«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ШЫҢЫРАУДА ШЫҢДАЛҒАН КЕНШІ

Отбасының нәпақасын жердің үстінен емес, астынан іздеген Алтынды ауылының тұрғыны Әліби Нұржановтың алтын өндіретін шахтада жұмыс жасап жүргеніне жиырма жылдан асты. Оның әлемдегі қауіпті мамандықтардың бірін таңдап, кенші болуына ата-анасының осы жолдағы еткен еңбегі мен төккен тері түрткі болған екен.

Расымен де әкелерінің алып кеніште көмір қазып, тау-кен саласындағы еңбегін кішкентай күндерінен көріп-біліп өскен ұл-қыздарын кенші кәсібі қызықтырып, олар да осы мамандықты таңдаған.

Кейіпкеріміз әңгімесін: «Біз көзімізді ашып, есімізді білгелі осы Алтынды кенішін көріп келеміз. 1967-68 жылдары марқұм әкем Мақсат осы кеніш ашыл-ған уақытта көлік жүргізушісі болып жұмыс жасады. Одан механик болып, бар өмірін осы кеніште өткізді. Анам шахтаның химиялық лабораториясында еңбек етті. Екеуі де осы жерден құрметті зейнеткерлікке шықты. Ал біз олардың жолын жалғастырушылармыз. Бізге Алтындыда туып, кеншілер отбасында өсіп, кенші мамандығын таңдамау үлкен сын болар еді«, — деп бастады.

Алтында ауылында туған Әліби Мақсатұлы алғаш еңбек жолын 2001 жылы 20 жасында бұрынғы «Юбелейное», бүгінде «AltynEx Company» деп аталатын кен орнында қарапайым жұмысшы болып бастаған, кейін қазба жұмыстарына арнал-ған арнайы көтергіш машиналарды жүргізген. Бүгінде алтын кенішінде үңгуші болып жұмыс істейді. Яғни, жер астындағы 500 метр тереңдікке дейін түсіп, қазбаларды қазады, табылған кенді шығарады. Олар алмасу кезегімен күндіз-түні қазба жұмыстарын тоқтатпай, кен өндірумен айналысады.

Әр мамандықтың өзіндік қиындықтары болады. Жер астындағы қазба жұмыстарымен айналысу кімге де болса ауыр тиетіні сөзсіз. Кеншіге жер қазу үшін тек қана қара күш иесі болу жеткіліксіз. Себебі жер астында жұмыс жасайтын адамға темірдей денсаулық, асқан жауапкершілік пен ұқыптылық та керек.

Біз жұмысымызды таңғы сағат 7:00-ден бастаймыз. Медициналық тексерістен өтеміз, арнайы жұмыс киімдерімізді киеміз, қажетті құралдарымыз бен жарық шамдарды алып, сағат 8:55-те жер астына түсеміз. Сол сәттен бастап, кеніш ішінде де жер бетіндегідей қайнаған жұмыс басталады.

Басымызға жарық шамдарымызды киіп, қолымызға қазуға арналған құрылғыларымызды алып, күнделікті жұмысымызға кірісеміз. Жұмыс барысында қауіпсіздік ережелерін үнемі естен шығармаймын. Жас кезімізде қызуқандылықпен көп нәрсені түсіне бермейтінбіз. Алғашқы кеніш ішіне түскен кезде үңірейген үңгірлер мен опырайған ұзын дәліздер үрейлі көрінетін. Бүгінде әбден үйреніп кеттік. Жер астындағы еңбектің де өз қызықтары мен қиындықтары, өз ережелері бар. Үнемі сақ жүруді қажет етеді. Ол жерде тек өзіңнің ғана емес, қасыңдағы басқа кеншілердің де өміріне жауапты екеніңді ұмытпауың керек, — дейді шахтер.

Әліби Мақсатұлы бүгінде өзі еңбек етіп жүрген «AltynEx Company» кен орнында жұмысшыларға жағдайдың жасалғандығын, еңбекақыларын уақытылы алып отыратындарын жеткізді.

Сондай-ақ ауылда негізгі жұмысынан бөлек,  мал өсіріп, өз шаруашылығын да дамытып отыр. Жұбайы Гүлнар Нұржанова да Алтынды кенішінде жұмыс жасайды. Екеуі кеніште жұмыс жасап жүріп танысыпты. Таныстығы үлкен махаббатқа ұласып, бүгінде үлгілі отбасы болып, екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Келіншегім 2003 жылы оқу орнын бітіріп, біздің ауылдағы кен орнына жұмыс жасауға келген жас маман еді. Осы жерде танысып, үлкен өмірге бірге қадам бастық. Бүгінгі таңда Гүлнар шахтада жұмыс жасайды. Кеншілерге жарық шамдарын таратып, олардың кіріп-шыққандары туралы қағаз толтырып отырады. Біздің шахта ішінде пайдаланатын жарық шамдарымызды уақытында қуаттау сол кісінің жұмыстағы міндеті, — дейді Әліби Нұржанов.

Әулетімен алтын өндірушілер атанған Нұржановтар әулетінде қазірдің өзінде кішкентай кеншілер өсіп келеді. Үйдің үлкен ұлы кенші мамандығын таңдап, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы университетте тау-кен мамандығы бойынша білім алып жатыр.

Ата-ана қай уақытта да өз бақытын баласынан іздейді емес пе?! Біз де сол секілді балаларымыздың білімді, бір-біріне қамқор, үлгілі болғандарын қалаймыз. Қызым ауылдағы мектептің 9-сыныбын үздік бітіріп, бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында 10-11 сыныпта оқып жатыр. Кенже ұлым 8 жаста, — дейді кенші Әліби Мақсатұлы.

P.S. Жер қазып, кен өндіру  нағыз ер азаматтың жасайтын жұмысы. Кеншілердің ерен ерлігі, табандылығы мен қажыр-қайратының арқасында еліміз тау-кен өнеркәсібі саласында елеулі жетістіктерге жетіп келеді. Осы тұста бабаларымыздың «еңбек адамды ер атандырады» деген даналығы еріксіз ойға аралады. Біздің бүгінгі мақаламызға арқау болған қарапайым еңбек адамы Әліби Нұржанов осының айқын дәлелі.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МЕЙІРБАН ЖҮРЕКТІ МЕДБИКЕ

admin_mugalzhar

Дархан ӨКСІКБАЕВ: ҚҰРБАНДЫҚ САУАБЫ ҚАШЫҚТЫҚҚА ҚАРАМАЙДЫ

admin_mugalzhar

В КАНДЫАГАШЕ ЗАРАБОТАЛ ПОЛУСТАЦИОНАР ДЛЯ ОСОБЕННЫХ ДЕТЕЙ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.