Мұғалжар ауданына облыстық мәслихат депутаттары және облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Р.Исаев жұмыс сапарымен келді.
Сапар аясында Ақкемер ауылында болып, жөндеуді қажет етіп тұрған дәрігерлік амбулаторияның жұмыстарымен танысты. 642 отбасы, 3287 тұрғыны бар Ақкемер ауылдық округінде өткен жылы бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
Өткен жылы Елек ауылына газ тартылса, Ақкемер ауылының кіреберіс жолы жөнделді. 2022 жылы округке қарасты Жарық ауылына газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Өткен жылы басталған орталықтандырылған ауыз су тарту жұмыстары биыл аяқталады. Ақкемер ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Алдағы уақытта ауылдық дәрігерлік амбулатория мен спорт кешенін салу жоспарлануда.
Сонымен қатар Елек ауылының кіреберіс жолын жөндеу, Көтібар батыр мен Көктөбе елді мекендеріне КБМ кешенді блок модулі ауыз су ұңғымасын (скважина) орнату жоспарланғандығы айтылып, округтің тыныс-тіршілігі таныстырылды.
Облыстық мәслихат депутаттарынан жобалық-сметалық құжаттары дайын және облыстық салалық басқармаларға ұсынылған, қаржы талап ететін жобаларға мамыр айында өтетін сессияда қолдау көрсету сұралды.