«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазақстанда халық санағын жүргізудің негізгі фактілері қандай

Биылғы 1 қыркүйек – 30 қазан аралығында халық санағын өткізу жоспарланып отыр. Мұның алдындағы санақ 2009 жылы өткен. Осы жолғы санақ індетке байланысты күрделі кезеңде ұйымдастырылғалы жатыр. Бұл іс-шараның әлеуметтік-экономикалық маңызы да зор. Санақ екі тәсілмен жүргізіледі: 45 күн бойы sanaq.gov.kz мамандандырылған сайтында интернет-сауал салуды жүргізу және электронды планшет пайдаланып интервьюерлер дәстүрлі жаппай сауалнама жүргізеді. Оған қоса Aitu Messenger отандық мобильді қосымшасы арқылы санақтан өту мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек egov.kz электронды үкімет сайтының басты бетінде sanaq.gov.kz сілтемесі бар. Сол сілтеме бойынша өтіп, онлайн режимде санақ парақтарын толтыруға болады. Қазақстанда халық санағы 1 қыркүйектен 15 қазан аралығында онлайн режимде және 1-30 қазан аралығында планшеттерде өтеді. Осы орайда еліміздегі санаққа қатысты ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дің аға ғылыми қызметкері Анна Альшанская өз пікірімен бөлісті.

Қазақстандағы халық санағы туралы 5 факті «Биыл күзде Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы үшінші ұлттық санақ өтеді. Бұл өз кезегінде дүниежүзілік санақ раундының бір бөлігі болып отыр, оған көптеген дамушы әрі дамыған елдер қатысады. Халық санағы – ол күрделі, ауқымды, сондай-ақ қаражат талап ететін іс-шара. «Бұл шығындар қаншалықты өзін-өзі ақтайды?» деген сұрақтар жиі қойылатыны белгілі. Осы орайда статистика мамандары санақтың қажеттілігін дәлелдеуге тырысып бағады. 2020 жылы әлемнің 50 елінде жалпы халық санағын жүргізу жоспарланған. Пандемия мен карантиндік шектеулер оны өткізуге кедергілер келтірді. Қазақстанмен қатар, Ресей, Армения, Израиль, Қырғызстан және басқа да елдер халық санағын 2021 жылға шегерді», — деді А. Альшанская. Осы орайда сарапшы елге бұл мәліметтер неге маңызды екенін түсіндіру үшін 5 фактіні алға тартып отыр.

1) Халық санағы – ұлттық статистика жүйесі үшін негіз болады Ұлттық статистика қызметін дамыту, оның есептеулерінің нақтылығы мен алдағы көрсеткіштерді құру үшін халық санағы айрықша қажет саналады. Біріншіден, санақ нәтижесі негізінде ішкі және сыртқы миграция аясындағы халықтың көші-қонын ескере отырып, халық санының жыл сайынғы бағалауы құрылады. Екіншіден, анықталған сипаттамалар (демографиялық, әлеуметтік-экономикалық) негізгі жиынтық көрсеткішті қалыптастырады. Осы тұрғыда басқа зерттеулер жүргізуге негіз болады. Яғни еңбек нарығын, өмір сүру сапасын, денсаулық сақтау мен білім беру қызметтеріне қолжетімдік және басқа да зерттеулерге қатысты.

2) Цифрлы технологияларды енгізу Алдағы халық санағындағы жаңашылдықтардың бірі – заманауи цифрлы технологияларды енгізу мен процесті автоматтандыру. Дәстүрлі жекелей сауалнамамен қатар, азаматтар арасында интернет-сауалнама жүргізілетін болады. Сонымен қатар, сауалнаманы жылдамдату мен жинақталған деректердің сапасын арттыру үшін интервьюерлер қағаз тізімнің орнына электронды планшеттерді пайдаланады. Мәселен, 2011 жылы интернет-санақ Эстонияда ұйымдастырылған еді және ол табысты өткені белгілі болды. Санақпен қамтылуы тиіс тұрғындардың 67 пайызы ғаламтарды пайдаланған. Ал қалған үштен бір бөлігі жекелей сауалнама арқылы санақтан өтті.

3) Санақты дәстүрлі форматта өткізу БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мәліметі бойынша қатысушы 48 елдің ішінде 46 пайызы, оның ішінде Қазақстан да санақты өткізудің дәстүрлі технологиясын пайдаланып келеді. Осы жағдайда бес немесе 10 жылда бір рет жергілікті жерлерде деректер жаппай зерттеу жүргізу арқылы жиналады. Атап айтқанда, әлем елдері соңғы кездері респонденттерге түсетін жүктемені және ұйымдастыру шығындарын ескере отырып, халық арасында сауалнама жүргізудің классикалық форматынан санақтың өзге де әдістерін пайдалануға көшіп жатыр. Осы орайда регистрлі тәсіл бар. Бұл ретте жыл сайын қолданыстағы деректер базасынан ақпарат жинақтауға негізделген (мекенжай ақпараты, демографиялық мәліметтер, табысы және басқа да деректер). Осы тәсіл Скандинавия елдерінде пайдаланылып келеді. Мұнымен қоса, әлемдік тәжірибеде халық санағында аралас тәсіл де іске асырылады. Ол үшін регистрлердегі деректер жергілікті жерлерде толыққанды зерттеу жүргізумен немесе арнайы таңдамалы зерттеумен бірге үйлестіріліп пайдаланылады (Германия, Польша және басқа да елдер). «Бюджет шығыстарын оңтайландыру мен деректердің сапасын арттыру тұрғысында ұзақ мерзімдегі кезеңде халық санағын жүргізуде қадамдарды қайта қарастырудың, сондай-ақ әкімшілік есепке алу мен ақпараттық технологияларға қолжетімдік жүйесін жетілдірудің мәні бар», — деді Анна Альшанская.

4) Нақты әрі толыққанды мәліметтер Атап айтқанда, елімізде азаматтарды әкімшілік есепке алудың түрлі жүйелері бар, яғни «электронды үкімет», Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, ҚР Ішкі істер министрлігі жүйесі ескерілген. Алайда, санақ жүргізу халық саны мен ұлттық құрам бойынша нақты ақпарат алумен қатар, өңірлерде, қалалар мен ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық процестерді көруге мүмкіндік береді. Мысалы, 2009 жылғы санақпен салыстарғанда санақ парағы айтарлықтай кеңейтілген. Жұмыспен қамту бойынша толық мәліметті қалыптастыру үшін сауалнама жүргізушілер тиісті сұрақтарды қояды. Осы орайда еңбекақы, өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін табыс, зайнетақы, шәкіртақы, түрлі жәрдемақыларға қатысты сұралады. Сонымен қатар, көші-қон тақырыбы қамтылып, қоныс аудару жоспары туралы мәселелер нақтыланады.

5) Елді дамыту бағдарламасын әзірлеу Қазақстанда соңғы халық санағы 10 жыл бұрын өтті және содан бері халық құрамы мен оның сұраныстары айтарлықтай өзгерді. Мемлекеттік аппарат үшін халық санағы барлық деңгейде бюджетті сапалы жоспарлау тұрғысында, әлеуметтік инфрақұрылымға қажеттілікті бағалау және қолдаудың қосымша қадамдары үшін көрсеткіштерді есептеуге қажетті тетіктердің бірі болады, сондай-ақ елдің дамуына қатысты есеп-қисаптарды даярлауға керек. Сауалнамаға енгізілген жұмыссыздар анкетасы жұмысқа орналасуға мұқтаж нақты адамдардың санын анықтауға әрі қажет жаңа жұмыс орындарын құруға қатысты мәліметті нақтылауға көмектеседі.

inform.kz

 

 

Ұқсас ақпараттар

ЖАҚСЫДАН ІЗГІ ІЗ ҚАЛАР…

admin_mugalzhar

Елімізге гүл көбіне қай елдерден әкелінеді

admin_mugalzhar

ШТАБ МҮШЕЛЕРІ КӨПБАЛАЛЫ АНАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.