«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚҰМСАЙ МЕН ТАЛДЫСАЙ АУЫЛДАРЫНА АУЫЗ СУ БАРАДЫ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТҰРМЫСЫН ЖАҚСАРТУ МАҚСАТЫНДА 2023 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ 100 ПАЙЫЗ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРҒАН ЕДІ. БҮГІНГІ ТАҢДА ОСЫ ТАПСЫРМАҒА СӘЙКЕС, АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ АУЫЛДАРҒА АУЫЗ СУ ЖЕТКІЗУ БОЙЫНША НАҚТЫ ШАРУАЛАР ІСКЕ АСЫРЫЛЫП, ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫСТАР ЖҮРГІЗІЛУДЕ.

Осы уақытқа дейін ауыз суды құдықтан тасып ішкен Құмсай және Талдысай ауылының тұрғындарына енді қауға шелектің қажеті болмайды. Себебі ауыл тұрғындарының көптен күткен қуанышы орындалып, жыл соңына дейін тап-таза тіршілік нәрін үйіне кірген құбыр арқылы пайдаланатын болады. Құмсай ауылы аудан орталығынан 110 шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде 150 ауласы, 700-ге жуық тұрғыны бар ауылда 6 мемлекеттік мекеме, 4 бөлімше жұмыс жасайды. Құмсайлықтар үшін биылғы жылдың жағымды жаңалығы

— ауылға ауыз судың тартылуы. Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын су жүйесінің құрылыс жұмыстарына бюджеттен 409 млн 271 мың теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстарын «Дәнекер» ЖШС-і жүргізеді.

— Жұмыстың сапалы және уақытылы жүргізілуін аудан әкімдігі, «Nur Otan» партиясы Мұғалжар аудандық филиалы және Құмсай ауылдық қоғамдық кеңесі бақылап отыр. Өткен жылдары жүргізілген тексеріс пен сараптама нәтижесінде, ауыл маңынан 70 жылға жететін тұщы су қорының бары анықталған болатын. Енді осы ауыз суды ауыл тұрғындары тұтынатын болады. Су тарту құрылыс жұмыстарына ауылдан 5 адамды уақытша жұмысқа тартуды жоспарлап отырмыз, — деді ауыл әкімі Асылбек Тұғыров.

Бірнеше жылдан бері ауыз су мәселесін көтеріп келген талдысайлықтардың да арманы орындалып, ауыл осы жылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Бүгінде су құбырын тарту үшін ауыл іші қазылып, су құбырлары мен қажетті құрылғылар және құрылыс материалдары әкелінген. Су тарту жұмысының жалпы құны 283 млн 336 мың теңгені құрайды. Бұл жұмыстарды «Монолит» ЖШС-і жүргізуде. Жасалып жатқан жұмыстың сапасын ауыл тұрғындарынан құрылған қоғамдық кеңес және жергілікті әкімдік қызметкерлері бақылап отыр.

— Талдысайға ауыз су құбырларының тартылып, таза судың келетіні ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Бүгінде су ұңғымасына қойылатын су сорғыш құрылғылар әкелінді. Соларды орналастыру жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар қазылған жерлерге су құбырларын түсіріп жатыр. Әзірге ауылдан 3 адамды уақытша жұмысқа қабылдадық. Су тартылып болғаннан кейін, ауылдың 3 тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, — деді Талдысай ауылының әкімі Қазбек Аққайыр.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

АТЫМТАЙ ЖОМАРТТЫҢ МЕКТЕПКЕ КӨМЕГІ

admin_mugalzhar

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы: Ұлы даланың жеті қыры

admin_mugalzhar

ПРИЧИНОЙ ПОЖАРА СТАЛ ПОДЖОГ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.