 1924 жылдың 7 маусымынан бастап шығып келе жатқаны жазылған болатын. Ал 1932 жылы аптасына екі рет шығып тұрған газеттің жауапты редакторы Хамит Құрмашев болады. 1932-1933 жылдары газетке қазақ совет жазушысы, журналист, педагог Жиенғали Тілепбергенов редактор болды. Осы жылдары, атап айтсақ, 1933 жылдың бас кезінде газет атауы «Социалды майдан» болып өзгереді. Өкінішке орай, Жиенғали Тілепбергеновтың 1933 жылы 38 жасында аса қайғылы жағдайда аса ауыр науқастан көз жұмғаны белгілі. Жиенғали Әділұлы қайтыс болғаннан кейін, онымен екі жылдай қызметтес болған Опа Алпанов редактор болып тағайындалған. Кейінгі жылдарда Сыдық Омарханов, Хасен Әлекенов, Қарағұл Латыпов, Қазтуған Ботағарин, Башар Қайруллин әр кезеңдерде аудандық газетте редактор болған. Облыста қазақ қыздары арасындағы тұңғыш редактор Жаңылша Балмағамбетова газетке 1944-1950 жылдары басшылық еткен. 1955 жылы майдан даласынан жеңіспен оралған жауынгер Нұрғали Тастанбаев редактор болды. 1958 жылдан бастап газет төрт бет болып көлемі ұлғайтылып, аптасына үш мәрте шығып тұрады. 1962 жылдың наурыз айында аудандық газеттер ауданаралық болып қайта құрылады. «Социалистік майдан» атауы «Коммунизм жолы» болып өзгертіледі. Газет Темір, Байғанин, Ойыл аудандарына таратылып тұрған. 1965 жылы аудандар қайта ашылып, осы жылдың қаңтарында аудан орталығы Темір қаласынан Қандыағашқа көшірілді. Газет атауы осы жылдары «Жаршы» деп өзгертілді. Ал 1965 жылдың 2 шілдесінен бастап «Жаршы» газеті «Октябрь туы»-«Знамя Октября» деп аталып, қазақ, орыс тілерінде шығарылатын болды. Бүгінгі «Мұғалжарды» айтқанда, алғашқыда Жұрын, кейін Мұғаджар ауданында шығарылған тағы бір басылымды ұмыт қалдыруға болмайды. 1997 жылы Мұғаджар және Октябрь аудандарының біріктірілуіне байланысты Мұғаджар ауданында шығып тұрған (қазіргі Ембі қаласының негізі) «Еңбек таңы-Коммунист» газетінің материалдық-техникалық базасы, шығармашылық құрамы «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газетінің редакциясына көшірілді. Осы жылы аудан атауының Мұғалжар болып өзгертілуіне байланысты газет те «Мұғалжар» атауымен шыға бастады. Осы жерде тарихқа кері шегініс жасаған дұрыс болады. Аймақтық бөліністер, ірілендіру немесе оңтайланыру саясатының өткен ғасырдың әсіресе, 20-30 жылдары қауырт жүргізілгені тарихтан белгілі. Осындай аумақтық дүрбелең кезінде Жұрын ауданы Темір ауданының құрамынан 1936 жылы бөлініп шығады. Осы жаңа ауданда 1938 жылы алғаш рет аудандық «Сталиндік эпоха» газеті шыға бастайды. Оның алғашқы редакторы тарих пәнінің мұғалімі Жәнібек Ысқақов болады. 1940-1941 жылдары газеттің редакторлығына Көшербаев келеді. Штат саны арттырылған газетте бірнеше бөлімдер жұмыс жасаған. Соғыс жылдары газетті Ж.Шотыбаев басқарып, жауапты хатшы Көшкінбай Шынбаев болады. Ал 1945 жылы Нағу Қожабаев редактор болды. 1949 жылы Нағу Қожабаевтың аудандық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайлануына байланысты редактор қызметіне соғыстан жаралы оралған жауынгер Елубай Қодаров тағайындалады. 1956 жылы газет атауы «Коммунизм жолы» болып өзгертіліп, редакторы Жаңылша Балмағамбетова, секретары Әбдош Досмұхамбетов болады. 1957 жылдан бұл қызметке қайтадан Елубай Қодаров келіп, 1962 жылға дейін қызмет атқарады. Алғашқыда екі бет болып шыққан газет бұл жылдары төрт бет болып шыға бастайды. «Коммунизм жолы» газеті 1962 жылың мамыр айында жабылып, оның жалғасы Ембі қаласынан «Еңбек таңы — Коммунист» болып шыға бастайды. 1965 жылы орталық Қандыағаш болғаннан кейін, атауы өзгеріп, жаңа сипатта шыға бастаған «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газетінде 1965-1967 жылдары Елубай Қодаров бас редактор болып қызмет атқарады. 1967 жылы Нұрғали Тастанбаев газет редакторлығына қайтып келіп, 1980 жылға дейін басқарады. 1980-1985 жылдар арасында Жолдымұрат Сегізбаев басылымда редактор болды. Ал ұзақ жылар Ембі қаласында шығарылған «Еңбек туы — Коммунст» газетінде белді қызметтер атқарып, кейін 1983 жылдан «Октябрь туы»-«Знамя Октября» газетіне редактордың орынбасары болып келген Бақытжан Неталин 1985 жылы газеттің басшылығына тағайындалып, бұл қызметте 1997 жылға дейін болды. 1997 жылдан 2010 жылға дейін газетті ауданға белгілі ақын Қуаныш Кенжеғалиев басқарды. 2010 жылдың 23 қыркүйегінен бастап 2016 жылға дейін Нұргүл Қалиева редактор болса, 2016 жылдан-2020 жылға дейін Әнуар Искарин басшылық жасады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан газет редакторлығын Бану Жартина атқарып келеді. Сауат ашу жылдарында «қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болған» аудандық газет ел басынан өткен қилы заман райына қарамастан уақыт үніне құлақ түріп, оқырманының жанынан табылып, елжандылыққа, отаншылдыққа тәрбиелеп, айнымас серігі болды. Бұның бәрі — «Мұғалжардың» ақтаңдақ беттерінен өз орнын ойып алды, кешегі тарихынан бүгінге жеткен тәбәрікке айналды. Аймақтағы айтып ауыз толтырар қаншама іргелі істер мен тынымды еңбек жемістері, ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы, мұғалжарлықтардың еліміздің алға басуы жолындағы өз үлестері, толағай табыстар мен жүлделі жеңістер, бейбіт күн мен еңбек майданының батырлары — барлығы тоқсан жыл бойы аудандық басылым бетінде талмастан жарық көріп келеді. Осы жылдар ішінде Нағашыбай Балмаханов, Әдемі Сағымбаева, Қалима Әлімшина, Роза Сүйіншалина, Әдина Тайымова, Ғазиза Егізбаева, Зауреш Талпақова, Смағұл Құдабаев, Клара Ниязбекова, Бойжеткен Ахметова, Хамит және Қапиза Темірхановтар, Жайна Сарбасова, Малика Абдуллина, Людмила Дербенева, Абылай Камалов, Жұмабике Шотова, Тілек Садуов, Галина Жанбауова, Шахарбек Нұрсейітов, Гүлжәмила Құлманова, Гүлжан Қойшығұлова, Гүлзада Тоғызбаева, Бақытжан Әбілова, Гүлзира Адаева, Мұқанбетулла Кемер, Гүлсім Балғабаева, Күнжамал Темірбаева, Ізгілік Тағанова, Салиха Букеева, Гүлсара Алматова, Серік Құлманов, Құрал Байсұлтанов, Рая Жалғасова және т.б. аудандық газетте өз қолтаңбасын қалдырды. Басылымда еңбек еткен әрбір буын алдыңғы лек қаламгерлерінің тәжірибесін басшылыққа ала отырып, өз қолтаңбасын қалыптастыра білді. Олардың арасында газетте жұмыс істеген, бірқатары бүгін де еңбек етіп жүрген Гүлзира Наурызова, Айгүл Кенжеғалиева, Әсел Абданбаева, Нұрғаным Кесікқұл, Ботагөз Махамбетова, Анар Абубакирова, Мейрамгүл Жұманбетова, Жандос Айтжанов, Индира Ізбасқан, Диляра Смағұлова, Ардақ Абитова, Алтын Сүлеймен, Нұрсұлу Төлегенді атауға болады. Сонау жылдары қорғасын әріпті қолмен терген уақыттан бері қарай, линотип, «Ризограф» баспа машиналарымен басылып, технология дамыған заманда компьютерге иек артқан басылым қазір арнайы баспаханадан жарық көреді. «Мұғалжардың» бүгінгі ұжымы да ауданның ақпарат айдынындағы өз мақалаларымен оқырман жүрегінен орын алып келеді.

Редакция

Ұқсас ақпараттар

18 мыңнан астам мұғалім тегін курстан өтті

admin_mugalzhar

Алдағы демалыс күндері ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

Қазақстанда енді ерлі-зайыптылар зейнетақы жинағын біріктіре алады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.