«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«Мұқағали Мақатаевқа жол беріңдер!»

Бірде ақын досым Ерлан Бағаев екеуміз тротуарда келе жатыр едік, соңымыздан:
– Жол беріңдер! Жол беріңдер! – деп айғайлаған зор да-уыс естілді. Аңтарылып тұра қалдық. Күркіреп келеді.
– Жол беріңдер! Жол беріңдер! Мұқағали Мақатаевқа неге жол бермейсіңдер? Әлде оның еңбегі сіңген жоқ па? Жол беріңдер! Жол беріңдер!
Әлгінде ғана «Шахта» деген асханада қос қолын қайшылап, шашы төгіліп: «Әлдиле, өлім, әлдиле», – деп өлең оқып отырғанын көрген едік. Барып сәлем бергенбіз. Шарабын әпергенбіз.
– Жол беріңдер!
Ығысып жол бердік. Күндей күркіреп, бұлттай бұрқырап қасымыздан өте шықты. Соңымыздан мырс-мырс күлкі естілді. Мойын бұрсақ, жоғары курс студенттері Сауытбек Абдрахманов пен Заманбек Әбдешев екен. Мысқылшыл Сауытбек:
– Үлкен ақын келе жатқанда кішкентай ақындар жол береді екен ғой, – деп түйреді.
Сәл жүре түскенде Алматының қазіргі Абылай хан және Бөгенбай көшелерінің қиылысында әлгінде ғана екпіндей озып кеткен Мұқағали ағамыз тұр екен.
– Әй, балалар, бері келіңдер. Мына қаптаған машиналардың біреуі мені басып кетер немесе мен біреуін басып кетермін. Көшеден өткізіп жіберіңдер, – деп Ерлан екеумізді құшағына алды. Сөйтіп қолтығына кіре берген бізге алма-кезек қарап қойып:
– Сенің әкең Ұзақ маған көп жақсылық жасаған. Сен менің өз бауырымсың. Оны білемісің? – деп Ерланның бетінен сүйді де, маған бұрылып, көзін алайтып:
– Сен қызталақ қайдан жүрсің? – деді көшеден өтіп болған кезде. – Қазір Жазушылар одағына барамын. Мен кіргенде ондағы отырғандардың бәрі қашып, індеріне тығылады. Тіпті кабинеттерін кілттеп алады. Бірге жүріңдер, қызық көресіңдер, – деді. «Іздегенге – сұраған», біз екеуміз елеңдеп, елеурей бастап едік, Мұқаң Жазушылар одағының табалдырығына жете бере кілт тоқтады. – Жоқ, «қызық көрсетем» деп сендерге зияным тиіп кетер. Әлі жассыңдар. Болашақтарың алдарыңда. Менімен жүргендеріңді біреу-міреу көріп қалса: «Бұл екеуі Мұқағалимен бірге ішіп жүрген», – деп ағаш атқа теріс мінгізер. Қайтыңдар, қызталақтар! – деп екеумізді өз қолымен кері бұрып, сауырымыздан сипап қоя берді де өзі ішке еніп кетті. «Қайт» дегенге қайта қояр деген, ізінше біз де кірдік.
Мұқағали аға кіреберістегі айна алдына барып, шашын тарап, костюмінің жағасын, өңірін түзеп, түймесін салып, салиқалы-салмақты болып шыға келді. Сол-ақ екен, іштен шығып келе жатқан бірнеше жазушы бұрыла қалып, онымен жамыраса амандасып жатты. Біз жақындамай, сырттай бақылап тұрдық. Әлгі жазушылардың біреуі:
– Әй, Мұқағали, сен енді адам болыпсың ғой, – деп қалып еді, Мұқаң бірден шарт кетті:
– Сен, немене, мені бұған дейін адам емес, есек деп пе едің?!
Ағамыз нілдей бұзылып, бұрқан-талқан ашуланып, «Қаламгерге» қарай тартты. Әлгі абайсыз ба, қасақана ма, айтылған бір ауыз сөзден-ақ жараланып қалғаны анық еді…
Ұлықбек Есдәулет,
«Әбілхаят» кітабынан

Ұқсас ақпараттар

Наурыз айының аяғына жоспарланған ақылы ҰБТ өткізілмейді — Асхат Аймағамбетов

admin_mugalzhar

Тоқаев Маминге бірқатар тапсырма берді

admin_mugalzhar

Екінші тоқсанда қанша қазақстандық оқушы мектепке барып, сабақ оқиды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.