«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ШАҢЫРАҚТЫҢ ДІҢГЕГІ – АУЫЗБІРШІЛІК ПЕН СЫЙЛАСТЫҚТА

«Отбасын шағын мемлекетке теңейтініміз тегін емес. Діңгегі мығым ағаш соққан жел мен ескен құйынға төтеп береді. Сол тәрізді отбасы берік болса, сыртқы күштердің әсері ешқандай кедергі болмайды» — дейді бүгінгі біздің кейіпкерлеріміз Қалиевтер отбасы.
Талдысай ауылында өздері жас болса да елге үлгі болып жүрген Қалиевтер әулеті тұрады. Көпбалалы отбасынан шыққан ерлі-зайыптылар бүгінде өздері де 4 перзенттің ата-анасы. — Біз жолдасым екеуміз Темір ауданында техникумда оқып жүргенде таныстық. Жолдасым мал басын көбейтуұрықтандыру саласы бойынша оқу оқыса, өзім есепші мамандығын алып шықтым. Оқу бітіргеннен кейін үлкендердің ақ батасымен отбасын құруды ұйғардық. Отау құрған жылдары Қазақстанның экономикасы құлдырап тұрған кез еді, — деп сөзін әріден бастаған Гүлмира Қалиева өткен сәттерді біресе күліп, біресе көңілі босап еске алды.
— Өзіміз көп балалы жанұядан шыққанбыз. Жалпы көпбалалы отбасында өскен балалар өте бауырмал, жанашыр болып келеді. Аллаға шүкір, 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Олардан 7 немере 1 жиен көріп отырмыз, әзірге (күліп). Баламның алды ерте үйленіп, үйлі болды. 37 жасымда ене, 38 жасымда әже атандым. Ол кезде өзімді әже сезінбейтін едім. Мүмкін жас болғаннан болар деп ойлайтынмын. Үлкен немерем қолымда 4-сыныпқа дейін оқыды. Кейін балаларға ауылда жұмыс болмаған соң, қалаға қоныс аударды. Өздері еңбектеніп, біздерден әрқашан ақыл сұрап, үй соғып, қазір сол жақта бір шаңырақ болып отырған жайлары бар. Кенже қызымыз мектеп оқушысы. Кейіпкеріміз 14 жылдан бері мәдениет саласында еңбек етіп келеді. Отағасы Ақылбек Қалиев мәдениет үйінде маусымдық жылу операторы қызметінде. Жаз күндері мал шаруашылығымен айналысады. — Жалпы жұмыссыз жатпайтын еңбекқор жанның жарымын десем де болады. 14 жылдың артында да бірнеше жерде жұмыс жасап, біраз қиындықты да көрдік. Жалпы бала тәрбиесінде бірде жоқтықты, бірде тоқтықты көрсетіп, әр кезеңнен сабақ үйреткен дұрыс деп ойлаймыз. Әйтпесе, балаларда тегін және жеңіл келген нәрсеге құмарлық, әуестік пайда болып, өршіп кетуі мүмкін. Оны дер кезінде қолға алып, дұрыс бағытқа сілтеп жіберу қажет, — дейді көпбалалы ана.
Қазір ауылдағы қара шаңырақта отырғанын айтқан Гүлмира Қалиева балалары қалаға тұруға шақырғанмен, отағасының жылы орнын суытқысы келмейтінін жеткізді.
— Балалармен бірге тұрмасақ та, әрқашан кездесіп тұрамыз, тіпті сағынып та үлгермейміз. Себебі әрбір мейрам, атаулы күндер, туған күндерде жиналып, бас қосу қалыптасқан дәстүріміз іспетті. 8 наурызда ер азаматтарымыз әулеттегі қыз-келіншектер мен құдағиларымызбен қоса құттықтап, арнайы дастарқан жайып, қонақ қылады. Бұл, әрине, отбасындағы әйел адамдардың ауызбіршілігі деп ойлаймын. Құдай берген екі келінім бар. Тіл көзім — тасқа, олармен әрқашан мақтанып отырамын. «Менің қос қанатым» деп еркелетіп, сырласып, сыйласып жүргенге не жетсін! Кейде жұмыс деп бір-бірімізге көңіл бөлмей қалып жатамыз. Сол кездердің орнын толтыру үшін атасы екеуміз немерелерімізді жинап, тарихи орындарға, мұражайларға бірге барып, аралап, рухани азық та жинап қайтамыз. Осының барлығы мен үшін отбасының асыл құндылығы, алтын заңы дер едім. Жас отбасылар кез келген мәселе болсын, реніш болсын, бір-бірін түсінуге тырысып, балалардың көзінше осы мәселелер бойынша жанжалдасудан аулақ болуы қажет, — деді Гүлмира Қалиева берік отбасы болудың азғантай құпиясымен бөлісіп.
Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

УВЕКОВЕЧИЛИ ПАМЯТЬ ВРАЧА

admin_mugalzhar

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды бақылаудың жаңа элементтері енгізілуде

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚҚА КЕЛІН БОЛҒАН ОРЫС ҚЫЗЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.