«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«МЕН-ӘЛИЯМЫН!» ФОРУМЫНА МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ТӨРТ ӘЛИЯ ҚАТЫСТЫ

Әлия есімі бүгінде ел ішінде ерекше ардақталады. Қазақстан бойынша 70 мыңнан астам азаматшаға берілген бұл есім – батырлықтың, қайсарлықтың, отансүйгіштіктің символына айналған. Оның ішінде 4 мыңға жуығы – Ақтөбе облысының тұрғындары.
Кеңес Одағының Батыры, ержүрек мерген қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы аясында Ақтөбе қаласында «Мен – Әлиямын!» атты ерекше мазмұндағы форум ұйымдастырылды. Батыр қызбен аттас 300-ге жуық нәзік жанды біріктірген бұл жиын – ерлікке тағзым, есімнің мәңгілігін паш ету, ұрпаққа өнеге көрсету мақсатында өтті.
Жиынға қатысушылардың дені – дәрігер, мұғалім, спорт және өнер саласының үздіктері. Қатысушылар арасында батырдың туған күнінде дүниеге келген 4 Әлия және «Ілия» есімімен тіркелген, бейресми түрде Әлия деп аталатын жандар да болды.
Форум аясында ерекше жетістікке жеткен Әлияларға құрмет көрсетіліп, туған күні батырмен сәйкес келетіндерге гүл шоқтары ұсынылды. Ал форум алдында қатысушылар Әлия Молдағұлованың ескерткішіне гүл қойып, ерлігіне тағзым етті.
Осы рухани маңызы зор шараға Мұғалжар ауданынан да төрт Әлия есімді азаматша қатысып, аудан абыройын асқақтатты. Олар – өз салаларында табысқа жетіп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жерлестер. Олардың қатарында Ақтөбе облысы Мүгедектер Қоғамы Қоғамдық Бірлестігінің Мұғалжар аудандық филиалының төрайымы, аудан әкімінің мүгедектер мәселесі бойынша кеңесшісі Әлия Омарова да бар. Ол 18 жылдан астам уақыт мүгедектігі бар азаматтарға тегін және жеңілдікпен массаж қызметін ұсынып келеді. 2021 және 2022 жылдары «Үздік кең ауқымды массажист» премиясының иегері. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек көрсетіп, арнайы құралдар (арба, балдақ, т.б.) таратумен айналысады.
Жерлес екінші Әлия Казиева – заңгер, кәсіби медиатор. 22 жылдық еңбек өтілі бар ол Ақтөбе облыстық Заң кеңесшілері палатасының мүшесі, «КЕЛІСУ» кәсіби медиаторлар орталығының облыстық және республикалық өкілдігінің директоры. Қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтау ісінде белсенді.
Форум аясында оның ел ішіндегі құқықтық сауаттылықты арттыруға, медиация саласының дамуына қосқан үлесі ерекше аталып, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Ал тағы бір жерлесіміз Әлия Салқымбаева – Мұғалжар аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры. Мәдениет саласының үздігі, кітапхана ісін дамытуға қосқан еңбегі үшін «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталған. Егіндібұлақ ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әлия Жолмағамбетова болса, 20 жылдан астам уақыт бойы ауыл тұрғындарын рухани байытуға қызмет етіп келеді. Ауыл кітапханасының дамуына аянбай еңбек сіңіріп жүрген жан.

Ұқсас ақпараттар

ӨЗЕННІҢ ТАРТЫЛУЫ – ӨЗЕКТІ

admin_mugalzhar

ЖҰРЫН: БАСТАУЫШ ПАРТИЯ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

Биыл Ақтөбе облысында 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.