«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Мүшел жас – маңызды жас

Қазақтың ұлттық ұғымында мүшел жасты адам жасын есептеудің үлгісі санайды. Ғылым да осы қағиданы тапқырлық санақ деп мойындайды. Мүшел жастың ерекшелігі неде? Не себепті қазақ мүшел жасты «қатерлі, қауіпті кезең» санайды?
Этнограф Болат Бопайұлының қазақтың мүшел жас ұғымына қатысты еңбегінен деректер келтірсек, баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшел аталып, кейінгі мүшел жасы 12 жыл қайталанған сайын есептеледі. Алғашқы мүшел жас – 13, одан кейінгілері 25 – екінші, 37 –үшінші, 49 – төртінші, 61 – бесінші, 73 – алтыншы, 85 – жетінші, 97 – сегізінші, 109 тоғызыншы мүшел жасы деп жалғасып кетеді. Әр мүшел ішінде адамның өзіне тән ерекшеліктері мен болмысы қалыптасады.
Қазақ мүшел жасты «қатерлі жас», «қауіпті кезең» деп есептеген. Адамның өмірі әр он екі жылдан бір қайырылғанда қамыстың буын-бунағына ұқсайды деп қараған.  Өмірдің де буыны мүшел жас деп санаған. Бұл жасында әр адам сақтанып жүреді, алыс, ауыр сапарларға шықпайды. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде абайлап жүреді. Қазақтардың мұндай сақтануы негізсіз де емес. Өйткені әр 12 жылда адам ағзасында үлкен өзгеріс болып тұрады екен. Оны ертедегі шығыстық ғылым анықтаған.
Қазақ бір мүшелге толған баланы «қозы жасқа толды», «қозыбағар болды» деп мал бағуға, малға қарауға қабілетті деп есептейді. Он үш жаста «отау иесі» деп қарайтыны сондықтан. Ал бір мүшелге толған қыз баланы «ошақ ұстар», «қазан қайнатар» жасқа толды деп есептейді. 25 жас ақ-қараны ажыратып, жақсы-жаманды бағамдай алатын шақ. Бұл жасты өмірдің екінші буыны санап, садақа беріп, қимас бір затын  жақын жандарына сыйлап жатады. Бұл ақылы толысып тұрған шағында тіл-көзден қорғанғандығы болар. 37 мен 49 жас ел ағасы атанып, өзгелерге жөн-жоба, өнеге көрсетер кезде де садақа беру сауапты іс саналады. 61 ата жас, 73, 85 қарттық кезеңге келеді.
Қазақ есепшілері адам баласының 100 жасын бір ғасыр ғұмыр деп есептейді. Осы 100 жастың 50 жасын «ұйқылы өмір» немесе «барзақ ғұмыр», қалған 50 жасын «ояу тірлік» немесе «саналы ғұмыр» деп есептейді. Ал ояу тірліктің 15 жасын ойнақтаған балалық, 75-тен асқанын жер таянған кәрілік, сонда ортасында «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» деп есептейтіні содан.
Мүшел жасқа келген адам өзіне қымбат дүниесін жолдасына, құрбысына немесе тілекші қарияға беріп, содан бата алған. Бұл рухани жағынан өзін сергек сезініп, қауіп-қатерден, сырқаттан садақа құтқарады деп сенгендіктен жасалған ізгі амал, ұлтымыздың тіршілігінде қабылданып кеткен ырым-кәделер.
Бүгінде мүшел жасты қалай қарсы аламыз? Осы тұрғыда қала тұрғыны Биболат: «Қазақ ырымшыл халық ғой. Мүшел әркімге әрқилы келеді, біреуге жақсылық, біреуге жамандық әкеледі деп жатады. Бәлкім, солай да шығар. Биыл 49 жасымды тойлаудың орнына шаңырағымда ата-бабаларымыздың рухына дұға оқытып, садақа бердім. Өзімді сергек сезініп, жеңілдеп қалғандаймын», – десе, Айдай есімді үш баланың анасы:
– Бұрындары қазақ халқы туған күнді немесе мүшел жасты атап өтуді әдетке айналдырмаған. Мен де мүшел жасқа мән бере бермеймін. Тек отбасымда, жақындарымның арасында туған күнімді атап өтемін. Биыл Алла ғұмыр берсе, үшінші мүшел жасым. Дей тұрғанмен, әр жылдан жақсылық күтетініміз, жан-жағымыздың амандығын тілейтініміз шындық. «Әрбір жақсылық – садақа» дейді ғой, садақа берудің шектеулі күні жоқ. Сондықтан мүмкіндігінше садақа беруге, жақсылық жасауға тырысамын,– дейді.
Ал Сара есімді бойжеткен: «Мүшел жастан қорқамын. Кейде дүниеден өткен адамдар туралы: «биыл мүшел жаста тұр еді» дегенді жиі естуім себеп болса керек. Бәлкім, менің бұл үрейім орынсыз да шығар. Дегенмен 25 жасқа толған шағымда үйде құран оқытып, бақилық болған жақындарымның рухына құран бағыштаттым, – деді.
Мүшел жас туралы әңгімені қазақы салт-дәстүрлерді насихаттаушы Зейнеп Ахметованың айтқан мына бір сөзімен түйіндегенді жөн көрдік. «Мүшел жастың біз сырын әлі жете білмейтін құпиясы бар. Пендешілікпен байқамаймыз, тылсымға сене бермейміз. Шындап келгенде, бұл – әрбір адамның, ең алдымен, өз ар-ұятының алдында өзіне есеп беруі. Біліп істеген, білмей істеген күнәлары үшін Алладан кешірім өтініп, тәубеге келуі әрі азға да, көпке де қанағатты болып, шүкіршілік етуі деп түсінген жөн».
К.Махсұт, «Толқын» газеті.

Ұқсас ақпараттар

TALANTTAR ӘЛЕМІ — 2023

admin_mugalzhar

МЕНІҢ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕМАЛЫСЫМ

admin_mugalzhar

Сенатор Жаңа жылдың орнына Наурызды тойлауды ұсынды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.