«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ата-аналар ым-ишара тілін түсінбейді

Қоғамдағы бұл мәселе бұрыннан бар. Тек оның маңыздылығына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Бұл мына жарық дүниенің дыбысын ести алмайтын, ата-анасын, бауырларын, өмірді жақсы көретінін дауыстап айта алмайтын балалардың ата-аналарымен, қоршаған ортамен қарым-қатынасы.
Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернат-колледжінің директоры Гүлсім Шакенованың айтуынша, балалардың өз ата-аналарымен түсінісуінде қиындық туып жатады. Себебі, ата-аналар балаларының мектеп-интернатта жатып оқыған ым-ишара тілін түсіне бермейді. Ал ата-аналарға арналған мұндай оқыту курстары мемлекет тарапынан мүлдем қарастырылмаған.
Туған баласының тілін ата-анасы да түсінбесе, ендеше, оның қоғаммен тең құқылы байланыс орнатуы туралы мәселе өз алдына басы ашық күйінде қалып отырғаны да жасырын емес.
Гүлсім Қуанышқызы, сіз басқарып отырған мектеп интернатта бүгінгі таңда қанша бала тәрбиеленуде?
«Ақтөбе облыстық есту және көру қабілетінде бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы «мектеп-интернат-колледж» кешенінде жалпы 128 білім алушы бар, оның ішінде есту қабілеті бұзылған 102 бала бар, көру қабілеті бұзылған балалар саны – 26 бала. Сондай-ақ, 8 бала үйден оқиды.
Балаларды оқытатын мамандар жеткілікті ме?
— Мен тек облыс бойынша ғана нақты мәлімет беріп айта аламын. Біздің мектеп интернатта балаларға білім умену ілім үйрететін мамандар саны жеткілікті. Дәл қазіргі уақытта мұндай мәселе жоқ.
— Мұндай балалар қандай бағдарламамен оқытылады?
— Жалпы білім беру стандарты бойынша білім алады және арнайы білім беру бойынша.
— Елімізде сурдоаудармашыларды оқытатын білім орындары жеткілікті ме?
— Жеткілікті деп айта алмаймын. Бұл салада да өзіндік мәселелер бар.
— Бәлкім, атап айтарсыз, қандай бағыттағы мұғалімдер қажет?
— Мәселен, тифлопедагогтар және сонымен қатар есту қабілеті бұзылған балалар үшін орыс тілінде сабақ беретін математика, физика, химия бағытындағы мамандар жеткіліксіз.
— Оқушылардың ата-аналарымен ым-ишара тілінде сөйлесуінде қандай да бір мәселе бар ма?
— Оқушылардың ата-аналарымен байланысы қалыпты деңгейден төмен, себебі байланысқа түсу үшін ата-аналар ым-ишара тілін көбіне түсіне бермейді. Соның салдарынан өзара байланысқа түсу қиындық тудырады. Бұл да үлкен мәселе болып отыр. Ата-аналардың барлығы дерлік ым-ишара тілін толық меңгермеген. Оларды оқытатын арнайы курстар жоқ. Әрине, бұл бағытта арнайы курстар қажет.
— Мұндай ерекше балалар қоғаммен байланыста қандай проблемалармен бетпе-бет келеді?
— Ерекше балалар үшін қоғаммен байланыс орнатуда әрине қиындықтар бар. Қоғамдық орындарда болсын, тіпті халыққа қызмет көрсету орталықтарының өзінде адамдармен, мамандарамен қарым-қатынас орнатуда, мәселелерін жеткізуде, тіпті қарапайым сұрағына жауап алуда үлкен проблемалармен бетпе-бет келіп жатады. Олар жандарына мұғалімдерін ертіп жүрмейді ғой.
— Олар жоғарғы оқу орынында қалай білім алады? ЖОО арнайы жабдықталған бөлімдер қарастырылған ба?
— Жоқ, жоғарғы оқу орындарында мұндай мүмкіндіктер қарастырылмаған. Ал арнаулы орта кәсіптік білім беру мекемелерінде инклюзивтік білім беру бағдарламасымен оқи алады.
— Еңбекпен қамтылуы қаншалықты жолға қойылған?
— Бітіруші түлектер жұмыспен қамтамасыз етіледі.
— Сіз басшылық етіп отырған мектепте естуінің ақауы бар оқушылар қатары жыл сайын азайып келе ме немесе саны артып тұр ма?
Өкінішке орай мұндай ерекше балалар саны артып тұр, онымен қатар қосарланған диагнозбен көбейіп келеді.

Сұқбатыңызға рахмет!
Сұқбаттасқан Нұр Төкен

Ұқсас ақпараттар

НАН БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

admin_mugalzhar

Қазақстанда екі жаңа мереке пайда болады

admin_mugalzhar

134 ауыл және 6 шағын қала қатысып жатыр

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.