Қазақстанда уақытша еңбекке жарамсыз қызметкерлерге тағайындалатын әлеуметтік төлемді ұлғайту ұсынылды. Ауырғаны бойынша демалысқа шыққандарған берілетін төлем 35 АЕК-ке (2021жылы 102 095 теңге) дейін өседі деп жоспарлануда. Бұл туралы жаңа әлеуметтік Кодекстің жобасында айтылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі 15 АЕК мөлшеріндегі жәрдемақы Халықаралық Еңбек Ұйымының Конвенциясы ұсынған деңгейге сәйкес келмейтіні атап өтілді.
Қызметкерлердің уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтік төлемдердің ең жоғарғы мөлшері 2020 жылы 41 670 теңгені құрады, ал кірістерді ауыстыру көрсеткіші тек 19,8%-ға жеткен. Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысы бойынша сырқаттанып, демалысқа шығуға мәжбүр болған азаматтардың жәрдемақысының мөлшері жалақының кемінде 45%-ын құрауы керек.
«Осыған байланысты жұмысшылардың еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік төлемдердің мөлшерін жұмыс берушілер есебінен 15 АЕК-тен 35 АЕК-ке дейін арттыру ұсынылады», — делінген Кодекстің жобасында.
Еңбек министрлігі еңбекке жарамсыздық парағы бойынша жәрдемақы төлеуді есептеу әдістемесіне өзгертулер енгізу керектігін алға тартты.
Сонымен қатар, Кодексте жұмыс берушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметкерлерді міндетті медициналық тексеруден уақытылы өткізуді қамтамасыз етуді міндеттеу туралы көрсетілген.