Мұғалжар аудандық ауруханасында ана мен бала денсаулығын сақтау мақсатында түрлі жұмыстар атқарылуда. Жүйелі жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде ауданда сәбилер арасында өлім-жітім көрсеткіші азайып, туу көрсеткіші өскен.
2021 жылдың 4 айында аудан бойынша жалпы саны 451 сәби дүниеге келіп, туу көрсеткішінің өсімі 5,1 пайызды құраған. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен жылы осы уақыт аралығында 428 бала дүние есігін ашқан. Мұғалжар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айбек Сүгіровтің айтуынша, 1 жасқа дейінгі балалардың шетінеуі өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге кеміп, 2021 жылдың 4 айында 3 сәбидің шетінеуі тіркелген. Бас дәрігердің орынбасарының айтуынша, сәбилердің шетінеуіне жас аналарда жүктілік кезінде инфекциялық аурулардың болуы, қосымша созылмалы аурулармен ауруы, тіркеуге кеш тұрып, жүктілікті алдын-ала жоспарламауы себеп болатын көрінеді.
— Аудандық ауруханалардың акушер-гинекологтары СӨСҚ мамандарымен бірлесе отырып, жүкті әйелдер арасында жүктілікті жоспарлау, ерте жүктіліктің алдын алу, жүктілік кезінде өзін-өзі күту тақырыбында дәрістер оқып, жаттығулар жасатып, пайдалы кеңестер айтып отырады, — деді Айбек Сүгіров.
Н.ТІЛЕП