«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тәуелсіздік белестері

Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл. Бүгінде Қазақ елі — мемлекеттік шекарамен айқындалған аумағы, дербес Конституциясы, сыртқы және ішкі саясаты, төл экономикасы, өнері, тілі, діні, салт-дәстүрі бар, бүкіл әлемге танымал тәуелсіз мемлекет. Ата-бабамыз қаншама ғасыр бойы аңсап келген бұл Тәуелсіздік оңайлықпен келмегені белгілі. Тәуелсіздік алған 30 жылда еліміз қандай маңызды құжаттарды қабылдап, қандай тарихи кезеңдерді бастан өткерді? Осы және басқа да сұрақтарға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Тарих факультетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлнар Қозғамбаева сұхбат барысында айтып берді.

Тарихшының айтуынша, Тәуелсіздік қазақ елі тарихындағы ең жарқын беттердің бірі, қазақ халқының сан ғасырлық арманының орындалғаны. Ғасырлар бойы қазақ елінің тәуелсіздігі мен бүгінгідей жарқын болашағы үшін күрескен ата-бабаларымыз мәңгі біздің жадымызда сақталады.

Тарих беттерін парақтап қарап, өткен ғасырлардағы бостандыққа ұмтылған ерлікке толы тарихына шолу жасасақ, 1466 жылы Керей мен Жәнібек бастаған алғашқы Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының құрылуы дербес елдікке ұмтылудың алғашқы көрінісі болды. Ел болып іргесі қалана бастаған кезден-ақ сыртқы жаулармен үздіксіз соғыстар жүргізуге тура келді. Жоңғар шапқыншылығына қарсы тұрған батырларымыз, отарлау жүйесіне қарсы шыққан ағаларымыз, коммунистік идеологияға қарсы тұрған Алашордашылардан бастап 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың ерлігін мәңгі құрметтейміз. Тәуелсіздік тарихындағы 1986 жылғы 16 желтоқсан  —  ерекше күн. Осыдан отыз бес жыл бұрын қазақ халқының тәуелсіз ел болып қалыптасуына жол ашқан тарихи оқиға болды, — дейді тарихшы.

Егемендік декларациясы

1989 жылғы маусымда Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің ХV пленумы болып, Бірінші хатшысы лауазымына Н.Ә. Назарбаев сайланды. 1990 жылғы 24 сәуірде ҚКСР Тұңғыш Президенті болып сайланған Н.Ә.Назарбаевқа елді басқару жауапкершілігі жүктелді. Кеңес Одағының әлі де қаһары қайта қоймаған кезде Қазақстанды басқаруға қазақ ұлтының өкілі келді. Бұл қайсар еліміздің жігеріне жігер қосты.

Іс жүзінде ол кезең, яғни 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басы дәурені аяқталып келе жатқан Одақ құрамындағы барлық елдің, соның ішінде Қазақстанның да азаттыққа ұмтылған, бостандыққа бет бұрған уақыты еді. Жұртшылықтың санасында қайта құру және қоғамдық жаңғырту тәрізді идеялар етене сіңе бастаған сәтте халық мұндай жұмысты істей алатын көшбасшысын жыға таныды. 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияны» қабылдау арқылы бүкіл әлемге Қазақстанның егемендігі жарияланды. Республика Конституциясының негізін қалаған тұңғыш заң актісі болып табылатын бұл Декларацияда Қазақстан «халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар» егемен мемлекет болып табылатындығы жарияланды. Бұл еліміздің тәуелсіздігі тарихындағы жаңа белестерді ашқан тарихи күн болды, — дейді Гүлнар Қозғамбаева.

Семей полигонын жабу батыл шешім болды

Оның айтуынша, Қазақстан Республикасының егемендік алып, әрі қарай тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде қалыптасып-дамуы қиын жағдайлармен ұштасты. Көптеген аймақта әлеуметтік-демографиялық және саяси-экономикалық тұрақсыздық белең алды. Әлемдік кеңістікте жаһандық қауіпсіздікті сақтауда ядролық қаруды таратпау мәселесі – Қазақстан Республикасы саясатының аса маңызды бағыты болды.

1991 жылғы 29 тамызда «Семей полигонын жабу туралы» Елбасының Жарлығы шықты. Елбасының осы тарихи шешімі, батыл қадамы бүгінде дүниежүзіне мәлім тарихи фактіге және біздің ұлттық мақтанышымыздың мәніне айналды. Өткен 30 жылда елімізде ғасырға бергісіз қыруар шаруалар атқарылды. Семей ядролық полигонының жабылуы Қазақстан тарихында ғана емес, тұтас адамзаттың тарихында маңызды орын алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы Қазақстан Президентінің ядролық қарудан бас тарту жөніндегі ұсынысын мақұлдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы күрес күні деп жариялады. Қазақстан әлемдегі ауқымы жөнінен төртінші ядролық арсеналдан өз ықтиярымен бас тартты. Сондай-ақ Қазақстан ТМД-да алғашқылардың бірі болып ядролық қаруды таратпау туралы шартқа және ядролық сынақтарға тыйым салу туралы шартқа қосылды. Ал 1994 жылы ядролық қаруды Қазақстан аймағынан мүлдем жоюға келісті. Біздің мемлекет, осылайша, егемендігінің алғашқы жылдарынан-ақ аймақтағы және әлемдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге аса ықыласты екенін айқын әрі нақты ісімен білдірді. Қазақстан әлемде бірінші болып өз еркімен ядролық қарудан бас тарту арқылы жаһандық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыруға, Жер бетіндегі бейбітшілік ісіне теңдесі жоқ үлес қосты, — дейді тарихшы.

Қазақстан Тәуелсіздігін алғаш АҚШ мойындады
Елбасы Н.Ә. Назарбаев елімізді дамыту стратегиясында бұл мәселеге байланысты: «Қазақстан… бірінші кезекте ядролық қаруларды болашақта толық жою мақсатымен қысқартуға, қолдануға және оны жасауға жәрдемдесетін материалдар мен технологияларды сыртқа шығаруға жол бермеуге қол жеткізе беретін болады», – деп атап өтті ол.

1991 жылы 1 желтоқсанда Бүкілхалықтық Президент сайлауын өткізу нәтижесінде Н.Ә. Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып сайланып, 10 желтоқсан күні қызметін атқара бастады.

Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атау туралы шешім қабылданды, ал желтоқсанның 16-сы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңында Қазақстанның тәуелсіздігі жарияланды. Бұл күн қазақ тарихындағы ғасырлар бойы аңсаған арманның орындалған күні болды. Ресей империясының екі ғасырдай отары болған, жетпіс жылдан астам Кеңес Одағының қысымын көрген Қазақ елі үшін бұл күн ерекше мерекеге айналды, — дейді ол.

Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде алғаш 1991 жылы 26 желтоқсанда АҚШ мойындады, одан кейін Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындапты. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындаған. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілігін ашқан, бірақ тәуелсіздігімізді мойындаған он жетінші ел болды.

Қазақстан 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ға қосылғандығын мәлімдеп, Алматы Декларациясына қол қойды. Мемлекеттің тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1992 жылғы қаңтарда еліміздің ішкі істер әскері құрылды. Осы жылы, яғни 1992 жылы қаңтар айында Қазақстан ЕҚЫҰ-на мүше болды. Ал 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі атандық. БҰҰ-ның 46-сессиясының шешімімен ұйымның 168-мүше елі болып тіркелді. Сол кезден бастап дүние жүзі Қазақстанның егемендігін, тәуелсіздігін, дербес мемлекеттілігін таныды. Қазақстан бүгінде дүние жүзі мойындаған әлемдік қауымдастықтар мен ұйымдардың тең құқықты мүшесі, — дейді тарихшы.

Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті

1992 жылғы 4 маусымда Жоғарғы Қеңестің сессиясы Республиканың жаңа мемлекеттік Туы мен Елтаңбасын бекітті. Сол жылы 11 желтоқсанда мемлекеттік Әнұранның мәтіні бекітілді (ред. — кейін, 2006 жылы 7 қаңтарда «мемлекеттік рәміздер туралы» жарлыққа толықтырулар мен өзгерістер енгізілгені белгілі).

Тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен күллі дүниедегі қазақтардың басын біріктіріп, ата-баба үрдісімен 1992 жылғы қыркүйек айында Алматы қаласында Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы өтті. Арада жылдар салып, екінші құрылтай 2002 жылы Түркістан қаласында өтті. Астана қаласында үшінші құрылтай (2005 ж), төртінші құрылтай (2011 ж.) және бесінші құрылтай (2017ж.) өтті. Дүние жүзі қазақтарының басын біріктіру мақсатында Қазақстанда шақырылған бес құрылтайдың тарихи маңызы ерекше. Бұл бас қосу – қазақ халқының жаңа мыңжылдыққа біртұтас ұлт ретінде нық қадам басқанның белгісі болды, — дейді Г. Қозғамбаева.

Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды

Сонымен қатар 1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Конституциясы қабылданды. Ол Заң өтпелі кезеңнің Ата Заңы ретінде екі жыл айналымда болып, тарихта қалды. Ал 1995 жылы 30 тамызда еліміздің жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл негізгі Заңымызда республиканың экономикалық қүш-қуаты мен мүмкіндіктері ғылыми тұрғыдан тиянақталып, халықтың әлеуметтік топтарына тиісті мәселелерді шешу ескертілді.

1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылды. Ассамблея құрылуының негізгі мақсаты — қоғамдық тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты нығайту болды. 1997 жылы «Қазақстан Республикасының Тілдер туралы» Заңы қабылданды. 2001 жылы 22-25 қыркүйек арасында Рим папасы Иоанн Павел ІІ-нің Астанаға келуі де дінаралық татулықты дамытуға өз үлесін қосты дей аламыз. 2003 жылы Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі өтті. 2006 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған Бейбітшілік және келісім сарайы — Астананың ең үлкен мақтаныштары қатарындағы ғимарат. Сыртқы пішініне қарап, жергілікті халық «Пирамида» деп атап кеткен Бейбітшілік және келісім сарайы – ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықтың, халықтар достығының өзіндік символы тәрізді. 2006 жылы қыркүйекте осы жерде Әлем діндерінің ІІ съезі өтті. Әр үш жылда, 2009 жылы ІІІ съезі, 2012 жылы ІV съезі, 2015 жылы V съезі, 2018 жылы VI съезі өтті, — дейді тарихшы.

Тарихшы сондай-ақ Қазақстан 2010 ЕҚЫҰ-ға тұңғыш төраға болып сайланғанын жеткізді. Астанада 1-2 желтоқсанда ЕҚЫҰ-ның саммиті өтті. 2011 жылы маусымда Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етті.

Бүгінде Қазақстан Республикасы саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыру, халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері бойынша еркін даму жолына қатар түскен ТМД мемлекеттерінің көш басында келеді. Қазақстан –ТМД мемлекеттерінің ішінде жаңа экономикалық жүйе құрған, заманауи қоғамдық институттарды нығайтып, демократиялық құқықтық мемлекет іргетасын қалаған алғашқы мемлекет.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған көрегендік саясаты Қазақстанға әлем назарын аударуда. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты құжат еліміз үшін аса маңызды бағдарлама болды. Аталған бағдарлама 1997 жылы қазан айында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған тұңғыш «Қазақстан-2030» атты стратегиясының заңды жалғасы. Аталған стратегиялық бағдарламалар аясында жүзеге асырылған ішкі-сыртқы саясаттағы еліміздің табыстары әлем елдерінің қызығушылығын туғызуда. Бұл — Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 30 жылы белесіндегі табыстарының бірегейі, — дейді тарихшы.

baq.kz

Ұқсас ақпараттар

Онлайн куәлік пен диплом: Қазақстандықтардың құжаттары жыл соңына дейін цифрландырылады

admin_mugalzhar

Ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты онлайн өтеді

admin_mugalzhar

АТАМ ЖАСАҒАН ҰРШЫҚ — ҚҰНДЫ ДҮНИЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.