«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ажар АХМЕТОВА: ҒЫЛЫМДЫ ТАҢДАУЫМ — МУЗЫКАНЫ ЖАҚСЫ КӨРМЕЙДІ ДЕГЕНДІ БІЛДІРМЕЙДІ

Жуырда ауданға биология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Ажар Ахметованың келгенін айтып, ақпарат таратқан едік. Сол сәтті пайдаланып, есімі әлемге мәшһүр қазақ музыкасын зерттеуші, көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер, Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Ахмет Жұбановтың қызы, асылдың сынығы — Ажар Жұбановамен сұхбаттастық.

— Әңгімемізді Сіздер секілді ұлыларды дүниеге әкелген әкеңіз, әйгілі композитор Ахмет Қуанұлынан бастасақ. Әкеңіз туралы, оның ортасы туралы айтып берсеңіз.

— Әкем өте қарапайым, байсалды жан болатын. Бәрімізге бірдей көңіл бөліп, балаларынан әкелік махаббатын аяған емес. Өздеріңіз білесіздер, ол кісі Мұғалжар ауданы Жаңатұрмыс ауылында дүниеге келген. Туған ағасы Құдайберген Жұбанов 1937 жылы репрессия кезінде ұсталып, атылып кетті. Ол ұсталғаннан кейін, сол заманның заңы бойынша менің әкем Ахмет Қуанұлы филармониядан шығарылды. Сол кезде әкемнің жасы 31-де болған екен. Ағасының алты баласын, өзінің бес баласын асырау оған артылған үлкен міндет еді. Кейіннен өзі де бас сауғалап Мәскеуге кетті. Ол жақта ұзақ уақыт болып, музыкамен шұғылданып, қазақ музыкасын зерттеді. Әкем зиялы қауым өкілдерімен араласты. Сол кездегі танымал күйшілермен үйге келіп, ұзақ отырып күйдің тарихын, ойналу иірімдерін талдайтын, нотаға түсіретін. Күнде кешкісін үйімізде сырлы саз, әдемі әуен әуелейтін. Біз сондай ортада өсіп, қалыптастық. Әкемізбен көшеде жүргенде олармен кездесіп қалсақ, маңдайымыздан иіскеп, бөкебайымызды немесе бас киімімізді түзеп, ерекше мейіріммен әкелік қамқорлық танытатын.

— Ахмет Жұбанов отбасының тұңғышы Ғазиза Ахмет-қызы әкеңіздің ізін жалғастырып, музыка саласының академигі атанды. Ал сіздің музыка әлемінен алыстап, жаратылыстану ғылымын таңдауыңыздың сыры неде?

— Біздің жанұямызда ата-анамыз тарапынан ешқайсымызға міндетті түрде музыкаға барасың деген талап қойылмады. Бірақ Ғазиза Ахметқызы жастайынан музыкаға әуестенді. Ал Қайыр ағамды музыка мектебіне скрипка сыныбына берді. Роза екеуміз фортепиано сыныбына бардық. Болат әнді жақсы айтатын, бірақ музыкаға бармады. Кейін cаяси репрессияға ұшыраған Жұбановтың отбасы музыкалық білім алуға құқы жоқ деп, Роза екеумізді шығарып жіберді. Ал Ғазиза мектепті алтын медальмен бітірді, сонымен қатар музыкалық училищенің үздік дипломын алды. Мәскеу консерваториясына оқуға түсті. Мен де сабақты жақсы оқыдым. Мәскеуге өзім барып, емтихандарды жақсы тапсырып, оқуға түстім. Ал биологияны таңдағаным – алдымдағы екі ағам химия факультетінде оқыған. Менің соларға ұқсағым келді, бірақ химияны емес, қыздардың жұмыс істеуіне ыңғайлы биологияны қол көрдім. Таңдауым мені адастырмады. Бүгінде осы ғылым саласында үлкен жетістіктерге жеттім. Менің ғылымдағы қол жеткізгенімнің барлығы үлкен ғылымға, биология саласына деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Дегенмен менің ғылым саласын таңдауым- музыканы жақсы көрмейді дегенді білдірмейді. Жүрегімде қашан да музыка ойнап жүреді.

— «Әке мұрасы балаға аманат» деген. Осы орайда әкеңіз туралы тың деректерді жинап жүргеніңізді білеміз. Осыған толығырақ тоқталып өтсеңіз?

— Мен әкемнің, отбасымның ұлағаттылығын мақтан етемін. Олардың еңбектерін жинақтап, жарыққа шығаруды өзімнің перзенттік борышым деп білемін. «Өнегелі өмір» деп аталатын әкем туралы кітап шығардым. «Ахмет Жұбанов – қазақ халқының ұлы» атты кітапты қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде аударттым. Осы еңбектерде Ахмет Жұбановтың өмірі толығымен баяндалған. Әкемнің 100 жылдығы болған жылы «Қазақфильм» киностудиясында «Ахмет Жұбанов» деректі фильмі түсірілді. Аталған фильмнің сценарийін басынан аяқ өзім жазып шықтым.

— Ал-матыдан арнайы келіп, әкеңіздің ата қонысы Мұғалжар ауданына ат басын тіреп жатсыз. Сапар барысында Ахмет Жұбанов атындағы саз мектебіне бас сұғып, дарынды оқушылардың өнерін тамашаладыңыз.

— Жас өрендерге қандай кеңес айтар едіңіз?

— Әкемнің туған өлкесі маған да ыстық көрінеді. Ахмет Жұбановтың атына берілген саз мектебінің ұжымына зор алғысымды білдіремін. Мектептен ашылған домбыра, қобыз, баян, вокал, хор, фортепиано кластарын аралап, оқушылардың өнерін тамашаладым. Бүгінде мектепте 300-ден астам өнерпаз білім алып жатқанын естіп қуанып отырмын. Іші-сырты көз тартардай сұлу, еңселі екен. Шағын болса да, бұл жерден үлкен өнерпаздардың өсіп шығатыны көңіліме жылылық сыйлайды. Осы мектептен үлкен музыканы бағындырар дарындылардың шығатынына сенемін. Әрдайым тілектес болып отыратынымды айтқым келеді. Мұғалжарлықтарға тек қана сәттілік тілеймін!

Біздің дерек:   Ажар Ахметқызы Жұбанова – жаратылыстану ғылымдарының Қазақ ұлттық академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Биотехнология кафедрасының профессоры, 1964 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетін «Өсімдіктер физиологиясы» мамандығы бойынша бітірген. 1964-66 жылдары С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың биология факультетіндегі «Өсімдіктер физиологиясы мен биохимиясы» кафедрасында аға зертханашы, 1966-75 жылдары онкология және ҚР ДМ радиология ҒЗИ-да ісіктердің биохимиясы зертханасында кіші ғылыми қызметкер болды. 1974 жылы АМН КСРО зерттеу және клиникалық онкология институтында «Онкология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғаған. Сол кездерден бастап ғалымның бастауымен ғылыми зерттеулерді жоспарлаудың жаңашылдық әдістері енгізілген, атқарылған жұмыстар мен тәжірибелер нәтижелері жаңа биотехнологияның туындауына ғана емес, оқу процесінің барлық сатысында қолдануға мүмкіндік алды. Ажар Ахметқызы елімізде ғылыми кадрлар даярлау ісіне үлкен үлес қосты. Оның жетекшілігімен бес ғылым докторы, 20-дан астам ғылым кандидаты, үш РhD докторлары даярланды, 600-ден астам ғылыми еңбегі жарық көрген. Бүгінгі күні ғалымның бастауымен екі ғылыми жоба жүзеге асырылуда.

Ғылым мен білім жолындағы зор еңбегі үшін Ажар Ахметқызы «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Астананың 10 жылдығы» төсбелгілерінің, «ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағының иегері. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Үлкен Күміс», «Үлкен Алтын» медальдарымен және «Құрмет» орденімен марапатталған.

Сұхбаттасқан Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БЕЛ ҚАЙЫСЫП, БІЛЕККЕ КҮШ ТҮСКЕН КҮНДЕР…

admin_mugalzhar

Күнжамал ТЕМІРБАЕВА: 40 ЖЫЛЫМДЫ АРНАҒАН ШАҢЫРАҚ

admin_mugalzhar

УВАЖАЙ СТАРОСТЬ, БЕРЕГИ БЛИЗКИХ!

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.