«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САУДАНЫ КӘСІП ЕТКЕН – ГҮЛШАТ

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқырау кезеңінде кәсiпорындар мен ұйымдардың жаппай жабылуы және өндірістің құлдырауы салдарынан жұмыссыздық деңгейі өсті. Сондай қиын сәттерде нәзік жандылардың көбісі бала-шаға қамы үшін ала дорбаны арқалап, базар жағалап, сауданы кәсіп етті. Саудагер — нарықтың басты сұранысына айналды. Сол кезде сауданы серік етіп, күні бүгінгі дейін сол салада еңбек етіп жүрген жандардың бірі — «Бәйтерек» дүкендер желісінің иесі, ембілік кәсіпкер Гүлшат ЕРҒАЛИЕВА.
Тұрмысқа ерте шығып, еңбекке етене араласқан Гүлшат Жеделбайқызы саудамен 2000- шы жылдардың басында айналыса бастайды. Алғашында базарда отырып, азын-аулақ киім сатыпты. Кейін кәсібін кеңейтіп, 2006 жылы азық-түлік сататын шағын дүкен ашады.
-Біз жолдасымыз екеуміз 1997 жылы бас қостық. Ол кезде біз түгілі еліміздің жағдайы мәз емес еді. Жас болдық, студент едік. Кішкентайларымыз бірінен соң бірі дүниеге келді. Біздің мақсатымыз осы балаларымызды ештеңеден тарықтырмай жеткізу болды. Жалпы жұмыстың қайқайсысының да қиындығы болады. Сауда жасау оңай емес. Бас кезінде өзіміз жүріп, көтерме бағамен сататын дүкендерді аралап, тауар алатынбыз. Қай нәрсе де еңбекпен келеді. Қол қусырып отырған адам ешқашан пайдаға кенеле алмайды. Қиындық туғанда мойымай, алға ұмтыла беру қажет. Қиындықтар болды, бірақ біз мойымадық. 2011 жылы дайын дүкен сатып алып, кәсібімізді үлкейттік. Бүгінде жұмысымыз біршама жеңілдеді. Дүкенге қажетті заттардың барлығын фирма өкілдері өздері жеткізіп береді, — деді ол.
Кейіпкеріміз Гүлшат Жеделбайқызы адам өмірін сәнді де салтанатты, мәнді де мағыналы ететін құндылықтың еңбек екенін жақсы біледі. 2017 жылы кәсібін одан әрі кеңейту үшін барлық отбасыларға арналған арзандатылған бағамен киімдер сататын дүкен ашады. Бүгінде өзінен бөлек 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Гүлшат алдағы уақытта азық-түлік дүкенін үлкейтіп, шағын супер маркет ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ал өмірлік жары Дәурен Ерғалиев теміржол саласында елеулі еңбек етіп жүрген теміржолшы, 27 жылдан астам уақыт вагон қараушы болып жұмыс жасап келеді. Екеуі бес бала тәрбиелеп отыр-ған үлгілі отбасы.
— Үлкен үш балам мектепті «Алтын белгіге» аяқтады. Үлкен қызым Ақгүл жоғары оқу орнын және магистратураны үздік бітіріп, психолог болып жұмыс жасайды. Тұрмысқа шықты, бүгінде немере сүйіп отырған жайымыз бар. Ал екінші ұлым Бекнұр медицина саласында оқып жүр. Болашақта білікті хирург болуды көздейді. Ал үшінші қызым Ақнұр биыл Алматы қаласында ағылшын тілі бойынша оқуын аяқтап, қолына диплом алады. Ал төртінші балам мектепке, кенжем балабақшаға барады, — деді кәсіпкерана. Гүлшат Ерғалиева қайырымдылық жасаудан ешқашан қашқан емес. Тұрмысы төмен отбасын көрсе, барынша көмек қолын ұсынып, демеп жіберуді өзінің азаматтық борышы деп есептейтінін айтқан ол: «Балаларым мектепте оқығандықтан үнемі мектеппен тығыз байланыста жұмыс жасаймын. Мені ата-аналар комитетінің төрайымы етіп сайлады. Бүгінде барлық халықтың жағдайы жақсы емес. Тұрмысы төмен отбасыларға шамам келгенше көмектесемін. Халықтың арқасында кәсібіміз жүріп тұрғаннан кейін, сол халықтың біріне пайдамызды тигізгіміз келеді», — деп аяқтады сөзін.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда газ қымбаттауы мүмкін

admin_mugalzhar

БІР БЕТТЕН АРТЫҚ АҚПАРАТТЫ ОҚУҒА ШЫДАМЫ ЖЕТПЕЙТІНДЕРГЕ

admin_mugalzhar

ЖОСПАР: 5500 БАЛАНЫ ЫСТЫҚ ТАМАҚПЕН ҚАМТУ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.