Жуырда Кәсіпкерлер палатасы мен «Atameken Aktobe» МҚҰ өкілдері Алға және Мұғалжар аудандарының әлеуетті қарыз алушыларымен кездесті. Микроқаржы ұйымының директоры Нұрлан Серікжан «Бастау Бизнес» түлектеріне жеке кеңес берді. Ауыл тұрғындарымен кездесу кезіндегі сұрақтардың негізі несиелеу шарттары мен кепілдік саясатқа қатысты болды.
Жуырда құрылған «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымында бүгінде 70-тен астам өтінім қарауда жатса, оның 7-уі мұғалжарлықтар тарапынан түскен. Оның бірі — 2019 жылғы «Бастау» түлегі Набат Дәулетиярова МҚҰ қаржыландыруы арқылы Қандыағаш қаласында шаштараз үшін ғимарат сатып алуды жоспарлап отыр. Кәсіпкер қазір құжат жинаумен айналысуда.
— Мұғалжар ауданы бойынша «Бастау» бағдарламасы арқылы 1307 ауыл тұрғыны білім алды. Оның ішінде грант немесе несие түрінде қаржыландыруға 453 адам қол жеткізді, — деді кездесуде Мұғалжар аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Бернияз Длимов.
Айта кетейік, «Бастау» түлегі кез келген бизнесті ашу үшін жылдық 6 пайызбен 5 жыл мерзімге, ал ауыл шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін несие ала алады. Айналым қаражатын толықтыруға 36 айға дейінгі мерзімге қаржыландыру қарастырылған. Жеке кәсіпкерлікті ашудан бастап бизнес-жоспарды әзірлеуге дейін сүйемелдеуді «Атамекен» кеңесшілері жүргізеді, құжаттарды жинауға көмектеседі.
— Біздің міндетіміз — «Бастау» түлегіне өз ісін бастауға көмектесу. Бастаулықтардың жобаларын қаржыландыруға республика бойынша 22,5 млрд теңге қарастырылған, оның 1,3 млрд теңгесі Ақтөбе облысына бөлінген. 2021 жылы ауыл және шағын қала тұрғындары үшін қарыздардың ең жоғарғы мөлшері 7,2 млн теңгені, қала тұрғындары үшін 18,9 млн теңгені құрайды. Несиеге өтінім беру үшін ауылдық жерлердің тұрғындары Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалдарына «Бастау» жобасын сүйемелдеу жөніндегі консультанттарға жүгіне алады. Микрокредит беруге өтінім беру үшін белгіленген нысандағы өтінішті және клиенттің сауалнамасын ұсыну қажет. Сондай-ақ, заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік,
өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктерде және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілмен қамтамасыз ету бойынша құжаттар қажет, — деді «Atameken Aktobe» микроқаржы ұйымының директоры Нұрлан Серікжан.
Еске салатын тағы бір жайт, микроқаржы ұйымы жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелерін және жылжымайтын мүлікті сатып алу, несие берешекті қайта қаржыландыру, бар несиені өтеу, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттар бойынша жобаларды қаржыландырмайды.
А.ДАРХАНҚЫЗЫ