БҮГІНГІ МЕРЕКЕЛІК НӨМІРІМІЗДІҢ КЕЗЕКТІ КЕЙІПКЕРЛЕРІ – ЕЛІМІЗ ЕГЕМЕНДІК АЛҒАН ЖЫЛДАРЫ ЕҢБЕК ЖОЛЫН БАСТАҒАН МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҰСТАЗДАР. МАМАНДЫҚТАРЫН ӨМІР ЖОЛДАРЫНА АЙНАЛДЫРЫП, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАННЫҢ БІЛІМДІ ҰРПАҒЫН ТӘРБИЕЛЕУГЕ ӨЗ ҮЛЕСТЕРІН ҚОСЫП ЖҮРГЕН ЖАНДАРДЫҢ АЙТАРЫ БАР ЕКЕН…
Зәрузат БЕКТУРЛИНА, Сағашилі ауылы:
1991 жылы Абай атындағы орта мектепте, яғни қазіргі Сағашилі орта мектебіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып келдім. Өзім түлеп ұшқан мектепте ұстаз болып қызметжасап жүргеніме мақтанамын, әрине. 30 жыл ішінде менің шәкірттерімнің 22-сі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі атанды. Бұл — еңбегімнің жемісі деп білемін. Ұстазды бала жанының бағбанына теңеймін. Өйткені баланы түсініп, жүрегіне жол таба білсең, ол баладан нәтиже шығады. Шәкірттерім «апайымыз еді» деп естеріне алып жүрсе, о дүниелік болып кеткен жағдайда да тірімін. Себебі бүгінде әлі күнге дейін өзімнің ұстаздарымды сағына есіме алып отырамын. Балаларды ізденіске, ғылымға баулу да менің мұғалімдік жолымдағы ұстанар бағытымның бірі. Оларға қолдау көрсетіп, зерттеу жолдарын түсіндіріп, нұсқау беріп отырғанды жақсы көремін. Негізі мен бұл қызметте 1-2 жыл ғана жұмыс жасап, өз мамандығым журналистика саласына кетемін деген ойда болғанмын. Бірақ қызығы мен шыжығы мол ұстаздық жолы мені өзіне баурап алып, өмірлік жолымды осы салаға арнадым.